08
Қараша

Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Солтүстік Қазақстанның шаруаларымен кездесті

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.

Штаб мүшелері «Петерфельд Агро» өндіріс базасында солтүстікқазақстандық шаруалармен және ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен кездесті. Іс-шара барысында кандидаттың сайлау алдындағы бағдарламасында көрсетілген алдағы жеті жылда ауыл шаруашылығын дамытуға арналған шаралар талқыланды.


«Соңғы үш жарым жылда Қазақстан ауыр сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Пандемия, қасіретті қаңтар оқиғасы, бүгінгі геосаяси ахуал еліміздің дамуына өз салдарын тигізді. Соған қарамастан біз Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекеттілігімізді нығайтып, бірлігімізді арттыра түстік. Қазіргі таңда еліміз жаңа Әділетті Қазақстан құру жолындағы тарихи кезеңге қадам басып отыр», – деді Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ РҚШ мүшелері Бескөл ауылында жұртшылықпен кездесіп, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі сайлау алдындағы бастамаларды талқылады.

Петропавл қаласындағы Kozybayev University университетінде өткен жастармен кездесуде Штаб мүшелері еліміздің барлық жас азаматын өз қабілетін толық жүзеге асыруы үшін әлеуметтік-экономикалық тең мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге қатысты сайлау алдындағы бастамаға назар аударды.

Сонымен қатар Тоқаевтың жақтастары С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада жергілікті сарапшылармен кездесті. Кездесуде кандидаттың азаматтардың құқықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға қатысты басымдықтары талқыланды.

Одан бөлек, қағаз өнімдерін өндіретін «Raduga KDR» компаниясының және «Alageum Electric» электротехникалық зауытының ұжымдарымен кездесулер өтті. Бұл іс-шараларда Штаб мүшелері сайлау алдындағы бағдарламада айтылған қауіпсіз еңбек ортасын құру және еңбек заңнамасын ырықтандыру мәселелерін түсіндірді.