13
Қыркүйек

“Жер қойнауы туралы” Кодексін талқылау барысында жария етілген “Ақ жол” фракциясының ұстанымы

«Ақ жол» фракциясы аталмыш заң жобасын қолдап, оның әзірленуіне мұрындық болған бастамашыларына алғыс айтады.

Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану тақырыбы құжатта көтерілген мәселелерден әлдеқайда ауқымды деп есептейміз.

Әсіресе, былтырғы жылы референдумда қабылданған Республика Конституциясының жаңа редакциясын ескерсек.

Естеріңізге сала кетейік, Конституцияның жаңа редакциясының 6-бабының 3-тармағына сәйкес «Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі».

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы қаралып жатқан заң жобасына 15-ке жуық түзетулерін жолдады. Бұл түзетулер үш негізгі мәселені қамтиды:

1. Өнімді бөлу туралы Келісімдердің (ӨБК) шарттарын жариялау. Соңғы уақытта БАҚ-та (атап айтқанда, ОРДА.кз сайтында) ӨБК-ның тонаушылық шарттары туралы ақпараттар жарияланған, соған сәйкес, Қазақстан Қашаған сияқты ірі кен орнынан өндірілетін мұнайдан  мардымсыз үлес алады.

«Ақ жол» демпартиясы бір жылдан астам уақыт бойы Үкіметтен бұл ақпаратты не растауды, не жоққа шығаруды, ал, расталған жағдайда аталмыш шарттарды қайта қарауды сұрауда.

Біз, сондай-ақ, алдағы уақытта жер қойнауын пайдалану келісімшарттарында қоғам үшін жабық баптар мен нормаларды қолдануға тыйым салуды талап етеміз.

2. Конституцияның дәл сол нормасына сай, «Ақ жол» демпартиясы стратегиялық шикізаттық кен орындардағы Қазақстанның үлесін 51%-дан аз болмауы талабын заңмен белгілеуді ұсынады;

3. Сонымен қатар, шетелдік жер қойнауын пайдаланушыларға халқымызға тиесілі табиғи байлықтарымызды өндіріп, сатуды ғана емес, қазақстандық экономиканың дамуына сүбелі үлес қосуды, соның ішінде, техника мен жабдықтардан бастап отандық өндірушілердің өнімдерін сатып алуды, оларға жер қойнауын пайдаланушылардың өздері қолданатын ауыстырылатын қосалқы бөлшектер мен детальдерді шығаруға қажетті құжаттарды беруге септесуді ұсынамыз. Сол арқылы шикізат алпауыттары қалпына келмейтін қорымызды өндіріп ғана қоймай, Қазақстанның технологиялық дамуына серпін берер еді.

Өкінішке орай, үкімет біздің бір ғана ұсынысымыздан өзге көпшілік ұсыныстарымызға теріс қорытынды берді.

Ұсыныстарымзға қарсылық танытып отырғандардың бірінші уәжі – «ӨБК-ны Кодекстен алып тастаған-мыс, сондықтан, бұл мәселені енді қозғаудың қажеті жоқ».

Ия, Кодекске сай жаңа ӨБК болмайды. Алайда, ескі ӨБК-нің ешкім күшін жойған жоқ, олар 2033 және 2041 жылдарға дейін қолданыста болады. Сондықтан, оларды Қазақстан халқының пайдасы үшін жариялап, қайта қарау туралы ұсыныс әлі 10-20 жыл өзекті болмақ. Осыған орай, біз қолданыстағы ӨБК-ларға қатысты түзетулер енгізуді талап етіп отырмыз.

Қарсыластарымыздың екінші уәжі - халықаралық құқыққа сай ӨБК шарттарын жариялауға болмайды-мыс.

