Тақиялы періште 80 жаста /Шынаргүл Оңашбай/ - Жас казак
Талдықорған қаласындағы Мәдениет сарайында белгілі актер Әлімғазы Райымбековтің 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Алпысыншы жылдардың соңында қазақ көрерменіне жол тартқан «Тақиялы періште» фильмінің басты кейіпкері бүгінде мерейлі сексен жасқа толып отыр. Осыған орай, Алматы облысының әкімдігі салтанатты кеш ұйымдастырып, ақсақалға сый-құрмет көрсетті. Кино өнерінің өшпес жұлдызына айналған актерді құттықтау үшін алыс-жақын аймақтан әріптес іні-бауырлары арнайы Жетісуға келіпті. Олардың қатарында көрнекті актер Байғали Есенәлиев, актриса Роза Әшірбекова, «Тақиялы періште-2» фильмінің демеушісі Ғұсман Шалабаев, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бар.
Әлімғазы Райымбеков Алматы облысына қарасты Көксу ауданының тумасы. Ауылдағы колхозда механизатор болып жұмыс істеп жүрген жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, сом тұлғалы жігіт. Ауылда өтетін күрес жарысына жиі қатысып жүретін көрінеді. Қарсыласын алып та, шалып та жығатын ол спортқа құштар болған. Жарыстан жарысқа қатысып, жеңістен жеңіске жетіп жүрген қапсағай денелі қайсар жігітті қазақ кино өнерінің тау тұлғасы Әзірбайжан Мәмбетов «Ән қанатында» атты фильмде Қажымұқан Мұңайтпасовтың рөлін сомдауға шақырады. Сөйтіп, Әлімғазы аға күтпеген жерден актер болып шыға келген. Ойламаған жерден кино өнеріндегі жұлдызды ғұмыры басталып кетеді.
Қара күштің иесі қазақтың Қажымұқанын тұңғыш рет сомдаған актер ретінде өнер тарихында осы Әлімғазы Райымбеков аты жазылып қалды. Оның бүкіл болмысы ғана емес, сол рөлді ойнауға актерлік таланты сабақтаса келіп, өзіне жүктелген міндетті сәтті алып шығуға атсалысады. Осыдан кейін актер Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильміне түсті. Бүгінгі жұрт Әлімғазы атаны сегіз қырлы, бір сырлы, ақ көңіл, анасы өзіне жар іздеп жер-көкті кезген Тайлақ образымен таниды. Актер ұзын саны 13 картинаға түскен. «Долана», «От оранған Орал», «Қан мен тер», «Дала гүлі» атты Кеңес одағындағы шынайы өмірдің кескін-келбетін боямасыз суреттейтін фильмдерде әртүрлі рөлдерді сомдаған.
Ақсақал бүгінде Гүлжауһар анамен бірге он баланы өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнегелі отбасына айналды. Жиырмаға жуық немере бірнеше шөбере тәрбиелеп отыр. Жасы сексенге келсе де, қоғамдық өмірге белсенді араласып, жастар тәрбиесіне баса көңіл аударып отырады. «Қазақтың жастары арақ ішіп кетпесе, нашақор болмаса екен» деп тілеу тілейді ол кісі үнемі. Қазақ отбасы үлгі алуы керек бір шаңырақ болса, ол осы Әлімғазы атамыздың шаңырағы. Өйткені, қарияның түтіні түзу, керегесі кең, өзгелермен терезесі тең. Сексенге толған ақсақал қоғамдық мәселемен қатар, саясатқа да араласып жүр. Соңғы бірнеше жылдан бері Әлімғазы Райымбеков «Ақ жол» партиясының мүшесі. Бұдан бөлек, облысымызда спорт саласының майталмандарын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз да бола білді. Қазіргі кезде қол күрестен әлемдік додада топ жарып жүрген Көксу ауданының азаматы Әбдуәли Тастан – осы қарияның шәкірті. Салтанатты жиында ол да өзінің ыстық ықыласы мен ақ пейілін жүректегі сөзіне сыйдырып, ұстазына құрметін көрсетті.
Кеште Әлімғазы Райымбеков туралы көрсетілген бейнесюжет актердің өмір жолын, барша болмысын ашуға тырысқан. Әртістің мінез-құлқы мен табиғаты жайлы салтанатты басқосуда сахнаға шығып, сөз алған ағайындары айтып жатты. Бұл күн ақсақалға арнап ізгі тілек пен ықылас-пейіл жауған шаттыққа толы болды. Әуелі сөз тізгінін ұстаған Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Ермек Келемсейіт облыс әкімі Амандық Баталовтың жүрекжарды тілегі мен құрметін жеткізіп, облыс басшылығы атынан ақсақалдың иығына шапан, астына ат мінгізді.
Алматы облысы басшысының ақсақал актерге арналған құрмет грамотасында «Бүгін мағыналы ғұмырыңыздың мәртебелі белесі 80 жасқа келіп отырсыз. Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. «Қарты бар ел – қазыналы ел» дегендей, сіздердей алдыңғы толқын абыз ақсақалдың бары бізді қуантады. Шаруашылықта, спортта, киноөнерінде айшықты із қалдырдыңыз. Сіз сомдаған «Тақиялы періште» фильмі шоқтығы биік классикалық туынды ретінде тарихта қалды», – делінген. Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы, мәжіліс депутаты Азат Перуашев Әлімғазы атаның қарапайым, адамгершілігі мол жан екенін айтты.
Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
– Біз көбіне кеудесін соғып мақтанбай-ақ, көп іс тындырып, ұрпақ тәрбиелеп жатқан қарапайым азаматтың қуанышымен бөлісуді ұмытып жатамыз. Ал осындай қарапайым, абзал жанның бірі Өзіңіз деп білеміз. Сіз қанша биікке шықсаңыз да, кеудеңізді кермей, қарапайымдылығыңыз бен адамгершілігіңізді жоғалтпадыңыз. Біз Сізді осы қасиетіңіз үшін ерекше сыйлаймыз. Сонымен бірге көптен бері «Ақ жол» демократиялық партиясының қатарында жүргеніңіз үшін де алғысымды білдіргім келеді. Сексен деген асуды алып, ел-жұрттың тілеуін тілеген асыл Аға, өзіңізге тек қана мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Еңбегіңіздің жемісін жеп, халқыңыздың құрметіне бөлене беріңіз, – дей келіп, 300 мың теңге ақшалай сыйлық пен құрмет грамотасын партия атынан табыс етті.
Қазақстан авторлар қоғамының төрағасы, актер Байғали Есенәлиев мерейтойда ақсақалға көрсетіліп жатқан құрмет пен қошаметке риза болғанын айтты. «Осы аз ғана уақыттың ішінде біз жан тебірентерлік керемет сәтті бастан кешіріп отырмыз, ағайын. Шынымды айтайын, көзімнен жас та тамды, кеудем жарылардай шексіз қуанышқа да бөлендім. Себебі Әлімғазы атамның 28 жастағы Тайлағын көрдім. Өзімнің алғаш осы фильмді көріп, қазақ болып туылғаныма шексіз бақытты сезінген балалық шағым көзіме елестеді. Тайлағын қастерлеп, алақанына сап аялап отырған елді көріп қуандым. Бұл болатын елдің азаматтары, мәдениет саласының қайраткерлерімен бірге осы кешке атсалысып, өзінің шын жүрегімен келіп, құрмет көрсетіп отырған көрермендерге мың да бір алғысымды білдіргім келеді», – деді ол.
Байғали Есенәлиев, актер:
– Бүгін қазақтың кең даласы, кең жүрегі, жомарт пейілінің барлығы осы екі адамның (Әлімғазы ата мен Гүлжауһар ананы айтып отыр – автор) тұла бойына сыйып тұрған сияқты.
Актер өлі болса да, тірі болса да актер. Өмірін, бойындағы бүкіл талантын берсе де, кейбір актерлердің басына Әлімғазы атамыздың тағдырын бермепті. Олар қанша таныламын десе де, Тайлақ бола алмады. Барлық актердің жары сіздің әйеліңіздей болса ғой. Гүлжауһар анамыздың ерін қызғанбауының өзі қыздарға өнеге.
Әлімғазы атаммен сөйлесіп отырғанда мен бір нәрсеге көзім жетті, «Жақсылық жасаған адам жақсы емес, жамандық жасауды білмейтін адам жақсы» деген сөз бар. Әлімғазы ата адам баласына қылдай қиянат жасауды білмейтін, жүрегі сәбидің жүрегіндей пәк адам, мен соны ұқтым. Кинода баласының рөлін ойнаймын деп жүріп, баласына айналып кеттім. Содан кейін бұл кісі қайта-қайта батасын беріп, «мынадай жүрекпен сенің жолың ашылуы керек, үлкен рөлді ойнауың керек» – деді. Аузы дуалы екен, көп кешікпей Жамбыл Жабаевтың рөлін сомдайтын болдым. Мен Әлімғазы атамның бойында өзге жұртта болмайтын, тек қазаққа тән, ата-бабаларымнан сақталып қалған дарқандықты көрдім. Ешкімге жамандық ойламайтын, адам баласына сене білетін, оған үміт артатын аңқау жүректі байқадым.
Мерейтойда осындай ақ жарма тілек толассыз ағылып жатты. «Тақиялы періште-2» фильмінің актері мен режиссері тарапынан да сый-сияпат көрсетіліп, ыстық лебіз бен орайлы әзілімен көрерменін жадыратып отырды. Қарт актер араға 48 жыл салып «Тақиялы періштенің» екінші бөліміне түсіп жатыр. Кеше қылшылдаған жас еді. Бүгін сексенге келіп, ұрпақ тәрбиелеп, жастарға үлгі болып отырған үлкен әулет. Бірақ өнердің аты – өнер. Ол жас пен кәріні талғамайды да, таңдамайды. Әлімғазы Райымбеков «Тақиялы періште-2» фильмінде де өз өнерін көрсетпек. Сексенге толған мерейлі кеште бұл фильмнен үзінді кадр да көрсетілді. Режиссердің айтуынша, фильм келесі жылы дайын болады. Сонда абыз ақсақалдың актерлік шеберлігіне тағы бір мәрте куә болармыз.
Дерекнама - Жас казак (Алматы), № 44 (565)-45 (566), 13.11.2015