19
Қантар

19.01.2023

«Ақ жол» демократиялық партиясы экономиканы ырықтандырудың кешенді бағдарламасын әзірлеп, ірі банктерді күштеп бөлуді ұсынды

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Ә.Смайыловқа 

Қазақстан Республикасы

Ұлттық Банкінің төрағасы

Ғ.Пірматовқа 

«Ақ жол» демократиялық партиясы елімізде нарықтық экономиканың орнына әділ бәсеке мен жеке кәсіпкерлікті шектейтін мемлекеттік-монополиялық капитализм қалыптасқанын бұған дейін талай рет айтқан.

Мемлекеттің квазимемлекеттік кәсіпорындарды құрудан бастап, Ұлттық банктің ақылға қонымсыз саясатына дейін экономикаға араласуы - қоғамның мойнына масыл боп артылған орасан зор топтың қалыптасуына ғана емес, сонымен бірге, шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлік бастама мен адал еңбектің беделін түсіруге әкеп соқты.

Бүгінгі таңда жеке кәсіппен айналысу тек меншік үшін ғана емес, кәсіпкердің денсаулығы мен еркіндігі үшін де қауіпті болып барады.

Экономика барған сайын ебедейсізденіп, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қамтамасыз ету де қиындап барады, сондықтан сыртқы қарыз бақылаусыз өсіп, Ұлттық қор таусылуда. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру туралы хабарланды, бірақ, түптеп келгенде, мұндай жекешелендірудің бенефициарлары негізінен қарапайым азаматтар немесе ШОБ емес, ескі Қазақстанда қомақты қаражат жинап алғандар болады.

«Ақ жол» фракциясының М.Тэтчер мен Чилидің жекешелендіру бағдарламаларының авторы Артур Лаффер әзірлеген «халық капитализмі» қағидасы бойынша жекешелендіруді жүргізу туралы ұсыныстары назардан тыс қалды (11.09.2019 жылғы депсауал, https://akzhol.kz/ru/initiated-bills/narodnyj-kapitalizm-partija-ak-zhol ). Демек, мұндай жекешелендіру әлеуметтік алшақтықты қысқартпай, одан әрі кеңейту қаупін туғызады.

Басқа шаралардың көпшілігі бизнеске әкімшілік қысымды күшейтуге ғана бағытталған. «Ақ жол» фракциясы өз сауалдарында мемлекеттік органдардың осындай жүздеген шешімдерін мысалға келтірген.

Нәтижесінде экономиканың импортқа тәуелділігі артып, өндіріс тіпті негізгі өнімдерге деген қажеттіліктерді өтей алмайды. Бұл инфляцияға, девальвацияға және азаматтардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеледі.

Ұлттық банк ақша құралдарының өндірістік әлеуетсіз тиімсіз екенін түсінбей, ставкаларды көтеру теориясын табанды түрде ұстануда, ал өндірістік әлеуетті болмаған жағдайда қымбат несиелер өндірістің одан әрі бұзылуына және ШОБ-тың күйреуіне себепкер болады. Қазіргі түрінде мұндай саясат экономиканы несиелендіруге емес, Ұлттық банктің ноталарына инвестициялауды тиімді деп санайтын банктертің ғана табысын арттырады.

Банк нарығының өзі 5 банктің монополиясында, олар банк активтерінің жартысын емес, 65 пайызын бақылайды, ал жаңа шағын және аймақтық банктерді құру талаптары бәсекелестікке жол бермеу үшін тым қиындатылған.

«Ақ жол» фракциясының сауалдары көрсеткендей, олигополиялар энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіптік және көлік инфрақұрылымы салаларындағы әрбір кәсіпорынды, әрбір қазақстандық отбасын салықпен қысып тастаған. Ал мемлекеттік органдар бағаның өсуіне бизнесті кінәлап, баға өсімінің едіуір үлкен бөлігі несиелер, олигополияларға төленетін төлемдер мен жемқорлық рентасынан тұратынын қаперге де алмайды.

Тіпті экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі үкіметтік комиссия да, біздің сауалдарымызға берген жауаптарынан көрініп тұрғандай, Конституцияның 6-бабында Республикада мемлекеттік және жеке меншік бірдей қорғалады дегенді ескермей, тек мемлекет мүддесін қорғауда. (https://akzhol.kz/ru/blog/otvet-pravitelstva-na-ocherednoj-sedmoj-s-2017-goda-deputatskij-zapros-frakcii-dempartii-ak-zhol-o-zashtite-prav-predprinimatelej-chi-podyezdne-puti-bli-rejderskim-sposobom-zahvachen-ao-cts-a-takzhe-o-vozvrate-im-nezakonno-zavshennh-v-12-raz-tarifov-toj-oligopolii).

Мұның салдары – байлар мен кедейлер арасындағы үлкен алшақтық. Қазақстандықтардың барлығын мұнай компаниясына немесе банкке менеджер етіп орналастыру мүмкін емес. Бірақ шағын және орта бизнес арқылы әрбір адамға ұлттық табыстан өз үлесін алуға мүмкіндік беруге болады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» Демократиялық партиясы Үкіметке бір шешімі екіншісіне қайшы келіп, бір субъектілер бәсекелестіктен тыс артықшылықтарға ие болып, ал өзгелері өздігінше күн көретін мұндай «қолмен басқару» шараларын тоқтатуды ұсынады.

Иә, бұл жүйеде преференцияларды бөлетін шенеуніктер басты рөлді атқарады. Олардың өзінше маңызды болуы сондықтан. Бірақ нақты нарықтық экономикада шенеунік бизнеске «бастық» емес, көмекші және одақтас болып табылады.

Нарық негіздеріне оралу үшін ұлттық экономиканы ырықтандыру, мемлекетсіздендіру және монополиясыздандырудың кешенді бағдарламасын әзірлеуге кірісу қажет деп санаймыз.

Бұл бағдарлама Ұлттық банк саясатын жұмсартуды және несие нарығындағы бәсекелестікті арттыруды, мүмкін, ірі банктерді мәжбүрлеп бөлу процедурасын енгізуді қамтуы тиіс.

Ол таңдаулы адамдарды байыту арқылы емес, қоғамның және ШОБ субъектілерінің ұлттық өнімге қосқан еңбек үлесін әділ бағалау арқылы экономикаға мемлекеттің қатысуын азайтуға ықпал етуі тиіс.

Бағдарлама толыққанды орта тапты қалыптастыру арқылы байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайтуға; әлеуметтік қорғауды кәсіпкерлердің қолын бұру арқылы емес, азаматтардың кірісін арттыру арқылы қамтамасыз етуге арналған.

Инфляцияны несиелер бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелермен емес, негізгі өнімдерді отандық өндіру арқылы тежеу керек.

Монополиясыздандыру жұмысында, жалпы алғанда, Бағдарлама мемлекеттің және жеке меншіктің де мүдделерін бірдей қорғауды басшылыққа алу керек.

Бағдарлама функцияларды ғана емес, сонымен қатар бизнесті бақылауда немесе пайданы бөлуде отырған шенеуніктердің өздерін де қысқартуды қамтуы керек, әйтпесе олар бұрынғы функциялардың орнына өздері үшін жаңа функцияларды ойлап табады.

«Ақ жол» демократиялық партиясы экономиканы ырықтандырудың осы бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тікелей қатысуға дайын екенін білдіреді. 

Құрметпен,

«Ақ жол» парламенттік фракциясы