Жастық шақтағы және әскери қызметтегі достарым Елдос Бимурзин мен Вадим
Кашавгалиев және олардың отбасыларымен бірге Ржев маңындағы Великая өзеніндегі
Стержневой плацдармын қорғау кезінде қаза тапқан рота командирі, гвардия
капитаны Жұмабек Бимурзиннің рухына тағзым еттік.
Бізді аудан әкімшілігінің басшысы, жергілікті тұрғындар мен ардагерлер зор
құрметпен қарсы алып, еріп жүрді.
Капитан Ж.Бимурзиннің 3700 жауынгер жолдасымен бірге жерленген бауырластар
зиратын достарым бірнеше жыл бұрын ұзақ іздеп тапқан болатын. Ауылдың аты —
Вече.
Сондай-ақ көршілес Чертово Гора ауылындағы 6 мыңнан астам жауынгер
жерленген бауырластар зиратына да бардық. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл
маңдағы ормандар мен батпақтар қаза тапқан жауынгерлердің мүрдесіне толы,
былтырдың өзінде тағы 55 жауынгердің денесі табылған.
Бимурзиндер зираттарды абаттандырып, есімдер жазылған тақтайшалар орнатып,
обелисктерді жаңартты. Басқа батырлардың туыстары да өз аталарына ескерткіш
белгілер орната бастады. Қазақ аты-жөндері көп екен. Менің достарымнан бөлек,
Қазақстаннан басқа да қонақтар болды.
Жеңістің 80 жылдығына арналған қаралы шараларға қатысып, туымыз түстес
ленталар тағып, Қазақстан әнұранын айттық, Құран оқыдық.
Жатқан жерлеріңіз жарық, топырақтарыңыз торқа болсын, ел батырлары! Бүгінгі
Тәуелсіз Қазақстанның құрылуының негізінде сіздердің де ерліктеріңіз жатыр.
Біз де, болашақ ұрпақ та Отан үшін, жер үшін ештеңеден аянбауды, тіпті өз
өмірін құрбан етуді сіздерден үйренуіміз керек.