15 қаңтар 2020 жыл, «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі
«Ақ жол» демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен партия дайынған “Парламенттік оппозиция туралы” Қазақстан Республикасының Заңының жобасын талқылау өтті. Шараға мемлекеттік мекемелердің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ-ның өкілдері қатысты.
Аталмыш заң жобасы ең үздік халықаралық тәжірибе негізінде және отандық парламенттік тәжірибені ескере отырып әзірленген. Сондай-ақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымның Демократия және адам құқықтары бюросының 2013 жылғы ресми пікірінде мақұлданды. Президент Қ.Тоқаевтың парламенттік оппозиция мәртебесін орнату туралы тапсырмасын орындау мақсатында «Ақ жол» демократиялық партиясы 2013 жылы дайындалған “Парламенттік оппозиция туралы” заң жобасын пысықтау және жаңарту туралы шешім қабылдады. Фракция Президент Қ.Тоқаевтың парламенттік оппозиция мәртебесін орнату туралы тапсырмасы мәселені практикалық тұрғыдан шешуге құқықтық негіз жасады деп сенеді.
Осы заң жобасын таныстыру мақсатында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалының облыстық Кеңес Бюро мүшелері дайындаған баяндамалар ұсынылды. Талқылау барысында саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де сөз алып, қаралып отырған мәселеге қатысты өздерінің пікір, ұсыныстарын ортаға салды.
«Ақ жол» демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Асан Ануарұлы Қошмамбетов қорытынды сөз сөйлеп, отырыста көтерілген мәселелердің шешімдерін түйіндеді. Қатысушылар аталған заң жобасының заман талабына сай жазылып, дер кезінде ұсынылып отырғанын ескеріп, оны толық қолдайтындарын атап өтті.