ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Ж. Мадиевке
Биылғы жылдың 5 наурызында «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік органдар сатып алатын ІТ-қызметтер бағаларының айла-шарғысы мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады.
«Ақ жол» фракциясы IT-қызметтеріне баға белгілеудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеуді және осы салада қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды.
Министрліктен келген жауап мәселені түсінетіндігін, цифрлық шешімдердің архитектуралық тұтастығын құруға, сондай-ақ платформалық тәсілді енгізуге және салалық сараптаманың рөлін күшейтуге деген ұмтылысты көрсетеді.
Дегенмен, кейбір мәселелер күрделі сұрақтар туғызады.
Мәселен, Сіз сараптама өткізу Қағидалары мен информатизация қызметтерінің құнын есептеу Әдістемесінің арқасында биылғы жылдың басынан бері мемлекеттік органдар мәлімдеген соманың 54 миллиард теңгегесі немесе 37 пайызы үнемделгенін хабарлайсыз.
Осылайша, Сіздің жауабыңыз осы саладағы сметаларды жүйелі және асыра арттыру тәжірибесін растайды.
Алайда, бұл үнемдеуге қалай қол жеткізілгені белгісіз: жоспарланған жобалардан бас тарту арқылы болса, бұл мемлекеттік органдарды цифрландыру бойынша жұмыстарды тоқтатуды білдіреді; әлде, мәлімделген жобаларды қайта есептеу және оларды іске асыруға кететін шығындарды азайтып іске асыру арқылы ма?
Сондай-ақ, аталған қызметтердің құнын көтеруде белгілі бір мақсаттарды көздеген нақты фактілер мен нақты лауазымды тұлғалар аталмайды, қабылданған шаралар туралы ақпарат берілмейді (мысалы, істерді Антикорға өткізу туралы).
Яғни, проблеманың бар екені мойындалады, алайда, шешілмейді.
Сонымен қатар, ондаған ақпараттық жүйелер ескірген, қайталанатын немесе тиімсіз деп қолданыстан шығарылғаны туралы хабарланды. Бірақ, оларға жұмсалған бюджет сомалары (шын мәнінде, мемлекетке келтірілген шығын сомалары) көрсетілмейді, сондай-ақ, мұндай жобаларға тапсырыс берушілер мен орындаушыларына қатысты қолданылған шаралар туралы да деректер жоқ.
Жалпы, жауаптан белгілі болғандай, цифрлық жүйелердің аудиті тек тапсырыс берушілердің өздерінің бастамасымен ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте, оларға бюджеттен миллиардтаған сома жұмсалады, сондықтан қазіргі тәсіл цифрландыру саласындағы уәкілетті органның міндетті бақылауы жағынан қайта қарауды талап етеді.
МЖС жобалары жоғары тиімділік көрсеткіштерін көрсетеді, бірақ мүдделі тараптардан басқа олардың қалай есептелетіні және кімдердің тарапынан бағаланатыны түсініксіз.
Тіпті, Qaztech платформасы - жоба «жүйе құрушы» ретінде ұсынылған, бірақ ол әлі де тестілік режимде тұр және әлі ешқандай жүйені қалыптастырмаған.
Жауапта мемлекеттік органдардың осы тұғырнамаға көшу мерзімі, ол қамтуға және үйлестіруге тиісті жүйелер мен бағдарламалардың тізбесі көрсетілмеген және тиімділік критерийлері жоқ. Әдемі идеяны алға тартқанмен, оны жүзеге асыру мен бақылау механизмі ұсынылмады.
Ал, өңірлерде миллиардтаған бюджеті бар локальды ІТ-жобаларды іске қосу жалғасуда, бұл мұндай шығындардың негізділігіне қатысты сұрақтар туғызуда.
Мәселен, Павлодар облысында бір ақпараттық жүйені қолдауға 8 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалу жоспарлануда.
Бизнес IT мамандарының айтуынша, мұндай қаржыландыру арқылы біртұтас архитектуралық тәсіл аясында жергілікті емес, мемлекеттік ауқымдағы шешімді әзірлеуге болатын еді.
