https://egemen.kz/article/323648-zhaponiyadan-tabylghan-alash-deregi
«Ақ жол» демократиялық партиясы мен М.Нәрікбаев атындағы ҚазҰЗУ университетінің ұжымы жапон ғалымы, Хокайдо университеті Славян-Еуразия ғылыми-зерттеу орталығының ортаазиялық зерттеулер профессоры Томохико Уямамен кездесті. Алашорда тарихының ақтаңдақ беттерін ашып көрсеткен жиында Жапония Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында сақталған құпия құжаттар сөз болды.
Бүгінде тарихшы-ғалымдар арасында Алаш автономиясы, Алаш Республикасы қандай болғаны туралы түрлі пікірлер айтылып жатыр. «Жүз жыл бұрын бабаларымыз Алаш туын көтеріп, азаттық жолын таңдады ма, әлде, ақ патшаның қарамағында өмір сүруді қалады ма?» деген сауалдардың толық жауабы осы күнге дейін берілмей келді. Томохико Уяма кездесуде Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің мұрағат қорынан тапқан бірнеше тарихи құжаттың сырымен бөлісті. Ол Алаш қайраткерлерінің Жапонияға деген қызығушылықтары, сол кездегі баспа беттерінде жарияланған Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мұхтар Әуезов секілді тұлғалардың жарияланымдарын мысалға келтірді.
«Мен өзіммен бірге алып келген тарихи құжаттар Жапон Сыртқы істер министрлігінің төменгі саяси палатасының мұрағатында сақталған. Алашорда қайраткерлерінің басым бөлігі автономды мемлекет құруға жұмыс істеген. Мысалы, «Сарыарқа» газетінде автономия құрылымы қандай болу керектігі туралы көп мақала жарияланған. Алайда деректерді оқып қарасаңыз, Алаш арыстарының автономия туралы түсінігі Ресей империясының сол кездегі түсінігінен өзгеше болғанын аңғарасыз. Аталған басылымның кейбір авторлары Ресей аумалы-төкпелі кезеңді кешкен сәтте билікті өз қолдарына алу қажеттілігі туралы да ашық жазған. Яғни Алашорда үкіметі автономия дегенді өзін-өзі басқаратын, жеке дара мемлекет ретінде қарастырған», деді жапон ғалымы.
Томохико Уяма, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы мен Райымжан Мәрсековтің Шыңжанға барған сапарын, сол арқылы да Жапониямен байланыс орнатқысы келген болуы бек мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Жапониямен байланыс орнатқан Райымжан Мәрсеков Алашорданың дербестігін мойындап, өзге елдерді де осы саяси ұстанымды қолдауға шақыруын өтінген. Бір қызығы, Мәрсеков өз сөзінде Алашорданың қызметін дербес орган ретінде сипаттап отырған. Владивостоктағы азат ету армиясының саяси департаментінің басшысы бұл үндеуге қолдау ретінде Жапонияның Сыртқы істер министріне жедел хат жазған екен. Сол хатта Мәрсековтің Владивостокта Жапония вице-консулымен әңгімелескені айтылады. Осы әңгімеде Мәрсеков Алашорданың автономия жариялағанын, келешекте көршілес елдермен қатар тәуелсіз мемлекеттер құруды жоспарлап отырғанын нақты атап өткен. Жапония вице-консулы қазақтардың қиын-қыстау жағдайына қынжылыс білдіре келіп, қару жеткізуде де қиындықтар бар екенін айтады. Тіпті қару жеткізгеннің өзінде оны Колчак үкіметі арқылы ғана бере алатындарын түсіндіреді. Ал Мәрсеков Колчак үкіметі Алашорданың тәуелсіздігін қаламайтындықтан, қару құпия түрде жеткізілуі керектігін айтады. Жапон консулы мұндайға жол жоқ екенін білдіріпті.
