4 маусым 2025 жыл, Шығыс Қазақстан облыстық филиалы
Шығыс Қазақстан облысында Мемлекеттік рәміздер күні кең ауқымда аталып
өтті. Салтанатты шараға облыстық басқармалар мен мәслихат өкілдері, жастар
ұйымдары, мемлекеттік қызметшілер мен спортшылар қатысты.
Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін жаппай орындаумен
басталды.
Іс-шарадан кейін «Ақ жол» партиясы ШҚО филиалының мүшелері филиал
төрағасының орынбасары Меруерт Смағұлованың бастауымен «Қазақстан» Мемлекеттік
рәміздер тауына көтерілді.
Теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте орналасқан бұл биікте «Қазақстан» деген
алып әріптермен жазылған жазу көз тартады. Оның қасында 6x12 метр көлеміндегі
Мемлекеттік Ту желбіреп тұр. Сондай-ақ, Тудың жанында еліміздің Елтаңбасы мен
Гимні бейнеленген.
– Қазақстанның Туы – бейбіт, мызғымас, біртұтас елдің белгісі болып
желбірей берсін. Елтаңбамыз – тұрақтылық пен әділеттіліктің нышаны болсын. Ал
Гимн – әрқайсымызды Отан игілігі жолындағы игі істерге шабыттандырсын, – деді
Меруерт Смағұлова рухты биіктікте сөйлеген құттықтауында.
Риддерде мерекелік шараларға "Ақ жол" партиясының Шығыс Қазақстан
облыстық филиалының төрағасы Қажұмхан Қайырденов де қатысты.
«Ақ жол» партиясы үшін бұл күн – елдік пен бірлікті айшықтайтын, әр азаматтың жүрегінде мақтаныш пен патриоттық сезім оятатын ерекше күн.


