07
Мамыр

Соғыс ардагерлері марапатталды

7 мамыр 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалы

«Ақ жол» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Асқар Бисқұлтанов «Ақ жол» ҚДП Президиумы мен ҚР Ұлттық индустриялық палатасы басқармасының атынан т.ғ.д., профессор Аллаярбек Айдосовқа ұзақ жылғы қажырлы еңбегі және Қазақстан экономикасының дамуына қосқан жеке үлесі үшін «Еңбегім еліме» құрмет белгісін табыстады. 


Аллаярбек Айдосов 1937 жылы 5 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы Жаныс-Қапал ауылында дүниеге келген. Айдосов Аллаярбек М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жанындағы экология және геоэкология мамандықтары бойынша ғылым докторы дәрежесін беру жөніндегі мамандандырылған диссертациялық кеңестің мүшесі. 

Оның жетекшілігімен 2 докторлық, 9 кандидаттық диссертация қорғалды. Ұзақ жылдар бойы ғылыми зерттеу жұмыстарына жетекшілік етті. Ғылыми жетекші бола жүріп, 300-ге жуық жарияланымдар, оның ішінде 5 монография, 27 кітап, 7 ғылыми баяндаманы жарыққа шығарған.

Мұнан соң «Ақ жол» партиясының Алматы қалалық филиалы ҰОС ардагері Жабатаева Дарбала Әміржанқызын Жеңіс күнімен құттықтады.


Ардагерге естелік сыйлықтарды «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Асқар Бисқұлтанов, Алматы қаласы Алмалы аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі және филиалдың Жастар қанатының жетекшісі Ханза Насурллаевтар табыс етті.

Дарбала Әміржанқызы Қостанай облысы Дудаковка ауылында дүниеге келген. Майдангер әйел 14 жасында ата-анасына ескертпестен өз еркімен соғысқа аттанғанын, өзі сияқтылардың көп болғанын атап өтті.

1943 жылы байланысшы курсынан кейін Беларусь майданына жіберілді. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Әскери қызметі үшін», «Беларусьті азат еткені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Тың жерлерді игеру үшін» медальдарымен марапатталған. 

Ардагер 30 жылдан астам партия және кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарды. Бүгінде ол Ұлы Отан соғысына қатысқан Алматыдағы жалғыз әйел. Жақында Дарбала Жабатаева 96 жасын атап өтті.

Сондай-ақ, Алматы қалалық филиалының мүшелері 1931 жылы туған, еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Тян Алла Владимировнаны құттықтап, зор денсаулық, отбасына амандық тіледі.