28 маусым 2025 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Журналистер күніне орай Алматыда «Ақ жол» партиясы белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске түсіруге арналған дәстүрлі бильярд турнирін өткізді.
Шараға «Ақ жол» демпартия төрағасы Азат Перуашев, партия Ұлттық кеңесінің хатшысы Арман Сқабылұлы, «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Олжас Нуралдинов пен Алматы облыстық филиалының төрағасы Мираш Шынасылова, жергілікті мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері, белгілі журналистер және Амангелді Сейітханның ұлы Бекасыл Сейітхан қатысты.
Турнирде ақпарат, мәдениет, әдебиет саласының майталмандарынан құралған он команда бақ сынады. Жалпы саны 30 шақты ойыншы өте тартысты жарыс көрсетті.
Жарысқа Аманкелді Сейітханның ұстазы, Нұрбол Дәуітбаев төрелік етті. Ойын барысында марқұмның әріптестері Амагелді Сейтхан туралы естелік айтты. Ойын кезінде «Ақ жол» партиясы атынан Журналистер күніне орай қатысушыларға алғыс хат пен кәдесый беріліп, құрмет ретінде Амангелді Сейітханның ұлына тарту жасалды.
Тартысты ойын нәтижесінде «Жазушылар одағы» командасы жүлделі үшінші орынға ие болды. Екінші орын «Тележурналистер» командасына бұйырды. Ал, бас жүлдені «Шалқар радиосы» командасы қанжығасына байлап, жарыстың жеңімпазы атанды.