27
Наурыз

Жастар: сайлауға түгел қатысамыз! /Д. Қазихан/ - Актобе (Актобе)

 
Кеше Қазақ-орыс халықаралық университетінде «Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамның дамуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Аталған шараға «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының өкілі Қайыржан Таңатаров, «Ақ жол» партиясының облыстық филиалының өкілі Асқар Садықов және университеттің оқытушылары, студенттері қатысты.
Басқосуда алғаш сөз алған «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының өкілі Қайыржан Таңатаров алдағы кезектен тыс президенттік сайлауға дайындық туралы, сайлауға дауыс берушілердің құқықтары мен тәртібі туралы айта келіп, жастарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап, дауыс беруге шақырды. Сондай-ақ, ол тұрақтылық пен бірліктің сақталуы үшін, мемлекеттің үздіксіз дамуы үшін жасалатын шараларда Қазақстан халқы асқан жігерлілік пен жауапкершілік танытуы қажеттігін айтып, Президент сайлауының маңыздылығына тоқталды.
Шара аясында университет студенттері партия өкілдеріне сауалдарын қойып, сайлау өткізу жөніндегі шешімнің дер кезінде қабылданғанын тілге тиек етті. Университеттің белсенді студенттері облыс тұрғындарын, әсіресе, жастарды алдағы 26 сәуірде өтетін сайлауға бір кісідей атсалысып, ынтымақтың үлгісін көрсетуге шақырды.
Бүгінгі шараға біздің университет жастарының 70 пайызы қатысып отыр. Қазіргі қоғамда жастардың үлесі зор. Сондықтан студенттер өз ойларын, пікірлерін білдіргісі келеді. Бұл шараның мақсаты — қазіргі қоғамдағы азаматтық ортаны қалыптастыру, насихаттау, алдағы Президент сайлауына жастардың түгел атсалысуы үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу. Мұндай шаралар біздің оқу орнымызда әлі де өз жалғасын табады, — дейді университеттің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрбек Әжімұрат.
 
Дерекнама - Актобе (Актобе), № 32 (20053)-33 (20054), 19.03.2015