06
Маусым

Жаңашыл кандидат - ел үміті - 'ult.kz'

Ермек Есжан

06.06.2019
http://ult.kz/post/zhanashyl-kandidat-el-umiti

 

Кезектен тыс сайлаудың да ауылы алыс емес. ОСК ресми тіркеген кандидаттың барлығы аггитациялық жұмыстарға әлдеқашан кірісіп кеткен. Межелі күн 9 маусым боп қатталып, үгіт-насихат кезеңі 11 мамыр басталады деп белгіленгеннен соң, бірі облыс, бірі аудан, енді бірі ауыл аралап, бағдарламаларын түсіндіріп, халықтың мұң-мұқтажын, арыз-шағымын һәм ұсыныстарын тыңдап, ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды бақылап жүр. Сөзсіз, арнайы бағдарламалардың ішінде көрініс тапқан ұстанымдардың дені халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Сосын да көңілде үміттің сәулесі жылт етеді.

Жаңашылдықтың бәріне бой үйретіп, бір елеулі өзгерістің келе жатқанын сезген, соңсоң ілкіден бері саяси сауаты да арта түскен қалың бұқара өзінің бұл науқанның маңызды бір бөлшегі екенін ұққандай.

Асылы, болашаққа алаңсыз қарап, бақуатты, әділетті қоғам қалыптастырып, дені сау ұрпақ тәрбиелеп, ел экономикасының өркендеуі мен әл-ауқатының жақсаруы жолында сапалы білім алып, дамыған мемлекеттің азаматы ретінде жан-жақты жетіліп, еш уайымсыз еңбек ету үшін кезектен тыс сайлаудың нәтижесі маңызды болмақ. Қарапайым халықтан бастап еліміздегі ірі бизнесмендер мен инвесторлардың көкейінде «алдағы кезеңдер қандай жаңалығымен келмек, қай үміткер таққа отырып, мемлекетке адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетеді?» деген сұрақ бар. Екіншіден, сайлау өткізу арқылы көптеген мәселенің түйіні тарқатылары анық. Үшіншіден, келер жылы халық санағы өткізіледі. Сайлау науқанының сол санақпен қабаттаспау үшін де биыл болғаны жөн-ақ. Сарапшылар да, тіс қаққан саясаткерлер де осыны айтып отыр.

«Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, биылғы сайлау расында өзгеше қалыбымен, ерек жаңалықтарымен қуантты. Соның ішіндегі ауыз толтырып айтуға тұрарлық жәйттердің бірі – алғаш рет әйел кандидаттың сайлауға түсуі. Яки, ОСК-да бұрын-соңды болмаған преценденттің тіркелуі. Жалпы, осы күнге дейін Тәуелсіз Қазақстан тарихында бірде-бір нәзік жанды президенттікке үміткер болмаған-тын.

Иә, осылайша «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс XV құрылтайы Дания Еспаеваны ресми түрде президенттікке үміткер ретінде бекітіп, тарихи қадамға барды.

Әу баста барлық үміткер өздерінің бейнебаянын көрсетіп, сайлауалды ұстанымдарын жариялады. Сондай-ақ, қатысушылардың сұрақтарына жауап берген. Құрылтай делегаттары ашық және құпия дауыс беру арқылы өз таңдауын жасады.

Дауыс беру кезінде 190 делегаттың 49,5 проценті халық қалаулысының кандидатурасын қолдады. Бірақ кандидаттың дауысы 50 пайыздан асуы керек еді. Осыдан кейін президиум мүшелері кеңесіп, екінші турды өткізбеу жөнінде шешім қабылдады. Себебі Еспаеваның басымдығы айқын болды. Делегаттар аталған шешімді бірауыздан қолдады. Сөйтіп, Дания Мәдиқызы партияның атынан президент сайлауына кандидат ретінде бекітілді. 

«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан ұсынылған Дания Еспаеваның сайлауалды тұғырнамасы: «Тұрақты даму негізі - бәсекелестік және жаппай кәсіпкерлікпен айналысу», «Ұлттық тәуелсіздік», «Жемқорлықпен күрес және офшорсыздандыру» атты негізгі үш бағыттан тұрады. Онда еліміздің ішкі және сыртқы саясаты мен әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты кандидаттың көзқарасы анық бейнеленген, сондай-ақ мемлекеттегі кезек күттірмейтін міндеттер мен басты проблемаларды шешу жолдары ұсынылған. «Біз лайықты өмір сүру үшін жаңа мүмкіндіктерді ашып, оларды кеңейтіп, осы жолда кездесетұғын кедергілерден үзілді-кесілді бас тартуымыз керек. Лайықты өмірдің кепілі – шенеуніктер емес, нарықтық экономика, демократия және әлеуметтік әділдік.

Мен бұл сайлауға халқыма және Отаныма адал қызмет ету үшін қатысып жатырмын.

Өмірді дәл осында, дәл қазір өзгертпей, жақсарта алмаймыз.

