10
Қараша

Тұңғыш рет қазақ делегациясы ішінде шет елде «Ақ жол» партиясы қазақ тілінде сөйледі

 «Ақ жол» партиясы делегациясының Қытайға сапары Қазақтың Тәуелсіз мемлекеті тарихында ерекше оқиға болды. Тұңғыш рет шетелге шыққанда Қазақстанның саяси деңгейінде «Ақ жол» партиясы делегациясы басшысы, Қазақстанның Демократиялық «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қытайда жоғары дәрежелі саяси кездесуде қазақ тілінде сөйледі.
         2014 жылдың 23-інен 26 қазаны аралығында Қытай Халық Республикасы Қытай Коммунистік компартиясы Орталық комитеті Халықаралық бөлімінің шақыруымен «Ақ жол» партиясы делегациясының Қытай Халық Республикасына сапары болды. Қазақстан мен Қытай мемлекетінің арасындағы ынтымақтастықты, экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға жол ашқан маңызы зор шараға «Ақ жол» партиясы төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Парламенттегі «Ақ жол» фракциясының жетекшісі, Қазақ ұлттық индустриалдық палатасының президенті Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газеті президенті, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қазыбек Иса, «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесі хатшысы Әбдіразақ Сұлтанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясы мүшелері Нұрлан Жазылбеков пен Талғат Ерғалиев, Партияның Орталық Кеңесі Президиумы мүшесі, «Саяси зерттеулер» институты директоры Бөріхан Нұрмұхамедов, «Ақ жол» партиясы Орталық аппараты шетелдермен байланыс департаменті директоры Әсем Аққожа және Маңғыстау облысындағы қытай кәсіпкерлерімен біріккен кәсіпорын «Казпремсервис» компаниясы басшысы Зәмир Теміртасов және т.б. қатысты. «Ақ жол» партиясының басшылық құрамынан және аймақтық филиалдарының басшылығынан, Парламенттегі фракция депутаттарынан құрылған делегацияны партия төрағасы Азат Перуашев басқарды.
«Ақ жол» партиясы делега­циясының Қытай Халық Республикасына сапары Қазақтың Тәуелсіз мемлекеті тарихында ерекше оқиға – «Ақ жол» партиясы делегациясы басшысы, Қазақстанның Демократиялық «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Перуашев Қытайда жоғары дәрежелі саяси кездесуде Халық өкілдерінің Жалпықытайлық жиналысы тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Алекен Еминбахэ мырзамен әңгімесін Тәуелсіз Қазақстан республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінде жүргізді.
Аудармашының қатты қи­налып кетуіне байланысты әң­гімесінің аяғындағы жартысын орыс тілінде жалғастырған Азат Тұрлыбекұлы бұл өте маңызды да мемлекеттік мәселенің күн тәртібіне қатты қойылуына көңіл аударды. «Бұл мәселеде Тәуелсіз Қазақ елі мен Қытай арасындағы келіссөзде үшінші ел – Ресейдің мемлекеттік тілінің не қатысы бар? Мүмкін, бұл мәселеде біздің де кінәміз аз емес шығар? Бұдан кейін біз, «Ақ жол» партиясы, кез келген шет елге шыққанда тек қазақ тілінен тікелей шет тіліне, мысалы, сіздердің ел жағдайында, қытай тіліне тікелей қазақ тілінен аударатын өз аудармашыларымызды алып шығамыз»  деп мәлімдеді. «Ол үшін бізде аудармашылар жеткілікті, Қазақстанға Қытайдан келген отандастарымызбен бірге, Қытай елінде, Бейжіңде, Шанхайда, т.б. ірі қалаларында да, әлемнің әр елінде жетекші жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақ студенттерінің өзі де жеткілікті» деп түйіндеді. Сонымен қатар, Азат Тұрлыбекұлы қазіргі жағдайдағы ғаламшарлық мәселелерді, соған байланысты екі ел арасындағы кәсіпкерлік салалардың тығыз дамуын және бұның екі елдің Тәуелсіздігі мен ішкі саясатына әсер етпеуін сөз етті.
Кездесу барысында инвест-жо­баларды жүзеге асыру аясын­дағы өзара виза­лық ре­жимді жақсарту қажеттігі, трансшекаралық өзендерді қолдану проблемасы, Қазақстанның мұнай-газ секто­рындағы қытайлық инвесторлар қызметінде қазақстандық компаниялардың мүдделерін ескеру мәселелері, қазақстандық экономиканың Кедендік одақ және ЕАЭО аясындағы ерекшеліктері, 2008 жылғы Бейжіңде Олимпиада өткізудің табысты тәжірибесі және 2010 жылғы Шанхайдағы ЭКСПО көрмесі, Гонконгтағы жағдай сияқты бірқатар маңызды тақырыптар көтерілді. Депутат А.Перуашевтың Президент Н.Назарбаевтың шет ел инвесторлары Кеңесінің жазғы отырысында айтқан инвестицияны қорғау бойынша Қазақстанның жаңа шаралары жайындағы, сонымен қатар, дамудың ҮИИМДБ индустрияландыру бағдарламасы аясында кәсіпорындарға көрсетілетін преференциялар туралы ақпараты жергілікті бизнес өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырды.
Бейжіңнен кейін «Ақ жол» партиясының делегациясы ҚХР-ның солтүстік бөлігіндегі ірі өнер­кәсіптік орталық болып та­былатын Қытайдың рес­пуб­ликалық дәрежедегі төрт ірі қаласының бірі – Тяньжин қала­сында болды. Қала ел астанасы Бейжіңнен 200 шақырым шамасында көрінеді. Оған өте жылдам жүретін пойызбен 29 минутта жетеді екен. «Ақжолдықтар» ҚХР Тяньжин қалалық комитетінің басшылығымен кездесті, сондай-ақ экологиялық технология компаниясында болып, Хайка өзені бойында әсем қала көркімен танысты.
Қазақстандық демократтар­дың көшбасшысы Азат Перуашев қытайлық компанияларды Қазақстан мұнай-газ секторына ғана емес, сонымен бірге өңдеуші салаларға да ақша салуды ұсынды. Бұған байланысты, бизнесмендер тобымен ҚР жеңіл өнеркәсібіне инвестициялар тартудың перспективалары талқыланды.
Ежелден тарихи араласуы зор екі елдің өз арасындағы бағзы байланыс Ұлы Жібек жолы­мен басталатыны анық. Осыны сөз еткен «Ақ жол» партия­сы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың руханият сала­сындағы әңгімесінен кейін «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газеті президенті, ақын Қазыбек Иса екі елдің кәсіпкерлігімен бірге рухани-мәдени байланысының да маңызы зор екенін айтып, сол жерде дүниеге келген «Қытай жерінде» атты жырын оқып беріп, қытайлықтардың ықыласына бөленді.
Осы сапардың аясында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Жазылбеков Шанхай қаласында Қытай Халық Республикасында оқып жүрген қазақстандық студенттермен кездесу өткізді. Кездесу барысында ҚР Консулдығында депутат Парламент фракциясы­ның заң шығарушылық қызметін, азаматтар өтініштерімен, де­путаттық сауалдармен жұмыс­тың кейбір нәтижелері туралы айтты. Сондай-ақ, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сапар соңында, Азат Перуашев Қытай компартиясының орталық комитеті Халықаралық бөлімінің басшылығын және Қытайдың іскер топтарының өкілдерін ынтымақтастықты жалғастыру үшін Қазақстанға іс-сапармен келуге шақырды. Екі ел арасындағы осындай тығыз қарым-қатынас қос мемлекеттің де экономикалық тұрғыдан дамуына ерекше ықпал ететіні сөзсіз. Ал, бұл тұрғыда алдағы уақытта да «Ақжолдықтарды» ауқымды істердің күтіп тұрғандығы белгілі.
Сонымен бірге, Қытай халық республикасында мәдени шараларға да көңіл бөлінді. Қазақ делегациясының ең әсерлі сәті Әлемнің жеті кереметінің бірі – Ұлы Қытай қорғанына шығып, батыр бабалар тарихына көз салу, әлемге әйгілі «Бейжің» операсын тыңдау, Император сарайын аралау болды. Жалпы, Қазақстанның Демократиялық «Ақ жол» партиясы делегациясының Қытай Халық Республикасына сапары Қазақтың Тәуелсіз мемлекетінің бүгінгі деңгейін көрсетті деуге болады.
Ежелден көршілес екі ел байланысы алда да арта беретіні сөзсіз.
 Қ.Жарылқасынұлы
 
