28
Мамыр

28.05.2026

«Ақ жол» ЕТҚ қатысты жеңілдікті АСР-дағы барлық шағын және орта бизнеске қолдануды талап етті

Премьер-Министр

О. А. Бектеновке

 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев экономиканың (ЖІӨ) 6,4% деңгейіндегі тұрақты өсіміне сай халық табысын арттыру міндетін үнемі қойып келеді.

БАҚ-тың хабарлауынша, аталған тапсырманы орындау мақсатында салалық мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру және ең төменгі жалақы мөлшерін 150 мың теңгеге дейін арттыру мәселесін талқылауда.

«Ақ жол» фракциясы бұл үдерісте шағын және орта бизнес те лайықты рөл атқаруға тиіс деп санайды.

Алайда осы бағытта шағын және орта бизнестің қызметкерлерінің еңбекақысына жұмсалатын шығындарды ұлғайтуына кедергі келтіретін жүйелі мәселе анықталды.

Атап айтқанда, жуырда «Ақ жол» демократиялық партиясының бірқатар өңірлерде (Шымкент, Қарағанды, Семей, Орал) бизнеспен өткізген көшпелі кездесулері барысында кәсіпкерлер Салық кодексінің 724-бабында оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін реттейтін құқықтық әрі экономикалық қайшылық бар екеніне назар аударды.

Бұл режим ең алдымен микро және шағын бизнесті қолдау, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету және заңды кәсіпкерлік қызметті ынталандыру құралы ретінде енгізілгені белгілі.

Алайда Кодекстің қолданыстағы редакциясына сәйкес, еңбекақы қоры бойынша шығындарды салық салу мақсатында айналымнан шегеру құқығы тек айналымы 24 000 АЕК-ке, яғни айына шамамен 104 млн теңге немесе жылына 1 млрд 200 млн теңгеден асатын салық төлеушілерге ғана беріледі.

Яғни, кәсіпкердің қызметкерлеріне жұмсайтын барлық шығындары, соның ішінде жалақы, ЖКТ, әлеуметтік сақтандыру, БЖЗҚ және МӘМС аударымдары, жұмыс берушінің БЖЗҚ-ға жарналары осы нормаға сәйкес АСР бойынша салық салынатын табыстан шегеріледі.

Ал жылдық айналымы 1,2 млрд теңгеден төмен (олардың саны өте көп) АСР қолданатын өзге салық төлеушілер үшін қызметкерлердің жалақысына, сақтандыруына, ЖТС-қа, БЖЗҚ мен МӘМС-ке және өзге де төлемдерге жұмсалатын шығындарды қоса алғанда, бүкіл табысына салық салынады.

Әрине, мұндай жағдай кәсіпкерлерді еңбекақы қорына көбірек қаражат жұмсауға ынталандырмайды.

Нәтижесінде дәл осы режим оларды қолдауы керек деп енгізілгенімен, шағын бизнес субъектілері аталған жеңілдікті пайдалану мүмкіндігінен айырылған, ал сол АСР шеңберінде жұмыс істейтін ірі компанияларда мұндай құқық бар.

Осылайша, кәсіпкерліктің басым бөлігі қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесінде ірі бизнеспен салыстырғанда дискриминацияға ұшырап отыр.

Яғни, шағын және орта кәсіпорындар мұндай тәсіл жалақыны көтеруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ынталандырмайтынын, керісінше, компанияларды ресми төлемдерді қысқартуға, көлеңкелі экономикаға кетуге немесе қызмет аясын кеңейтуден бас тартуға мәжбүрлейтінін орынды түрде атап өтуде.

Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы биылғы қаңтар айында Қызылорда қаласында Үкіметке «бизнестің сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеуді» және заңнамаға тиісті оң өзгерістер енгізуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Үкімет тарапынан мұндай бастамаларды пысықтайтын Жобалық офис құрылған.

«Ақ жол» фракциясы жалақы өсімін ынталандыру, жұмыспен қамтуды заңдастыру және салық базасын кеңейту шаралары тек жылдық айналымы 1,2 млрд теңгеден асатын бизнеске ғана емес, айналым көлеміне қарамастан оңайлатылған декларация негізіндегі АСР қолданатын барлық бизнес субъектілеріне қолданылуы тиіс деп санайды.

 

Осыған байланысты «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы ұсынады:

1. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 724-бабының ережелерін қайта қарауды;

2. Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР қолданатын барлық бизнес субъектілеріне еңбекақы қоры бойынша шығындарды салық салынатын табыстан шегеру құқығын беруді;

3. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап осы норманы қолдану кезінде айналым көлеміне қатысты шектеулерді алып тастауды;

4.         Осы арқылы арнаулы салық режиміндегі барлық шағын және орта бизнеске қызметкерлердің жалақысы мен еңбекақы қорына қатысты міндетті төлемдерге көбірек қаражат бағыттауға мүмкіндік беруді.

 

Құрметпен,

«Ақ жол»  фракциясының депутаттары

А. Перуашев

Д. Еспаева

Е. Барлыбаев

Қ. Иса

С. Ерубаев

О. Нұралдинов