Қазақстандағы шығыстардың деңгейін халықаралық мысалдармен салыстыратын болсақ, мұндай шығындардың нақты жетістіктермен салыстыруға келмейтіндігі белгілі болады.
Осылайша, жоғарыда аталған павлодарлық жобаң бюджетке 16 миллион доллардан астам шығын әкеледі.
Алайда, "DeepSeek" жаһандық Жасанды интеллектін әзірлеу қытайлық тапсырыс берушілерге 3 есе арзанға, небары 6 млн долларға шыққан.
Бұл стартап ЖИ нарығында ChatGPT-ті «ығыстырды» және екі айда 1 миллиард доллар капитализацияға дейін жетті.
Айырмашылығын сезініп көріңіздер.
Отандық тәжірибеден тек жеке инвестиция есебінен құрылған Kaspi.kz-ті мысал ретінде келтіруге болады.
Көптеген мемлекеттік бағдарламалардан айырмашылығы, Kaspi.kz тиімділіктің үлгісіне айналып, компанияға әлемдік қор нарығында 1 млрд доллар тартуға мүмкіндік берді.
Бұл тұрғыда ЖАП мәліметтері мүлдем көңіл көншітпейді:
— «Инновациялық технологиялар паркі» (ИТП) АҚ бес орталығын құруға шамамен 5 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде үш орталық жарамсыз деп танылды, ал екеуінің даму әлеуеті жоқ. Тікелей шығын шамамен 3 млрд теңгені құрады.
— 95 стартап 987 млн теңге көлемінде қаржыландыру алды, оның 32-сі жойылды, ал 21-і ешқандай қызмет жүргізбейді.
— «ҰАТ» АҚ бұрын осындай бағыттар бойынша қаржыландыру алғанына қарамастан, серверлік инфрақұрылымды дамытуға 34 млрд теңге қарыз қаражатын тартқан және т.б.
Бұл фактілер қаражаттың талан-таражға түсуін ғана емес, сонымен қатар, ешқандай жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді.
Еске салайық, 2025 жылғы 28 қаңтардағы үкімет отырысында Мемлекет басшысы Үкімет қаржыны жаппай үнемдеуді қамтамасыз етуі керек деп ерекше атап өткен болатын.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік органдар мен ІТ-әзірлеушілердің тойымсыз тәбетін шектеуді талап етеді.
Біз ИТ-қызметтері мен инфрақұрылымының негізгі санаттары үшін шығындар шегін бекітуді ұсынамыз, соның ішінде:
- бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және қызмет көрсетуге;
- хостинг қызметтері, бұлттық шешімдер және деректер орталықтарына;
- серверлік жабдықты сатып алу және соған қызмет көрсетуге;
- IT-консалтинг және цифрлық платформаларды енгізуге.
Бірыңғай цифрлық архитектура аясында мыналарды ұсынамыз:
- eGov және Qaztech архитектурасынан тыс ЖАО-ның келісілмеген жергілікті шешімдерін жасауға тыйым салу;
- мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік құрылымдардың барлық цифрлық жобаларына міндетті тәуелсіз аудит жүргізу механизмін бекіту;
- соңғы 5 жылда орталық пен жергілікті жерлерде жүзеге асқан барлық ІТ-жобалардың тізілімін, оларға жұмсалған бюджет сомалары мен олардың қазіргі уақытта қаншалықты сұранысқа ие, әрі жұмысқа жарамды екендігі туралы толыққанды ақпарат беру;
- Жоғарғы аудиторлық палатасының есебінде көрсетілген фактілерге ресми жауап беру және қабылданған шаралар тізбесін жолдау.
Алдыңғы сауалға келген жауапта Smart City тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселесі мүлде елеусіз қалды. Оған қандай шығындар жұмсалды, қандай жобалар жүзеге асырылды, олардың eGov және Qaztech орталық платформаларымен үйлестірілуі қалай қамтамасыз етілгені туралы еш ақпарат алған жоқпыз.
Сондықтан, аталған мәліметтерді жолдауды қайта сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» депутаттық фракциясы
А.Перуашев
Д.Еспаева
Е.Барлыбаев
Қ.Иса
С.Ерубаев
Е.Бейсенбаев