21
Мамыр

21.05.2025

"Ақ жол": Шетелдік көлік компаниялары тарапынан орын алған әділетсіз бәсекелестікті тежеу керек

ҚР Премьер-Министрі

О. А. Бектеновке

Қазақстанның Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы – халықаралық транзиттік тасымалдарды дамыту үшін зор әлеует қалыптастырады. Тарихи тұрғыдан алғанда, қазақ даласы арқылы көне керуен жолдары, соның ішінде Ұлы Жібек жолы өткен. Бүгінгі жағдайда, Қазақстан транзиттік ағындар есебінен миллиардтаған доллар табыс табатын ірі логистикалық хабқа айналуы тиіс.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, халықаралық жүк тасымалы нарығында отандық кәсіпкерлер үлесі соңғы 3 жылда 30 пайыздан 51 пайызға өскен.

Алайда, бұл жағдайға қуануға асықпайық (!)

2022 жылдан бастап, халықаралық автотасымал саласындағы ірі шетелдік компаниялар, Елімізде жаппай заңды тұлғаларды тіркеп, қазақстандық тасымалдаушыларға арналған квоталарға, лицензияларға, және жеңілдіктерге қол жеткізе бастады. Компаниялар көбіне шетелдік көлік құралдарын, шетелдік капиталды, шетелдік персоналды, сақтай отырып, іс жүзінде сырттан басқарылады.

Олар халықаралық тасымалдаушылар ретінде қосымша құн салығынан босатылып, 2022 жылғы Үкіметтің №502 қаулысымен релокациялық компанияларға (кәдеге жарату) «утиль сбор» алымын төлемей-ақ, седельный тягачтарды тіркеуге рұқсат берілген. Сонымен қатар, 2021 жылдың желтоқсанында Салық кодексіне де өзгерістер енгізіліп, 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін тягачтарды бастапқы тіркеу үшін нөлдік мөлшерлеме ставкасы белгіленген.

Одан басқа, Қазақстанда тіркелген шетелдік жүк көліктері Қазақстан резиденттеріне берілетін мемлекеттік тіркеу «ақ нөмірлерін» және халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсат куәліктерін алып, Еуропаға тасымалдау жүргізіп, шын мәнінде өз мемлекеттерінің мүддесін жүзеге асырып отыр.

Заңдылығында, Көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларының 36-тармағына сәйкес, Қазақстан аумағында тіркелген шетелдік қатысуы бар компаниялардың көлік құралдарына «М» және «Н» сериялы «сары нөмірлер» берілуі тиіс.

Десек те, бұл релокациялық компаниялардың көліктеріне түсініксіз себептермен 1 және 1А типіндегі қазақстандық мемлекеттік тіркеу нөмірлері берілген.

Нәтижесінде, мемлекеттік органдардың белсенді қатысуымен және ауқымды ресурстық базасы бар шетелдік ірі компаниялардың қысымымен, отандық автотасымалдаушылар халықаралық тасымалдар нарығынан ығыстырылып жатыр.

Бұл мәселемен бізге қазақстандық кәсіпкерлер, оның ішінде Республикалық жүргізушілер мен жүк көлігі иелері қауымдастығы жүгінген болатын.

Олардың деректеріне сүйенсек, елімізде халықаралық автотасымалдардағы релокациялық компаниялардың үлесі 75 пайыздан асады және Үкімет еш әрекет жасамаса, жақын арада бүкіл нарықты шетелдік компаниялар иемденіп алады екен.

Айта кету керек, «Ақ жол» фракциясы 2022 жылы бұл проблема әлі айқын болмаған кездің өзінде, халықаралық автотасымалдар нарығындағы экспансияға қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Сол кезде, біз шұғыл түрде шетелдік компаниялар қызметін реттейтін және ұлттық экономикалық мүдделерді қорғайтын шараларды әзірлеуді ұсынғанбыз.

Алайда, өткен үш жыл ішінде мемлекеттік органдар тарапынан қажетті шаралар қабылданбағандықтан, халықаралық тасымалдар нарығынан толық айырылып қалу қаупі туындап тұр. Бұл өз кезегінде, ұлттық қауіпсіздік шараларын қабылдауды қажет етуі мүмкін.

Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы келесіні ұсынады:

Қазақстанда тіркелген шетелдік көлік компанияларының заңнама талаптарын орындауына, капитал айналамына, түпкілікті бенефицарды, персонал құрамы және басқару орагандарын айқындау мәніне кешенді тексеру жүргізілсін.

Шетелдік компаниялар тарапынан орын алып отырған әділетсіз бәсекелестікті болдырмау мақсатында: Көліктердің тіркеу нөмірлерін, халықаралық тасымалға рұқсат куәліктерін беру және квоталарды бөлу тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілсін.

Отандық тасымалдаушыларға арналған жеңілдіктерді, қазақстандық резиденттер атынан пайдаланатын шетелдік қатысуы бар компанияларға шектеулер енгізетін шаралар әзірленіп, қабылдансын.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

С. Ерубаев

А. Перуашев

Д. Еспаева

Е. Барлыбаев

Қ. Иса

Е. Бейсенбаев