Мен осындай өзгерістердің уақыты келді деп есептеймін», - дейді ол.

Осылайша кандидат жүйелі бағдарлама әм парасатты ойлары арқылы батыл шешімдерге бара алатынын анық байқатып отыр.

«Қазақ Республикасының Тәуелсіздігін қамтамасыз ету және оның ұлттық мүдделерін қорғау – әрбір азамат үшін маңызды міндет. Тәуелсіздік – құр бос сөз емес. Бұл – біздің еліміз, жеріміз, бабаларымыздан қалған мұра, бұл – мемлекеттік тіл, бұл – біздің көпұлтты халқымыздың бірлігі», деуі де жоғарыдағы сөзімізге дәлел болатындай.

Сондай-ақ, Дания Мәдиқызы өз бағдарламасында дерті асқынған қоғамдағы өзекті мәселелерден айналып өтпейтінін көрсетіп отыр.

«Қоғамды алаңдататын және билікке наразылықты туғызатын негізгі проблемалардың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімсіздігі, сот және құқық қорғау органдарына сенімсіздік.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің маңызды құралы – билік іс-әрекетінің жариялылығы мен оның қоғам алдындағы есеп беруге міндеттілігі болмақ. «Ақ жол» партиясы журналистердің әшкерелеп беретін басылымдары үшін қудаланудан қорғалуын, әрбір мемлекеттік қызметкерінің сот тәртібінде БАҚ-да кері басылымдардың пайда болуы жағдайында өзінің абыройы мен қадір-қасиетін қорғауын қолдайды. Баспасөздың аузына құлып салуға болмайды.

Сыбайлас жемқорлықпен күресудің басты бағыты, сондай-ақ, оффшорлық аймақтар мен шетелдік банктерден миллиардық қаражаттарды Қазақстанға қайтару болмақ, бұл қаражат қара ниетті жемқорлар мен алаяқтардын халықтан ұрлаған ақшасы.

Халықаралық мамандардың есебі бойынша жемқорлар мемлекетімізден заңсыз түрде 160 млрд-тан астам ақша шығарған. Бұл ақшалардың ұрланып, Қазақстаннан кетуі себепті елдегі кейбір азаматтар жұмыс таба алмай жүр.

«Ақ жол» партиясы шенеуніктердің оффшорлық шоты туралы банктік құпиялылықтың алынып тасталып, өздері қайдан алғанын түсіндіре алмайтын ақшаның анықталуын және қайтарылуын талап етеді», - дейді батыл саясаткер.

Оның кәсіпкерлік және оны қолдау туралы мақсат-жобалары да көңілге зор үміт ұялатады. Әсіресе, кандидаттың ұсыныстарына немқұрайды қарамайтын ел тұрғындарымен қатар Қазақстанның әр өңіріндегі ірілі-ұсақты кәсіпкерлер мен компания басшылары қуанды. Сайлауалды бағдарлама олардың көпшілігін бей-жай қалдырмағаны түсінікті де.

Еспаева: «Халық әл-ауқатының негізі – тұрақты қарқынды даму, мықты жеке бизнес, адал бәсекелестік.

Мен әрдайым жеке кәсіпкерліктің, соның ішінде шағын және орта бизнесті қолдаудың, тұрақты жақтаушысы болып келдім. Бүгінгі күні Отан алдында жаһандық сын-тегеуріндер тұр, оларды еңсермей бұдан әрі даму мүмкін емес.

Мемлекет өздігінен табыс табатын, бюджетке салық төлейтін және басқаларға жұмыс беретіндерді қолдауға міндетті!», - деп, біздің пікірімізді шегелей түседі.

Күні кеше жеті адамның арасындағы жалқы үміткер Еспаеваның сайлауға қатысатыны туралы хабар Еуропарламенттің құлағына жетіп, олар президенттікке түсіп жатқан әйел кандидатқа қатысты пікірін де білдірген.

Атап өтер болсақ, Еуропарламент өкілі, Еуроодақтың либералдар мен демократтар альянсының мүшесі Ивета Григуле: «Сіз Қазақстанның миллиондаған әйелдеріне жол ашып, Республика тарихының жаңа парағын аштыңыз. Біз, Еуропарламент депутаттары, «Ақ жол» партиясының съезінен соң сіздің ұсынылуыңызды аса үлкен қызығушылықпен бақыладық. Өткен дебат пен құпия дауыс беруден кейінгі жеңісіңіз – мемлекетіңіздегі саяси тәжірибеге Еуропалық дәстүрдің енуінің тамаша үлгісі болды. Сіз өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру жолында Қазақстанның миллиондаған әйелдеріне үлкен мүмкіндіктерге жол көрсеттіңіз», - депті.

Хош, Дания Мәдиқызы - шынында президентікке әбден лайық кандидаттардың бірі. Бұл сөзімізге жоғарыда азды-көпті дәлел келтіргендей де болдық. Асыра сілтемей-ақ, анығын айттық. Енді, бар үміт сіздерде, қадірлі ағайын!