01
Қазан

Жезқазған университетінің қабырғасында студенттерге арналған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты тағылымды дәріс өтті

1 қазан 2025 жыл, Ұлытау облыстық филиалы

Ұлытау облысы бойынша ҚДП «Ақ жол» филиалының ұйымдастыруымен Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің қабырғасында студенттерге арналған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты тағылымды дәріс өтті.

Бұл дәрістің басты мақсаты – Алаш идеясының мәңгілік құндылығын бүгінгі жас ұрпақ санасына сіңіру, білімге, бірлікке және отаншылдық рухқа үндеп, ХХІ ғасырдың жастарынан елдің болашағына жауапты тұлға қалыптастыру.

Ұлытау облысы бойынша ҚДП “Ақ жол” филиалының төрағасы Әлібек Исин жастарға арнаған сөзінде: «Алаштың Ақ жолы – ешқашан тоқтамайтын, жарқын болашаққа жетелейтін жол. Бұл жолдың жалғастырушысы – сіздерсіздер, ХХІ ғасырдың жастары!» – деп ерекше атап өтті.

ҚДП «Ақ жол» партиясының Жастар қанатының белсенді мүшелері – «Қазақмыс» корпорациясының Технологиялық колледжінің 3-курс студенті Аңсар Қуаныш және Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің 2-курс студенті Айшаби Түсіп дәріс барысында «ХХІ ғасырдағы Алаш идеялары – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның дамуына бағыт-бағдар беретін асыл құндылықтар» екенін атап өтіп, студенттерге ерекше үндеу жасады. Сонымен қатар, ол «Ақ жол» демократиялық партиясы жариялаған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» республикалық конкурсы туралы айтып берді.

Бұл байқаудың мақсаты – жастарды Алаш мұрасын терең танып-білуге, әділетті қоғам құру идеяларын жаңғыртуға шақыру. Дәріс барысында студенттерге конкурс шарттары таныстырылып, оларды мұқият тыңдап, белсенді қатысуға үндеді. Сондай-ақ, байқау қорытындысында жеңімпаздарға ақшалай сыйақы тағайындалатыны атап өтілді.

Іс-шара барысында Алаш ұрпақтары Болат Маратұлы мен Өмірхан Бұзауұлына сый-сияпат табысталды. Бұл – жастардың тарихи сабақтастыққа деген құрметінің айғағы болды.

Дәріс соңында студенттерге кітаптар сыйға тартылып, олардың білімге құштарлығын арттыруға серпін берілді.

Бүгінгі дәріс – өткеннен өнеге алып, болашаққа сеніммен қадам басудың жарқын үлгісі болды.