17 сәуір 2025 жыл, Шымкент қалалық филиалы
Шымкент қаласында өткен «Волонтерлікке қадам бас» атты шара барысында «Ақ
жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалының заңгері Данара Саранова жастарға
волонтерліктің маңыздылығы туралы айтып, белсенді азаматтық ұстаным
қалыптастыруға шақырды.
Шарада сөз сөйлеген Данара Саранова волонтерлік қызметтің тек жақсылық
жасаумен шектелмейтінін, бұл жастар үшін үлкен жетістікке жетудің алғашқы
қадамы екенін ерекше атап өтті. Ол жастарды «Ақ жол» партиясының жастар
кеңесіне қосылып, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуге шақырды.
— Волонтер болу арқылы сендер өздеріңді жаңа қырдан танып, тәжірибе жинай
аласыңдар. Әсіресе, «Ақ жол» партиясының аясында жастар болып бірлесіп,
қоғамның өзекті мәселелерін көтеруге, елдің дамуына үлес қосуға зор мүмкіндік
бар, — деді Данара Саранова.
Айта кету керек, волонтерлік — бұл тек көмек көрсету ғана емес, саяси
партияның қоғамдық өміріне белсенді араласу, шараларды ұйымдастыруға атсалысу,
ақпараттық науқандарға қатысу, кандидаттарды қолдау, әлеуметтік желілерде жұмыс
істеу, халықтың пікірін зерттеу және жастармен жұмыс жасау сынды бағыттарды
қамтиды.
Сонымен қатар, волонтерлік қызмет — саясаттың ішкі механизмдерін түсініп,
коммуникация, командалық жұмыс, шешендік өнер және азаматтық жауапкершілік
секілді дағдыларды дамытуға тамаша мүмкіндік.


