Су басқан ауылдарға қайырымдылық көмек көрсетілді - Казак унi (Алматы)
Қазақстандықтардың белсенді қолдауымен жиналған алты автокөлік жүк Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға жеткізілді.
18-сәуірде «Ақ жол» ҚДП орталық кеңсесінен Қарағанды облысының бағытына табиғат апатынан зардап шеккендер үшін қайырымдылық жүгі бар алты көлік легі шықты. Жүкті Бұқар жырау ауданының көбірек зардап шеккен елді-мекендерге тікелей жеткізілді. Оны депутат К.Жазылбеков, партияның ОК хатшысы Б.Дүйсембинов, аппарат жетекшісі А.Рупатова, Қарағанды облыстық филиалының төрағасы М.Берқалиев, орталық аппарат және партия филиалының қызметкерлері бастап жүрді.
Көмек керуенінің бірінші аялдамасы Гагарин атындағы ауыл болды. Зардап шеккендердің басым бөлігі ауылдық клубта орналастырылған. Дәл сол жерде, әкімнің қатысуымен, азық-түлік, киім-кешек және тағы да басқа қажетті заттары бар көлік жүгі түсірілді. Малдарын құтқарып қалған тұрғындардың бір бөлігі сумен бөлініп, шағын аралдарда қалған. Оларға қайырымдылық жүгі қайықпен жеткізіледі, ал қалған ауыл адамдарына сол жерде тізім бойынша таратылады.
Әрі қарай көлік легі Теміртау қаласына бет алды, ол жерге жақын ауылдардан зардап шеккендер көшірілген.
Мәселен, политехникалық колледждің жатақханасына 26 адам, оның ішінде, 13 бала, кәсіптік-техникалық мектептің жатақханасына - 28, оның ішінде, 18 бала көшірілген. Жатақханалардың асханаларына оқу орындары жетекшілерінің қатысуымен ет, көкөніс, ұн, макарон, жеміс-жидек, жарма сияқты азық-түлік берілді. Зардап шеккендерге киім-кешек, өзге де қажетті заттар таратылды. Мұстафин атындағы ауылда өте қиын жағдай туындаған, онда судың астында 70 үй қалыпты. Осыған ұқсас жағдай Нұра станциясында да орын алған. Бұл кенттерде екі мыңнан астам адам көмекке мұқтаж. «Ақ жолдың» көмек керуені одан әрі дәл сол жерге бет алды. Қайырымдылық жүктің бір бөлігін үй-үйді аралау жолымен зардап шегушілердің тікелей өздеріне таратса, тағы
қалғаны ауыл орталығында ұйымдастырылған апаттық пункті арқылы бөлінді. Заттардың басым бөлігі қоғамдық «Қызыл жарты ай» орталықтарына тапсырылды, онда көмекке мұқтаж адамдар ағылып баруда. Азық-түліктер «Қызыл жарты ай» қызметкерлерінің ұсыныстары бойынша асханаға жеткізіліп, зардап шеккен тұрғындарды бір орталықтан тамақтандыру ұйымдастырылды.
Қайырымдылық жүкті тарату бойынша атқарылған шаралар таң сәріден басталып, ел жата аяқталды. «Ақжолдықтар» осы акцияға ат салысқан қайырымды адамдардың барлығына Қарағанды облысы тұрғындарының шынайы алғыстарын жеткізеді.
Қайырымдылық акциясы хабарланғаннан соң, бірнеше сағаттан кейін-ақ киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмектің түр-түрі жиналды. Ешкім аттарын атаған жоқ, көмек көрсеткендердің арасында қарапайым қазақстандықтар, қоғамдық ұйымдар болды. Жүктің бір бөлігін «Ақ жол» өз қаражатына сатып алды. Жарым түнге дейін партия аппаратының қызметкерлері жүкті сұрыптады. Көмекті жеткізуге арналған көлікті «Ақ жолдың» Қарағанды облыстық филиалы мен «Арғымақ» көліктік компаниясы ұйымдастырды.
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 16 (674), 21.04.2015