04
Қараша

Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штаб Жамбыл облысына барды

https://t.me/toqaev2022/640

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері зиялы қауыммен, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен, педагогтармен, студенттермен және Жамбыл облысының көпбалалы аналарымен бірқатар кездесу өткізді.


Мәселен, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен болған кездесуде Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Ерлан Қошанов бүгінде кез келген қоғамды дамытудың басты шарты келісім екенін атап өтті.

«Адамдар бір-бірін тыңдаудан, түсінуден қалатын болса, бұл күрделі мәселенің бастауына айналады. Мұның неге әкеліп соғатынын әр түрлі елдердегі жағдайлардан көріп отырмыз. Этникалық тегіне қарамастан, еліміздің әрбір азаматына Конституциямен тең мүмкіндікке кепілдік беріледі. Бұл – болашақта да бұлжымайтын қағида», – деді Ерлан Қошанов.

Бүгінде Қазақстанда 130 этнос тұрады. Жамбыл облысында 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.


Бұдан соң, РҚШ мүшелері өңірдегі жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамымен, студенттер қауымымен кандидаттың сайлауалды бағдарламасының білім және ғылым саласындағы басымдықтарын талқылады. М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен осы кездесуге 500-ге жуық адам қатысты.

Ардагерлермен және зиялы қауым өкілдерімен кездесуде РҚШ мүшелері сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан мәдениет пен өнерді қолдау шараларына баса назар аударды.

Осы күні өңірдің көпбалалы аналарымен кездесу өтіп, оның барысында кандидаттың әлеуметтік саладағы саясатының негізгі басымдықтары талқыланды.