Жапон ғалымы тағы бір қызықты жайтты жеткізді, Жапон генштабы басшысының хатында Алашорданың тәуелсіздік жариялау туралы шешім қабылдағаны жайлы жазылған. Сонымен қатар «жапон офицерлері өз беттерімен қазақтар туралы мәліметтер жинауды әдетке айналдырған», деді жапондық ғалым Т.Уяма. «Бір капитан Иркутск қаласында Әлімхан Ермековпен кездесіп, Колчак үкіметінің ішіндегі ахуал туралы мәлімет алған. Осы жылдың мамыр айында қазақ тау-кен инженері Әлімхан Ермеков жапон тарапына қазақтардың моңғолдармен бірге тәуелсіздікті жариялауды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат береді. Сондай-ақ жуықта елші жіберіп, Моңғолия арқылы Жапониядан қару мен әскери көмек алуға ниетті екендерін де айтады», деп жалғады сөзін ғалым.
Сөз соңында, Томохико Уяма Жапония Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында табылған деректер Алашорда дәуірінің толық кескін-келбетін қалпына келтірмесе де, бірқатар маңызды сұраққа жауап беретініне баса назар аударды. Оның пікірінше, бұл архивтік құжаттар Алаш арыстарының тәуелсіздік жариялап, жеке мемлекет ретінде әрекет еткендіктерін толық айғақтайды.
Басқосуда «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев университетте өткізілген дәріс Алаштың автономия емес, республика болғанын толық дәлелдейтінін айтты.
«Кез келген қазақ үшін Алаштан артық идея жоқ. Тәуелсіз мемлекет деген не? Бұл жеке әскері, халықаралық аренада мойындалуы секілді көптеген факторлардан құралады. Тәуелсіз мемлекеттің бірнеше көрсеткіштері бар. Оның ішінде өзінің әскери күштері және де сыртқы саясаты. Райымжан Мәрсековтің Жапон үкіметіне жазған хатында «Алаштың 40-50 мың әскерді жинауға қауқары бар, бірақ оларды қару-жарақпен қамтамасыз ету керек» деп Жапон елінен көмек сұраған. Алаштанушылар тапқан деректерге қарасақ, Алаш әскері кемінде 2 бригада, 6 полкпен азаматтық соғысқа қатысқан. Яғни Алашорданың да тәуелсіз мемлекет ретінде қарулы күштері бар болғаны анық», деді партия жетекшісі.
«Ал сыртқы саясатқа келсек, Райымжан Мәрсеков Алашорда мен Жапон үкіметінің арасындағы ресми қарым-қатынасты нығайтумен қатар, Париждегі дүниежүзілік конференцияда Жапон үкіметінен Алашорданың делегациясын қолдауды сұрап, өтініш білдірген. Себебі осы конференцияда БҰҰ алғышарты саналатын Ұлттар лигасын құру туралы мәселе қарастырылған. Яғни алашордашылар Алаш республикасын әлемдік деңгейде танытудың жолын іздеген. Бүгінгі дәрістегі ерекше факті де осы. Ал Алаш арыстарының неліктен Жапониядан көмек сұрағаны
туралы мәселеге келсек, мұны пантюркизм емес, жан-жақты мемлекеттік саясаттың салдарынан туған шешім деп түсіну қажет. Себебі Алаш басшылары тек қару-жарақ емес, экономикалық және басқа да даму мәселелеріне назар аударған. Алаш арыстары өзге мемлекеттердің тәжірибесін мұқият зерттеген. Мысалы, Дания мен Швейцариядағы ауыл шаруашылығын, Германияның өндіріс саласы мен гигиена және түрлі індеттен қорғауға арналған екпелерді зерттеп, елімізде іске асыруды ұсынған. Сондай-ақ Жапониядағы ұлттық жаңғырту тәжірибесін де зерттеген. АҚШ конституциясына сүйене отырып, Қазақ елінің уставын дайындаған болатын», деген А.Перуашев бұдан былай Алаш республикасы болғанын ауыз толтырып айта алатынымызды жеткізді.
Басқосу соңында «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Алаш тарихының ақтаңдақ парағын толтырған жапон ғалымы Томохико Уяманы «Қазақ Республикасының 100 жылдығы» арнайы медалімен марапаттады.