ҚЫТАЙ САПАРЫ
 
Талай елдер тарихта қалды аңызбен,
Аман қалған бақытты бар ма бізден…
Ұлы Қытай жеріне біз де келдік,
Бабалардан баяғы қалған ізбен…
 
Беталысы алапат, дұрыс, мығым,
Бейжің десе, баса алар кім ыстығын…
Құмырсқадай құжынап жүрген халық
Құмырсқадай еңбекпен құрыш бүгін…
 
Түйе берген қазаққа түйме берер,
Алып халық алуан күйге бөлер…
Аспанменен таласып асқақтайды,
Бабаларым бір кезде билеген ел!..
 
Тианжин тартып түнгі әсем бәденіне
Көз ала алмай қарайсың әдеміге…
Хайқа өзенде қайқайып жүзген кеме
Ертіп кетер ертегі әлеміне…
 
Қамал алып қаратқан қалаларын,
Ерлер жайлы айтады дала бәрін.
Әрқайсысы дарабоз дара дарын.
Қаншалықты зор болса, Қытай-қорған,
Сонша мықты екен ғой бабаларым…
 
Шыңғыс ханға шын құлап жатты әлемің,
Құбылай мен Мұқылай – мақтан ерім!
Есем кетті енді көп жатқа менің…
Құдіретті ел құрап құрылықта,
Ханбалықтың  қазығын қаққан едім!..
 
Арманымен адамзат алға асады,
Байланыстар қыр-сырын мәңгі ашады.
Ұлы Жібек жолымыз сол баяғы –
Ақ Жолына достықтың жалғасады!..

 Қазыбек ИСА
24 қазан 2014 жыл
Бейжің қаласы
qazaquni.kz