Жыл соңында қортынды жасау әдетке айналған. Бұның ағымдағы жұмыстармен ұдайы кейінге шегеріле беретін өзекті мәселелерге оралу, атқарылған істі бағалау әдісі, келер жылға даярлану секілді бірнеше себебі бар.
Былтырғы Конституциялық референдумнан кейін қарағайдың қарсы біткен бұтағындай адамдардың өздері де түбегейлі өзгерістердің болмай қоймайтынына көзі жетті. Ортағасырлық құрдымға құлап кетпей, шын мәнінде заманауи, өркениетті, прогрессивті мемлекет құрамыз десек сол өзгерістер бізге ауадай қажет.
Өзгерістердің бағыты мен бағдарын президент Қ. Тоқаевтың өзі белгілеп берді, Қазақстан халқы референдумда да, одан кейінгі президенттік сайлауда да бұл векторды толық қолдады.
Осы орайда, ұлттық бизнес пен өндірістік ұжымдарға арқа сүйеген «Ақ жол» демпартиясының президент реформаларының экономика саласында жүзеге асуының өзіндік мақсаты қалыптасты. Бұл, ең алдымен, бизнестің құқығы мен мүддесін қорғау, кәсіпкерлік белсенділікті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту.
Мәжілістің VIII шақырылымның бірінші жылында фракциямыз не тындыра алды?
1. Мемлекет басшысы бизнесті қадағалаушы органдардың негізсіз қысымынан қорғауды тапсырды.
Қ. Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы мына сөздерін ерекше атап өткім келеді – салықтық бұзушылықтар үшін бизнестің қылмыстық жауапкершілікке тартылуының шегін анықтау.
«Ақ жол» депутаттары мемлекеттік органдарға 63 депутаттық сауал жолдады, оның 38-і (немесе 60%) кәсіпкерлердің мүддесін, соның ішінде, қылмыстық жауапкершіліктен қорғауға қатысты.
Біз көтерген мәселелердің кейбірінің шешімі табылды: мәселен, биылғы жылдың 6 сәуіріндегі депутаттық сауалға берген жауабында вице-премьер Е. Жамаубаев «Ақ жол» сауалы негізінде бизнестің құқығын бұзғаны үшін мемлекеттік кірістер органдарының 19 лауазымды қызметкері жауапқа тартылғанын хабарлады.
Бірқатар өзге сауалдар бойынша мемлекеттік органдармен өзара келісімге қол жетті: мысалы, желтоқсанның 4—і күні Бас прокурор Б. Асылов «Ақ жол» фракциясының мемлекеттік қолдау шараларын (гранттар, субсидиялар, жеңілдіктер) алуы кезіндегі бұзушылықтар үшін кәсіпкерлерге қысым көрсетуді азайту жөніндегі ұсынысын (б.ж. 8 қарашасындағы сауал) қолдады.
Жалпы, бизнесті қорғаудағы Бас прокуратураның артып келе жатқан рөлін ерекше атап өту керек – мәселен, ресми деректер бойынша, 2023 жылы кәсіпкерлерге қарсы тіркелген қылмыстық істер 837-ден 402-ге дейін азайған.
Прокуратура жұмысының бұл белсенділігі президент Қ. Тоқаевтың тікелей тапсырмасы нәтижесінде болып отыр, оған қоса, мемлекет басшысы қадағалаушы органның өкілетін күшейтіп, қызмет ауданын кеңейтуде. Мәселен, президент инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында цифрлық платформа әзірлеуді бұйырған болатын, ол өз кезегінде шынайы уақыт режимінде жобалардың жүзеге асырылуын қадағалайды, ал, инветорларды негізсіз айыппұлдар мен салықтардан, әділетсіз сот дауларынан арашалап қалу үшін инвесторларға қарсы мемлекеттік органдардың барлық шектеу шараларына «прокурорлық фильтр» енгізу тапсырылды.
Мұндай тәсіл Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық саясатының басымдықтарын айқын көрсетеді әрі өндірісшілер мен кәсіпкерлер мүддесінің қорғаушысы ретінде «Ақ жол» демпартиясы бұл саясаттың іс жүзінде қолдануына тікелей қатысады.
2. Ондаған жылдар бойы еліміздің қазба байлығын сатып, қыруар табысқа кенеліп келген шикізат алпауыттарының олардың өндіріп алып жатқан материалдарымен (ең алдымен, металлдармен) отандық өндеуші кәсіпорындарды қамтуды президенттің экономикаға ұзақмерзімді ықпалы бар әрі аса маңызды бастамасы деп санаймын.
Шетелдік инвесторлардың елімізде өндірілген қазба байлық пен металлдарды экспортқа шығарып, қазақстандық кабель, аккумулятор, құрылыс, автокөлік және өзге де өнім шығаратын өндірушілерді елемеуі үлкен түйткілді мәселе – бұны отандық зауыттар мен «Ақ жол» демпартиясы жылдар бойы айтып келеді.
2021 жылы «Өндірістік саясат туралы» заң жобасын қарау барысында фракциямыз мұндай міндеттің енгізілуі үшін бар күш-жігерін сарп етті, ақыры қортынды құжатта (бәлкім, мүдделі тараптардың қатысуымен) ол міндет «ерікті келісім» ұғымына алмастырылған, бұл өңдеуші кәсіпорындарға көмек болғанымен, соңғы сөз игеруші алпауыттарға тиесілі болып қалды.
