15
Желтоқсан

Өткен байқау қорытындыланды - Казак унi

Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Орталық кеңсесінде «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауының қорытындысын шығарып, жеңімпаздарын анықтауға арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Байқау төрт номинация: бірінші – «Алаш» қозғалысы идеяларының мемлекет құрылысындағы, демократиялық құндылықтардағы және қазіргі Қазақстан қоғамының еуропалық жолды таңдаудағы сабақтастығы»; екінші - «Алаш қозғалысы көшбасшыларының еңбектеріндегі экономикалық көзқарастарының өзектілігі, қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың мәселелері және осы идеяларды қазіргі заманғы Қазақстанда дамыту»; үшінші - «Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер»; төртінші, арнайы номинация – Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Алаш және Қазақ хандығы» тақырыптары бойынша қорытындыланып, жарыс жеңімпаздары анықталды.
Конференцияны Ақ жол» ҚДП төрағасы, Партияның Парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев кіріспе сөзбен ашып, байқаудың алашшыл азаматтар үшін ерекше мерзімде 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен Екінші жалпықазақ съезінде құрылған Ұлттық кеңес, яғни, қазақтың алғашқы заманауи үкіметінің – Алашорданың дүниеге келуін рәсімдеген тарихи съезінің ашылған күнінің алдында өтіп отырғанын айрықша атап өтті. Соған байланысты партияның аймақтардағы филиалдары желтоқсанның 5-13 аралығында «Алаш» апталығын өткізеді. Апталық аясында Алаш зиялыларының өмірі мен атқарған қоғамдық-саяси, мемлекеттік, шығармашылық жұмыстары жұртшылыққа, әсіресе жас ұрпаққа кеңінен насихатталады. Партия төрағасы «Ақ жол» демократиялық партиясының 2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі Бағдарламасының» қабылданып, оның Жол картасы сияқты қызмет етіп, 2015 жылға белгіленген бағыт-бағдарлардың негізінен жүзеге асқанын хабарлады. Ал Бағдарламаның діңгегін - 2016 жылы туғанына 150 жыл толатын «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы әрі саяси жетекшісі Әлихан Бөкейханды және 2017 жылы құрылғанына 100 жыл толатын «Алаш» қозғалысын лайықты ұлықтау бойынша жасалған нақты ұсыныстар құрайтынын, жалпы алған бағыттың дұрыстығын қараша айында Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО-ның мерейтойлар тізіміне енуінің айғақтай түскенін атап өтті.
Қазылар алқасының шешімімен «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауының 1-ші номинациясы бойынша екі жұмыс бас бәйгені бөлісті. Олар: Алмас Жүнісбаевтың - «Қазақ медициналық институтын құрудағы Санжар Асфендияровтың орны мен рөлі» және Алма Сайлауқызының - «Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан және демократиялық құндылықтар» атты зерттеу еңбектері. 2-ші номинация бойынша Шахкарим Садвокасовтың - «Алаш азаматы Ә. Ермековтің қазақ өлкесінің территориясы мен шекарасын анықтаудағы рөлі», 3-ші номинацацияда Елдос Тоқтарбайдың - «Алаш қайраткерлері және олардың сенімді серіктері» атты жұмыстары бірінші орынды иеленді. 4-ші арнайы номинаңия бойынша Назгүл Бердіқожаның «Сартай батыр туралы тарихи деректер» атты еңбегі бас бәйгеге лайық деп танылды. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев жеңімпаздарға 250 мың теңгеден сыйақы тапсырды, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының грамоталарымен марапаттады.
Конференция аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының қолдауымен шығарылған Қазақстан тарихшылар қауымдастығының Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне арналған естелік медалімен марапаттау рәсімі өткізілді. Онымен биылғы жылы ұлттық тарихымызды ұлықтауға және және қазақ елі азаматтарының патриоттық сезімдерін арттыруға елеулі үлесін қосқан ЕҰУ-нің профессорлары: журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім, экономика ғылымдарының докторы Мырзакелді Кемел, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлов, «Кәусар» танымдық орталығының жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай, Халықаралық Түркі академиясының ғалым-хатшысы, ф.ғ.д. Амантай Шәріп, ҚР Ұлттық мұрағатының бас директоры, т.ғ.д. Марат Әбсеметов, ЕҰУ-нің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, PhD Сұлтанхан Жүсіп, осы Алаш институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Қайырбек Кемеңгер, жазушы-драматург Өтен Ахмет, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткер Серік Тұрғынбекұлы, жазушы, өлкетанушы ғалым Тоғанбай Құлманұлы, «Қазақ-Беларус» голографиясы» бірлескен кәсіпорыны жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Әмірхан Орынбаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Асылболат Ысмағұлов тағы басқалар марапатталды. Оларға, Жалпыұлттық Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, конференцияға қатысқан басқа да алаштанушы ғалымдарға, студенттерге, партия белсенділеріне, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдеріне «Ақ жол» партиясының жыл сайынғы дәстүріне айналған Жалпыұлттық байқауының қорытындыларын негізге алып шығарып жатқан «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» сериялы ғылыми жинағының баспадан жаңа ғана шыққан үшінші кітабы сыйға тартылды.
 
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 49 (673), 07.12.2015