11
Ақпан

Талғат Қуатбеков үш ауылда тұрғындармен кездесу өткізді

11 ақпан 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалының Жуалы ауданындағы үйлестірушісі, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Талғат Қуатбеков үш ауылда тұрғындармен кездесу өткізді.

Мыңбұлақ, Боралдай және Күреңбел ауылдық округтерінде өткен кездесулерде тұрғындар елді мекендердегі түйткілді мәселелерді қозғады.

«Жазушы Шерхан Мұртазаның әңгімесіне арқау болған Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау елді мекенінде Б.Майлин атындағы көшеге 10 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген. Жел тұрған күндері электр жарығы жиі өшеді. Тұрғындардың кездесуде осындай мәселелерді көтерді», дейді Талғат Қуатбеков.

Боралдай да түйткілді проблемалар жеткілікті. Мұнда да 10 жыл бойы көтеріліп келе жатқан мәселе бар: Көлтоған ауылында мәдениет үйі жоқ. Рысбек батыр елді мекеніне жаңадан ауызсу жүйесі тартылған, бірақ қазған жерден су шықпай қалған. Интернет байланысы өте нашар.

Күреңбел ауылдық округіне 2022 жылы табиғи газ жүйесі тартылғанымен, балабақша мен мәдениет үйі әлі күнге көмір жағып отыр.

Кездесулерде тұрғындар осындай ауыл жұртшылығына ортақ мәселелерді көтерді.