26
Мамыр

«Тарихымыздың қасіретті кезеңі» атты дөңгелек үстел отырысын өткізді

26 мамыр 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

Алаш құндылықтарын партияның басты саяси бағыты ретінде ұстанатын ақжолдықтар үшін бұл күннің мазмұны терең. Сондықтан, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалы жыл сайын тарихи танымдық іс-шара ұйымдастырып отырады.

Филиал кеңсесінде өткен «Тарихымыздың қасіретті кезеңі» атты дөңгелек үстел отырысына Жамбыл облыстық мәслихатына бір мандаттық жүйемен сайланған депутат Дәурен Ахметжаев, партия филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова, «Халық» партиясы ЖОФ

төрайымы, облыстық  мәслихаттың депутаты Жанат Бастаубаева, партияның Жуалы ауданындық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Жәнібек Исаев және тарихшы ғалымдар мен студенттер қатысты.

Жиынның модераторы, партия филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова бүгінгі басқосудың мәні мен маңызына тоқталды. Тәуелсіздік бастауында – қазақ халқының еркіндігі мен елдігінің негізінде «Алаш» ұлттық идеясы жатқанын айта келе, қазақ елі үшін Алаштан артық идея жоқ екенін атап өтті. Тарихымыздағы ақтаңдақ із қалдырған кезеңнің қасіреті туралы, партия филиалының Жамбыл өңіріндегі Алаш идеясын қолдаған азаматтардың өмір деректері туралы жүргізген зерттеу-іздеу жұмыстары жайлы әңгімеледі.

Дөңгелек үстел отырысында Дулати университетінің «Философия және саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Дина Дүйсебайқызы тарихымыздағы қасіретті жылдардың қалдырған ақтаңдақ іздері туралы қозғай келе, «Ақ жол» партиясының Алаш қайраткерлерінің еңбегін жаңғырту бағытында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Ақжолдықтардың нық ұстанымы мен ұлты үшін құрбан болған тұлғаларды дәріптеудегі өлшеусіз еңбектеріне ризашылығын жеткізді.

«Тарих» кафедрасының тарих магистрі, аға оқытушы Айнұр Көбесова өз сөзінде репресссия кезеңі мен ашаршылық жылдары туралы көптеген деректер келтірді. Өткен ғасырдың 60 жылдарындағы «өзгеше ойлаушыларды» қудалау кезеңі жайлы әңгімелеп, тарихшы Ермұхан Бекмахановтың өмірі мен еңбектеріне тоқталды.

«Халық» партиясы ЖОФ төрайымы, облыстық  мәслихаттың депутаты Жанат Бастаубаева «Ақ жол» Демпартиясы Жамбыл облыстық филиалының жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай тағылымды іс-шара өткізіп отыратынын айта келе, ұлт зиялыларының талайлы тағдыры жайлы келелі әңгіме қозғады.

Өз кезегінде Жуалы аудандық мәслихатының депутаты Жәнібек Исаев бүгінгі іс-шараның маңызына тоқталып, ой-пікірін ортаға салды.

Дөңгелек үстел отырысын Дәурен Ахметжаев қорытындылап, «Ақ жол» партиясы – Алаш идеясын жалғастырушы екенін атап өтті. Ұлттың өткені мен бүгінін сабақтастырып, елдің болашағы жолында нық ұстаныммен, бүлдіруді емес, біріктіруді мақсат тұтқан ақжолдықтардың жұмысына тоқталды. Сөз соңын ұлт тарихы мен тағдырын шумаққа сыйғызған өлең жолдарымен түйіндеді.