12
Қыркүйек

Қызылқоғада “Ақ жол” партиясы отырып ойнаудан ұлттық параволейболшылар командасымен кездесті

12 қыркүйек 2025 жыл, Атырау облыстық филиалы

Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылында “Ақ жол” демократиялық партиясының мүшесі Қ.Баймұратовтың ұйымдастыруымен және партияның Атырау облыстық филиалының қолдауымен ерекше кездесу өтті. Іс-шара “Бақыт” мейрамханасында өтіп, оған аудандық және ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағалары, “Ақ жол” ҚДП Атырау облыстық филиалының өкілдері, ауыл жастары мен спортсүйер қауым қатысты.

Кездесудің басты қонақтары – отырып ойнаудан Қазақстанның ұлттық параволейболшылар командасы болды. Жиналғандар спортшыларға ыстық ықыластарын білдіріп, алдағы халықаралық және республикалық жарыстарда табыс пен жеңіс тіледі.

Айта кетерлігі, ұлттық құраманың 80 пайызы – “Ақ жол” партиясының мүшелері. Кездесу барысында отырып ойнаудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Б. Тахауов алдағы уақытта да бірқатар спортшылардың партия қатарына өтетінін айтып, партияның облыстық филиалы мен ақжолдық депутаттарға ризашылығын білдірді.

Бұл жайт спорт пен қоғамдық қызметтің өзара байланысын және жастардың азаматтық белсенділігін айқын көрсетті.

Шара соңында спортшыларға партия атынан естелік сыйлықтар табысталып, дастархан жайылды.Осындай кездесулердің жастарға үлгі болып, ынтымақ пен рухты арттыра түсетіні сөзсіз.