Шенеуніктердің логикасына сай, жер қойнауының иесі (Қазақстан халқы) шетелдіктердің өз меншіктерін қалай пайдаланып жатқанын білмеуі керек. Бұл үйіңізге әлдебіреудің келіп, жылдар бойы мал-мүлкіңізді сатып, ойына келгенін істеп, іргетасын талқандап кетуімен пара-пар. Ал,  «мынау не істеп жатыр?» деген сұрағыңызға, заңгерлер «Сіздің оны білуге һақыңыз жоқ!» деп жауап қайырады.

Бұл біреулерге ұнайтын шығар, бірақ «Ақ жол» фракциясы мұндай жағдаймен еш келіспейді.

Біз осы жер қойнауларының иесі ретіндегі халқымызға қатысты әділетсіз шарттарды болған жағдайда ол ӨБК-лардың өзін заңсыз деп санаймыз. Ал, ол үшін қоғам ӨБК шарттарын өздері білуі керек. Сондықтан, біз оларды жариялауды талап етеміз.

Конституцияға сәйкес, Қазақстанда халықаралық шарттар парламент оларды ратификациялаған жағдайда ғана ұлттық заңнамадан үстем бола алады.

ӨБК Парламентте талқыланбаған және ратификацияланбаған, сондықтан олар біздің заңдарымыз бен Конституциямызға бағынуы керек.

Егер шенеуніктер бұл халықаралық шарттарды бұзып жатыр десе, онда біз шенеуніктерді Ата заңымызды бұзды деп айыптаймыз. Кімге қызмет ететіндеріңізді анықтап алыңыздар, шенеунік мырзалар. Өз еліңізге ме, өзге біреуге ме?

Біздің Конституцияның жер және жер қойнауы туралы нормасы біреуге ұнайтынын не ұнамайтынын талқылауға да құқымыз жоқ. Халық оны қабылдады, ал Үкімет пен біз, депутаттар, оны айналып өтудің жолын іздемей, барлық талаптарды мүлтіксіз орындауға міндеттіміз.

Біз Үкіметке ӨБК шарттарын жариялауды талап етіп, екі рет депутаттық сауал жолдадық, Үкімет бас тартты, шілдеде Конституциялық сотқа жүгініп, Үкіметті Конституция нормасын орындауға міндеттеуді талап етіп үндеу жолдадық. Конституциялық сот бұл мәселе оның құзыретіне жатпайды деп жауап берді. Осыған байланысты біз осы аптада конституциялық сотқа аталмыш заң жобасына қатысты ұсыныстарымыздан Үкіметтің бас тартуы Конституцияға сәйкес,  не сәйкес еместігін тексеруді талап етіп, жаңа үндеу жолдаймыз.

- ірі кен орындарындағы Қазақстанның үлесі кемінде 51% құрауы керек деген ұсынысымызға, шенеуніктер онда инвесторсыз қаламыз деп жауап беруде.

Біріншіден, өз меншігі үшін оның құнының жартысынан да азын алатын болса, ол қандай меншік иесі сонда? Бұл иелік ету емес, талан-таражға салу.

Екіншіден, барлық жер қойнауын тезірек сатып жіберуге шенеуніктерімізді кім итермелеп отыр? Мұнай, газ, металдар, көмір секілді байлықтарды ата-бабаларымыз ғасырлар бойы көзінің қарашығындай қорғап, бізге аманаттап кеткен.  Неге барлығын өз бағасынан да төменге тезірек сатып құтылғыларыңыз кеп жүр? Сіздерді ешкім асықтырып жатқан жоқ қой - бүгін алмаса, кейінгі ұрпаққа мирас болып қалады, ол кезде олардың инвесторлары әлдеқайда әділетті әрі бұдан да тиімді шарттар ұсынар.

Басқа да уәждер жетерлік. Сондықтан, біз екінші оқылым барысында өз ұсыныстарымыздың енгізілуін талап ететін боламыз.

Қазірше «Ақ жол» фракциясы бұл заң жобасын қолдайды, алайда, Үкімет бізді естіп, өз Конституциясын қуаттайды деп сенеміз.

Назарларыңызға рахмет.