Былтырғы конституциялық реформаның аясында ҚР Конституциясының 6-бабына «Жер жəне оның қойнауы ... басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген норма енгізілген болатын.
Конституция туралы референдумнан кейін бірден, 2022 жылғы 15 маусымда осы норманы орындау мақсатында "Ақ жол" фракциясы ӨБК (ірі мұнай-газ кен орындары бойынша «Өнімді бөлу туралы келісімдер» деп аталатын) қоса алғанда, Қазақстанның табиғи байлығын пайдалануға шетелдік инвесторлармен жасалған барлық келісімшарттардың талаптарын ашуды талап етіп, Үкіметке сауал жолдады.
Үкімет 2022 жылғы 15 тамыздағы жауабында инвесторлардың келіспейтіндігін сылтау етіп, ӨБК келісімшарттарын жария етуден бас тартты.
«Ақ жол» демпартиясы осы ұстаныммен келіспей, биылғы жылдың 12 сәуірінде Конституцияны орындауды, еліміздің табиғи байлығын меншік иесінен, яғни, Қазақстан халқынан жасырын пайдалануға жол бермеуді, сондай-ақ, өз аумағындағы мұнай-газ және өзге де жобалардағы Қазақстанның үлесін ұлғайтуды талап ете отырып, Үкіметке қайтадан сауал жолдады.
Одан бөлек, кезекті сауалға Үкіметтің жауабын күтпестен, біз «жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР кодексіне тиісті түзетулер енгізуге бастамашылық жасадық.
● Атап айтқанда, «Мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару» атты 5-бапқа «Ақ жол» демпартиясы: «Келісімшарттарда, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдерде мемлекет пайдасына тиетін үлес көлемі 51 пайыздан аз болмауы тиіс» деген абзацты қосуды ұсынады.
● «Жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратқа қолжетімділік» атты 7-баптың 2-тармағын «Ақ жол» фракциясының атынан «Мемлекет келісімшарттардың талаптарына толық көлемде, оның ішінде «азаматтарға арналған үкімет» e.gov ресурсында ашық қолжетімділікте орналастырылатын өнімді бөлу туралы келісімдерге ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді" деп толықтыруды ұсындым;
- сондай-ақ, 7-бапты «Келісімшарттардың, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдердің талаптарында қоғамнан жасырын нормаларды пайдалануға жол берілмейді» деген жаңа 56-тармақпен толықтыру.
● «Жер қойнауына меншік» атты 11-баптың 2-тармағын «Бұл ретте мемлекет пайдасына тиесілі үлес көлемі 51% аз болмауы керек», - деген жаңа абзацпен толықтыру.
● 28-баптан кейін келесі мазмұндағы жаңа 28-2-бап енгізу:
«28-2-бап. Пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ұлттық экономиканың дамуына жәрдемдесу.
Жер қойнауын пайдаланушылар өз жұмысында қолданатын жабдықтар мен өзге де өнімдерді шығаруға техникалық құжаттаманы қазақстандық компанияларға беру және осы және өзге де өнімді отандық өндірушілерден сатып алу арқылы ұлттық экономиканың дамуына жәрдемдесуге міндетті».
● «Ақ жол» фракциясы «Көмірсутектерді барлаудың және өндірудің жалпы шарттары» атты 121-баптың 16-тармағын мынадай жаңа редакцияда жазуды ұсынады:
«16. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның міндетті үлестік қатысуы бар келісімшарттарда ұлттық компанияның оператордың жарғылық капиталындағы қатысу үлесі кемінде 51% құрауға тиіс».
Бұл ретте Кодекстен «Кейіннен ұлттық компанияның оператордың жарғылық капиталына қатысу үлесінің көрсетілген мөлшері кейіннен жер қойнауын пайдаланушылар келісім-шарт бойынша қабылдайтын шешімдерге ұлттық компания өз бақылауын сақтаған жағдайда төмендетілуі мүмкін», сонымен қатар,
«Осы тармақтың ережелері күрделі жобалар бойынша барлауға және өндіруге немесе көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарттарға қолданылмайды» деген қолданыстағы нормаларды алып Республика Конституциясының жаңа редакциясына сәйкес емес деп танып, алып тастауды ұсынамыз.
