29
Маусым

Жарылыстың жаңғырығы құлағында қалған арыстықтарға моральдық өтемақы қажет - 'abai.kz'

01.07.2019

https://abai.kz/post/93428 

Жарылыстың жаңғырығы құлағында қалған арыстықтарға моральдық өтемақы қажет. Дәл осы мәселені 'Ақ жол' партиясының төрағасы Азат Перуашев көтеріп, Үкімет басшысы мен Ұлттық банк төрағасына хат жолдады. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

А.Ұ. Маминге,

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы

Е.А. Досаевқа

 

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Құрметті Ерболат Асқарбекұлы!

2019 жылдың 26-27 маусым күндері бірқатар ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары және «Ақ жол» партиясының басшылары  Түркістан облысына барып, Арыс қаласыныңм жағдайымен танысып,  тұрғындарымен кездесті.

Эвакуацияға шығарылған тұрғындармен әңгіме барысында, Үкімет және Республиканың Ұлттық банкі деңгейінде шешілуі тиіс бірнеше жүйелі мәселелер (қала ішінде қару-жарақ қоймасын жою қажеттігінен бөлек) көтерілді.

1. Тұрғындардың айтуынша, апат барысында тұрғындарды құлақтандыру және дабыл қағу жүйесі тиісті сәтте қосылмаған.

Дабыл қала көшелерінде жарылыс болып, снарядтар құлағаннан кейін, яғни аумаққа қауіп төнгені белгілі болғанда ғана қосылыпты. Мұндай қауіп туралы жаппай хабарлама қоймада өрт басталған сәттен-ақ айтылу керек-ті.

Бізбен тілдесушілердің айтуынша, олар  қаладан шыққанға дейін не телерадио хабарлама, не дауыс зорайтқыш, не смс, не уәкілетті органдар  арқылы ешқандай эвокуация нұсқаулығын алмаған. Қаладан шыққан бос орындары бар автокөліктер сәби көтерген аналардың  өтінішіне қарамай, оларды қауіпті жағдайда қалдырған, т.б.

«Азаматтық қорғаныс туралы» заң жобасына қатысушы депутат ретінде зардап шеккендер жөніндегі ақпараттар аталған заңның көптеген нормаларының және азаматтардың қауыпсіздігін қамтамасыз ететін басқа да бірқатар талаптардың орындалмағанын көрсетеді деп есептеймін.

Мұндай уәкілетті органдардың жауапсыздығы және де басқа фактілер бойынша жан-жақты тексеріс жүргізіліп, олардың әрекеттеріне  тиісті бағасы беріле жатар деген ойдамыз.

Дегенмен де әңгімелескендердің барлығы облыс жетекшілерінің қаланы эвакуация туралы шешімі мен мемлекеттік органдардың балалар мекемелерін қаладан шығару жөніндегі шұғыл әрі нық қимылдары үшін ерекше алғыс айтады.

Сонымен қатар, апатты тоқтатқан кезде өз өмірлерін қауіпке тіккен өрт сөндірушілер мен саперлердің ерлігі мен кәсібилігіне бас иеді. Аталмыш қаһармандардың ерлігі мемлекеттік марапатқа  ұсынылуға әбден лайық деп есептейміз.

Дегенмен, егерде қоймалар қауыпсіз жерде орналасса,тұрғындардың өміріне қауіп төнбесе мұндай құрбандықтың қажеті де болмас еді. Бұл біздің отандастарымыздың ерлігіне ешбір көлеңке түсірмейді, тек, дер кезіндегі ұйымдастыру шаралары болғанда, біздің жас жігіттердің өмірімен тәуекел жасаудың кешірілмес күнә екенін көрсетеді.

2. Эвакуацияланғандардың хабарлауынша, олар бірқатар мекемелер, оның ішінде банктердің call-орталықтары тарапынан кейбір заң бұзушылыққа тап болған.

Арыс тұрғындарының қазіргі ауыр жағдайына және аймақтағы ресми төтенше жағдай режиміне қарамастан, банктердегі қызметкерлері несиелердің кезекті төлемдерін қатаң талап етуде. Төлем болмаған  жағдайда, зейнетақы немесе атаулы әлеуметтік көмек төлемін тоқтатамыз деп те сес көрсетіпті.

Мысалы, үйлері түгел қираған, онсыз да еңсесі езілген көпбалалы Байғубеновтардың отбасы ақшаны қарызға өмір сүре тұруға емес, банктің төлемін өтеу үшін алған!

Тағы бір көпбалалы отбасыға әуе компаниясы ұшақ билеттері қайтарымсыз тарифі арқылы алынғандықтан билет сомасын қайтарып беруден  бас тартыпты. Қазір жаз маусымы екенін ескерсек, бұл жағдайға басқа да арыстықтардың түсуі әбден мүмкін.

Көшірілген азаматтар жұмыс берушілердің (нақтырақ айтқанда – жершiлiктi темір жол бөлімі) Арыстан 60-80 км жырақта орналасқаны, отбасының апаттық жағдайы, жолдың жабықтығы, қалада тұруға болмайтындығы секілді жағдайларға қарамастан, жұмыстан шығарамыз деп қорқытып, жұмысқа шығу туралы талаптарын қойғанын айтты.

Осыған байланысты, Үкімет пен Ұлттық банкты екінші деңгейлі банктерге, әуе компанияларына, тасымалдаушыларға, коммуналды қызметтерге және т.б. ұйымдарға Арыста орын алған жағдайдың форс-мажорлық жағдай екендігі жөнінде ресми түсіндіруді сұраймыз.

Олай болса, банктер Арыс қаласының қарызгерлеріне төтенше жағдайдың салдары толық жойылмай несие төлемін кейінге шегеруге міндетті болады.

Әуе компаниялары және өзге де тасымалдаушылар, коммуналды қызметтер – Арыс қаласының тұрғындарына  қолданылмай қалған билеттің ақшасын қайтаруы тиіс.

«ҚТЖ» АҚ мен өзге де жұмыс берушілер көшірілген жұмыскерлерге қатысты жазалау шараларының қандай да болсын түрін алып тастап, бармаған күндерін жұмыстан қалды деп есептемеуі керек.

3. Көшірілгендермен әңгіме барысында олардың барлығының жарылыс, үрей, туыс-туғандарына деген алаңдаушылығынан ауыр психологиялық стресс алғанын байқадық. Олардың көбіне кәсіби психологтардың көмегі қажет. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде, барлық балалар тыныштық жағдайдағы тегін жазғы лагерь демалысына мұқтаж, ал кішкентайларды анасымен бірге жіберу керек.

4.  Қайғылы оқиға антропогендік сипатта болғандықтан, яғни, мұндай апатты болдырмау жауапкершілігі тиісті мемлекеттік органдарға тиесілі екенін ескеріп, жақындары үшін жан-азабын шегіп, жарылыстын жанғырығы әлі құлағында тұрған, бейнет көріп, үрейленген қала тұрғындарына келтірілген моральдік зардап үшін өтемақы төлеу мәселесін қарастыру қажет.

5.  Мұндай апаттардың ендігіде орын алмауы үшін және Қазақстан аумағында кеңес кезіндегі әскери полигон мен әскер бөлімдерінің көптеп кездесуіне байланысты қару-жарақ сақтаулы барлық қоймалардың орналасу жерін зерттеп, оларды Арыс қаласынан ғана емес, еліміздегі басқа да аймақтардан сыртқа көшіруді қамтамасыз ету керек.

Құрметпен, Азат Перуашев,

Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты