05
Қыркүйек

Жамбыл облыстық мәслихаттың депутаты Мұқанбетәлі Шалқарбеков депутаттық жұмысшы тобын бастап, Шу қаласындағы салынып жатқан жол құрылысының сапасын тексеріп қайтты

5 қыркүйек 2024 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқанбетәлі Шалқарбеков депутаттық жұмысшы тобын бастап, Шу ауданына барды.

Депутаттардан құрылған уақытша комиссия жергілікті автомобиль жолдары мен қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастырудың жайы және оларды жақсарту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын зерделеді.

Жолдар құрылысының жай-күйін зерделеуші топқа жергілікті аудандық мәслихатына «Ақ жол» партиясы атынан сайланған депутат Мақсат Сұлтанғазиев қосылды.

Депутаттар Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы көшеде салынып жатқан жол құрылысының сапасына баса көңіл бөлді.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бұл көшедегі 35 шақырым жолға 8 миллиард теңге қаржы бөлінген. Тапсырыс беруші – «Қазавтожол» мекемесі, мердігер – «Синь синь» компаниясы.

Мұқанбетәлі Жеңісұлының айтуынша, жол сапасына қатысты айтатын сын-ескертулер көп. Біріншіден, аялдамалар бұрынғы орындарынан өте алыс орын тепкен. Жаяу жүргіншілер жолы көтеріліп төселмеген. Екі шетінде бордюрлерді цементтеп отырғызбаған. Бұл – ертең көктемгі жауын-шашында жаяу жүргіншілер жолы шалшық судың астында қалады деген сөз. Ал бордюрлер нығыз орнықпағандықтан, ажырап кетуі мүмкін.

Депутаттар бұл құрылыс талаптарын өрескел бұзушылық дейді.