16
Қантар

Сөз қуған бәлеге ұрынады /Төлен Тлеубай/ - Жас казак (Алматы)

 
БҰЛ ЭТИКА ҚАЙ ӘДЕП?
«Біздерде мынадай-мынадай бар»... Бадан былай мемлекеттік қызметшілерге ғаламторда билікті сынап-мінеуге, біреуге боқтық сөз айтуға тыйым салынады. Үкімет мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілерде өзін-өзі ұстау этикасын жасапты. Айтпақшы, құпия құжаттың көшірмесі Forbes, lcz сайтындағы әріптестеріміздің қолына тиген. Аталған сайттың жазуынша, «Мемлекеттік органдар мен мекемелерде қызмет ететін тұлғалардың ғаламторда, соның ішінде әлеуметтік желілер мен блог-тұғырнамаларда жұмыс істеуі туралы жадындаманы» 2014 жылдың 17 қазанында Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарған Жеңіс Қасымбек өз қолымен бекітіпті. Демек, су жаңа ережені түсіндіру жұмыстарының жүріп жатқанына 3 айға жуықтады. Естуімізше, мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік мекемелер мен компаниялардың жұмысшылары жадынама мәтінін оқығаны жөнінде қолхат беріл жатқан көрінеді. Олардың арасында шікірейген шенеунік те, қарапайым қызметкер де, техниканың «құлағында ойнайтын» маман да бар. Енді әлгі жадынаманың мәтініне көз жүгіртейік. Міне, қызық! Онда кез келген Қазақстан азаматы сияқты мемлекеттік қызметшілердің заңнамамызды бұзуына тыйым салынатыны жазылған (сонда заңнаманы тек мемлекеттік қызметшілер көп бұза ма деген ой келеді). Мемлекеттік қызметшіні әлеуметтік желіде әдепке тәрбиелейтін талап тізбектелген. Мысалы, «Мемлекеттік тіл мен өзге тілдерге, сондай-ақ Қазақстан халықтарының дәстүрі мен салтына құрметпен қарау», «Лаңкестік  және порнографиялық сипаттағы, экстремистік бағыттағы ақпараттарға, фото, бейне және аудиоматериалдарға «ұнату» белгісін баспауы қажет», «Ғаламторда әңгімелескенде дауыс көтермеу», «Мемлекеттік құпия саналатын, заңды түрде қорғалатын ақпаратты жарияламау» деген шартты құптауға болады.
ШЕКТЕУГЕ БОЛМАЙДЫ
Кейбір халық қалаулысы ережемен келіспейді. Мәжілістегі «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев әлеуметтік желіде өзінің жеке парақшасы болмаса да, мемлекеттік қызметшіге ғаламторда азаматтық пікір білдіруіне тыйым салуды құптамайды.
Оның пікірінше, мемлекеттік қызметші жұмыстан кейінгі уақытта өзінің жеке өміріне құқы бар тұлға. Сондықтан бұл жерде ешкімді «мынаны істе, мынаны істеме» деп шектеуге болмайды.
 
Дерекнама - Жас казак (Алматы), № 1 (521), 16.01.2015