29 қыркүйек 2021 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы
Ақмола облыстық филиал ел өміріндегі айтулы оқиғаларға арнап бірнеше шара ұйымдастырды. Алдымен «Қазақстан халқы тілдері күніне» орай «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты акция өткізді. Акцияның мақсаты – мемлекеттік тілдің мерейін өсіру, оның мәртебесін көтеру үшін тұрғындар арасында түсінік насихат жұмыстарын ұйымдастыру.
Тілдер мерекесі күні жергілікті «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, арнайы буклеттер жасап, Көкшетау қаласының орталық алаңында, қалалық саябақта, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде және Зеренді ауданы орталығындағы орта білім ошақтарында таратты. Бұл ақпараттық парақша арнайы түрлі-түсті бояумен безендіріліп, ұлы адамдардың даналық сөздері жазылды. Буклеттерді халық көп шоғырланған жерлерде тарата отырып, қосымша сауалнамалар жүргізді. Қазақ тілін білу деңгейіне назар аударып, мемлекеттік тілді білу барлық азаматтар үшін міндеттілігі айтылды.
Бүгінгі күні басқа этностарды былай қойып, өз қазағымыздың өзі ана тілін шұбарлап сөйлеп жүргенін несіне жасырамыз. Әсіресе, солтүстік өңірлерді мемлекеттік тіл мәселесі аса өзекті дер едік. Осы орайда бұл насихат шарасы көптің көңілінен шықты.
Ең бастысы, «Ақ жол» партиясы кешегі ұлы Алаш қайраткерлерінің мұрагері саналатын саяси ұйым екендігі, ұлттық мәселе ең келелі мақсат екені жан-жақты баяндалды. Бұл шараға қатысып, үн қосқан адамдар да «Ақ жол» партиясының бастамасына қолдау білдіріп, өздерінің өткен сайлауда дауыс бергендерін де жеткізіп жатты. Жалпы, шара ұйымдасқан түрде өтті. Алда тағы осындай шаралар ұйымдастыру көзделеді.