Жер қойнауы туралы кодекс бойынша жұмыс тобының бүгінгі отырысы барысында осы ұсыныстар талқыланды. Күткендей, біздің бастамаларымызға Энергетика министрлігі қарсылық танытты. Вице-министр А.Хасеновтың уәждері мына жайттарға негізделді: 1) келісім-шарттар ең алдымен инвесторлар үшін тиімді болуы керек, 2) қолданыстағы келісімшарттардың шарттарын қайта қарауды ешкімнің талап етуге құқығы жоқ, 3) егер инвесторларға тиімсіз болса ресурстар игерілмей қалады-мыс.
Әріптестеріме мынаны еске салуға тура келді:
1) Конституцияның аталған нормасы (жер қойнауы халық меншігі екендігі туралы) жалпыхалықтық референдумда қабылданды. Оны айналып өтуді депутаттардың да, үкіметтің де талқылауға құқығы жоқ; бірақ оны орындау міндеті бар. «Ақ жол» демпартиясының түзетулері де осыған бағытталған. Әйтпесе, Конституция мен заңдарымыз екі бөлек болып тұр.
2) Осыны негізге ала отырып, келісімшарттар ең алдымен жер қойнауының иесі ретіндегі Қазақстан халқына тиімді болуы керек. Ал, шетелдік сарапшылар бүгінде Қазақстан ең ірі мұнай-газ кен орны Қашағаннан небәрі 2 пайыз пайда тауып, қалған 98 пайызы министрлік қамын жеп отырған инвесторларға тиесілі екендігін жазуда. Осының аясында Үкіметтің мұндай ақпаратқа әлі түсініктеме бермегені күдік туғызады.
3) Өткен жылдың 15 маусымынан бастап «Ақ жол» фракциясы барлық мұнай-газ және кен орындары келісімшарттарын халыққа жария етуді талап етіп келеді. Егер олардың шарттары Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сәйкес келмесе, біз (парламент пен үкімет) мұндай шарттарды қашан жасалғанына қарамастан қайта қарауға міндеттіміз. Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар, ал Конституцияға сәйкес халықаралық шарттар оларды Парламент ратификациялаған жағдайда ғана басымдылыққа ие болады (ҚР Конституциясының 4-бабы). Бірақ, менің білуімше, бірде-бір мұнай-газ келісімшартын, оның ішінде ӨБК-ны парламент ратификациялаған жоқ, яғни олар Конституция мен біздің заңдарға бағынуы керек.
4) Шенеуніктердің неліктен барлық табиғи ресурстарды тез арада өндіріп, сатып жіберуге ұмтылатындығы да түсініксіз. Бұл байлықтар бізге бағзыдан ата-бабадан қалған. Нақтысын айтқанда, бұл байлық біздің емес, болашақ ұрпақтардың еншісі. Шенеуніктер неге бір күнмен өмір сүреді, ертеңін ойламай, тез арада бәрін сатып, талан-таражға салуға сіздерді кім асықтырып отыр?
Инвесторлар біздің ұлттық мүддемізді ескергісі келмесе, ештеңе етпес. Жер қойнауы жоғалып кетпейді, келер ұрпаққа аманат боп қалады. Немесе бір жақты достықтың (мысалы, 2% бен 98% секілді) болмайтынын түсінетін инвесторлар үшін сақталады. Біз жер қойнауын мемлекеттің лайықты табысы, экономиканың технологиялық дамуы үшін пайдалануымыз керек.
Бір қызығы, жұмыс тобындағы бұл талқылауда «Ақ жол» фракциясының ұстанымын ешкім қолдамады. Энергетика министрлігі «қайта қарауға» уақыт сұраса, басқа депутаттар біздің түзетулерімізді Үкіметтің қорытындысына жіберу туралы ұсыныс айтты. Осы тақырыптағы бұрынғы депутаттық сауалдарымызды ескерсек, үкімет қорытындысының қандай болатынын түсінікті.
Ештеңе етпес, ары қарай күресеміз.