6 наурыз 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының
баспасөз қызметі
«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, партияның Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ермек Егінбаев пен Мәжіліс және жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттар бастаған «Ақ жол» демпартиясы Республикалық штабының мүшелері Талдықорған қаласының еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде.
«Ақжолдықтар» еліміздегі ең ірі аккумулятор зауыты - «Қайнар-АБК» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. Кәсіпорында 1200-ден астам адам жұмыс істеп, мекеме 40 жылдан астам табысты дамып келеді.
Жиын барысында партия басшысы жұмысшыларға партияның саяси бағдарламасын таныстырып, «Ақ жол» жұмысындағы басым бағыттарды атады. Сондай-ақ, мұндай салаларға мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері қажет екенін айтты.
Қызметкерлер баспананың қолжетімділігі, БЖЗҚ-дағы қаражатты басқару, тұтыну несиелерінің жоғары пайыздық мөлшерлемесі туралы сұрақтар қойды. Зейнеткерлікке шығу жасын төмендету, еңбек жағдайлары ауыр, зиянды және аса зиянды жұмыскерлердің 1 және 2 тізімдерін қайтару туралы өтініштер айтылды.
Одан кейін «Ақ жол» кандидаттары Талдықорғандағы көпсалалы аурухананың медицина қызметкерлерімен кездесті. Азат Перуашев нарықтық медициналық сақтандыруға көшу, дәрігерлерге бәсекеге қабілетті еңбекақы төлеу, МӘМС шоттарын жекелендіру, салауатты өмір салтын насихаттау, денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша партияның ұстанымын баяндады.
Қазыбек Иса «Ақ жол» фракциясы мен Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы медициналық міндетін атқару кезінде COVID-19 инфекциясын жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлемдерді алып тастауға жол берілмейтіндігі туралы өткір пікірталастары туралы, медицина қызметкерлерінің құқығы мен мәртебесі туралы заң қабылдау туралы депутаттық сауалдарды тілге тиек етті.
Аурухана дәрігерлері мен медбикелері несие пайызының жоғарылығына, баспананың қолжетімсіздігіне, жедел жәрдем бригадаларының бұзақылар әрекетінен қорғалмағандығына шағымданды. Сұрақтарға жауап берген демпартия өкілдері «Ақ жол» партиясының бастамасымен қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңының қолдану тәртібін түсіндіріп, Ұлттық банкпен несие мөлшерлемелерін төмендетуге қатысты пікірталастары жөнінде айтты.
Сондай-ақ, Азат Перуашев сот процесі барысында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа неліктен кепіл болғанын да түсіндірді. Дәрігерлер қауымы партия төрағасының ұстанымына ризашылық білдіріп, қолдау көрсетті.
Жиын соңында ақжолдықтар дәрігер-әйелдерді келе жатқан мереке – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаса, партияның Жетісу филиалының басшысы Ермек Егінбаев аурухана ұжымымен үнемі байланыста болуға уәде берді.