Тек жер мен жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі екендігін шегелеп берген Конституциялық референдумнан кейін ғана біз бұл мәселеге қайта орала алдық. «Бизнесті жүргізу туралы» заң жобасын талқылау барысында «Ақ жол» фракциясы отандық өңдеуші өндірістердің (LME халықаралық белгілеуі бойынша, әділ бағамен) елімізде өндіріліп жатқан металлдармен міндетті түрде қамтамасыз етілуі керектігі туралы ұсыныс енгізді. Үкімет біздің түзетуімізбен келісіп, кеше Мәжілістің пленарлық отырысында екінші оқылымда бұл заңды қабылдады. Қ. Тоқаевтың бұл тапсырмасын жүзеге асыру технологиялық өндірістердің дамуына зор серпін беретініне сенімдімін, одан бөлек, 30 жыл бойы қазақтың қазба байлықтарын есепсіз өндіріп шетелге сатқан инвесторларды өндірілетін шикізаттың қайта бөлінуін ұйымдастыру туралы ойландыратыны сөзсіз.
3. Мемлекет басшысы фискалды ауыртпалықтың әлдеқайда әділ болуы әрі тек бюджетті толтыруды ғана көздемей экономиканың басым секторларын ынталандыруы мақсатында жаңа Салық кодексін әзірлеуді тапсырды.
Еске сала кетейік, «Ақ жол» демпартиясы парламентте жұмыс істеп келе жатқан жылдар бойы аса табысты салалар (банк және өндіруші секторлар) үшін жоғары, ал, әлеуметтік және инновациялық тауар топтары үшін аз ауыртпалығы бар сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу талабын қойып келеді. Біздің ұсыныстарымыздың Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамаларымен үндес болуы – бизнес алдында үміт жанып, нақты бағдарларын айқындауға септесті.
Биыл, шілде айынан бастап фракциямыз ұлттық экономика министрлігі (министр Ә. Қуантыровтың қатысқан) және Қаржы министрлігі МКК басшылығымен (Ж. Нұржанов) бірлесіп жаңа Салық кодексі тұжырымдамасының бірқатар ашық талқылауын, соның ішінде, өңірлерде де, өткізді. Бұл пікіралмасулар өткір болды. Бірқатар мәселелер бойынша (ҚҚС арттыру, салықтың салалық мөлшерлемелерінен бас тарту) кәсіпкерлер мен фракциямыздың заң жобасын әзірлеушілерден бөлек жеке ұстанымдарымыз қалыптасты.
Дегенмен, сервистік моделге көшу (айыппұл салмай, көмек көрсету), салық есептілігінің азайтылуы (бірден 30 пайызға), 1 млн теңгеден аз міндеттемелер бойынша есептер мен декларациялардың жойылуы (бұл бюрократияны азайтады) секілді бастамалар мен талқылаудың ашықтығы – бұл бағыттағы алдағы жұмыстарға үмітпен қарауға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, «Ақ жол» демпартиясы ҰЭМ және Қаржы министрлігімен бірге Алматы, Қостанай, Атырау қалаларында кодекс тұжырымдамасының көшпелі талқылауын өткізуді жоспарлап отыр.
Жалпы, бұл құжаттың алдағы уақыттағы қаралуы 2024 жылдағы парламент маусымының басты оқиғасы болады деп санаймын. Өзімді және әріптестерімді артық үміттенбеуге шақырамын, бірақ, жаңа Салық кодексінің қабылдануы – кәсіпкерлер үшін әлдеқайда либералды әрі ыңғайлы бизнес-климат қалыптастыруға және бюджетті әділ, толыққанды толтырудың қамтамасыз етуге деген бірегей мүмкіндік.
Айтпақшы, қолданыстағы кодекспен жұмыс барысы аясында да «Ақ жол» фракциясы бизнес үшін жағдайды жақсартуға қол жеткізу алуда – мәселен, қараша айында компаниялардың қор биржаларындағы бағалы қағаздарынан түсетін дивидендтер үшін табыс салығын алып тастата алдық.
4. Сонымен бірге, жаңа Салық кодексіне артқан көптеген үмітімізбен қатар, мемлекет басшысының әлі бірқатар прогрессивті бастамалары өзінің жүзеге асырылуын күтіп жатыр. Ең алдымен, бұл қыркүйектің 1 күнгі Жолдауында айтылған тапсырмалар, онда Қ. Тоқаев экономикалық саясатты ауыстырудың қажеттігін қадап айтты – банктік-шикізаттық парадигмадан – өндірістік экономикаға қарай. «Ақ жол» фракциясы депутаттық сауалдары мен заң жобаларына ұсыныстарының жартысынан астамы осы тақырыпқа арналған: мәселе энергетикалық және мұнайгаздық машинажасауды дамыту, жаңа инвестициялық артықшылықтары енгізу, орта бизнесті қолдау және тағы басқалары жөнінде.
Сондықтан, өтіп бара жатқан жыл қиын әрі оқиғаларға қанық болды, келер жылымыз да бұдан жаман болмайды. «Жаман болмайды» деуім де бекер емес, себебі, өз еліңнің дамуы мен күшеюі үшін жұмыс істеу дұрыс қана емес, абыройлы іс.