20
Ақпан

Түркістан облыстық мәслихатының кезекті сессиясында 13 мәселе қаралды

20 ақпан 2025 жыл, Түркістан облыстық филиалы

2025 жылғы 19 ақпан күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он бесінші сессиясы өтті. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларға тоқталып өтті. Сонымен қатар облыс әкімі өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Құрмет грамотасын табыстады.

Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына «Ақ жол» партиясының өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары Сұлтан Көшенов,  Ержан Үсентаев, Қанат Нышанов, Жамшидбек Туламетов қатысты. 

Күн тәртібінде 13 мәселе қаралды. Олардың бірқатарына тоқталсақ, Түркістан облысындағы кеден бекеттерінің жұмысы және облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өзекті мәселелері туралы, облыс әкімдігінің жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөнінде баяндамалар жасалды.

Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасы мен Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасы басшыларының есебі тыңдалды.

Басқосуда депутаттар пікір білдіріп, шешім жобаларына өз ұсыныстарын енгізді. Күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелердің бірі «Түркістан облысының басқару схемасына» өзгерістер мен толықтыру енгізу бойынша шешім қабылданды. Одан бөлек, кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді. Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.