Қызылордалық жас спортшы Әділсерік Ғани Әділсерікұлы 10-16 қараша аралығында Бахрейн Корольдігінің астанасы Манама қаласында ММА-ден ересектер мен жастар арасында өткен аралас жекпе-жек Әлем чемпионатына қатысты. Әлемнің 50 елінен 500-ге жуық спортшы қатысқан додада жерлесіміз жастар арасында 56,7 келі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атанды. Жеңіспен оралған жерлесімізді «Ақ жол» ҚДП Қызылорда облыстық филиалының қызметкерлері мен белсенділері мен жас чемпионның анасы, туған-туыстары мен достары үлкен қошеметпен күтіп алды.
Күтіп алуға келген «Ақ жол» партиясы Қызылорда облыстық филиалының белсенді жастары Әділсерік Ғанидың үлкен жеңісіне қуаныштарын білдіре отырып, туған жеріміз - Сыр елі осындай жастарымен мақтанатынын айтып, Ғаниға зор денсаулық және әрқашан жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілек білдірді.
Әділсерік Ғани 1996 жылы 16 ақпанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Алмалы ауылында дүниеге келген. Спорттық мансабын 7-ші сыныптан бастаған. Спортпен шұғылданып жүргеніне 6 жылдан аса уақыт болған. Осы аралықта ол бірқатар биік белестерге жетіп келеді. Қазіргі таңда «Қорқыт-Ата» атындағы Қызылора Мемлекеттік Университетінің 3 курс студенті. «ORDA FIGHTERS» клубында жаттығады. Жаттықтырушысы – Меделханов Арман.
Осыған дейінгі жетістіктері:
-2017 жылы Ресей мемлекеті Сочи қаласында панкратионнан өткен Әлем чемпионатында панкратионнан ІІІ орын иегері;
- 2018 жылы Ресей мемлекеті Санкт Петербург қаласында өткізілген жастар арасындағы Әлем чемпионатынының І орын иегері;
- Панкратион және аралас жекпе-жектен ҚР 8 дүркін чемпионы.
2019 жыл – «Жастар жылында» жерлесіміздің осындай үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің атын әлемге танытып, туымызды көкке желбіретіп жүргеніне алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, Әділсерік Ғанидың осындай биіктерге жетуіне бірден-бір үлес қосушы, оның спорттық дәрежесін көтеруде аянбай еңбек етіп жүрген жаттықтырушысы – Меделханов Арманға өз ризашылығымызды білдіреміз.
«Ақ жол» ҚДП Қызылорда облыстық филиалының
баспасөз қызметі