22
Қантар

22.01.2014

«Ақ жол» банкроттық туралы заң жобасын Президенттің тапсырмаларына сәйкес пысықтап, түзеу үшін қайтару және фракцияның жеке тұлғалар және ШОБ-тің банкроттығы жөніндегі ұсыныстарын қосуын талап етеді - ҚР Премьер-Министрінің атына жолданған депутаттық сауал

 22.01.2014 жылы жарияланды      
                                                                                  Қазақстан Республикасы
                                                                            Премьер-министрі
                                                                            С.Н. Ахметов мырзаға
                    Депутаттық сауал
         
         
Құрметті Серік Нығметұлы!
 
Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауында орта және шағын кәсiпкерлiк субъектiлерін оңалту және банкроттық механизмін енгізу қажеттілігі айтылды.
­Өткен жылдың аяғында Мәжіліс «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді. Заң жобасын қарау барысында «Ақ жол» партиясы депутаттарының жеке тұлғалар (жеке кәсіпкерлер) банкроттығы туралы бөлім қосу ұсынысын Үкімет қолдамаған еді. Осы себептен «Ақ жол» партиясы фракциясы өз күшімен «Жеке тұлғалар және жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлейтіні туралы мәлімдеген болатын.
Жеке тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің банкроттығы институты шет елдерде кең таралғанын ескеру қажет.
Мысалы Германияда 1994 жылдың басынан бастап күшіне енген банкроттық туралы заңында, жеке тұлғалар банкроттығына арнайы бөлім арналған.
АҚШ-та соңғы жылдары 1-2 миллионға жуық адам өздерін банкрот деп жариялады. Ондағы соттарда қаралып жатқан барлық істердің 96% американдықтардың банктен жаппай  несие алып дәрменсiз халге түсуіне байланысты істер. Бұл мемлекетте жеке  тұлғалардың банкроттығы туралы арнайы заң қолданыста.
Ресей Федерациясында «Дәрменсіздік (банкроттық) туралы» Федералды заңға өзгерістер енгізу туралы» Заңы мен жеке тұлғалардың банкроттығы мәселесін реттейтін заң актілері қабылданған.
Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығын енгізген жағдайда, несиені төлей алмаған тұлғалар, мүлігінен айырылған жағдайдың өзінде де көшедегі «қаңғыбасқа» айналмас еді. Бұл мәселемен көптеген азаматтарымыз бетпе-бет келіп отыр. Бұл біздің адамдар, біздің елдің азаматтары!
Мәселенің екінші жағы – Кеден одағы және ЕЭК  аясында біз тауарлардың, капиталдың және еңбектің ерікті қозғалуына уағдаластық.
Бұл дегеніміз, біздің кәсіпкерлікпен айналысқысы келген азаматтар Ресей банктерінен несие алып, көрші елде кәсіп ашып, сол елдің экономикасын көтеруге атсалысуға қолайлы жағдай. Өйткені Ресей Федерациясында жеке тұлғалардың мүддесін қорғайтын, сәтсіз жағдайлардан шығуды реттейтін,  жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң бар.
Өкініштісі, «Ақ жол» партиясының осындай нормаларын Қазақстан Республикасының заңнамаларына енгізу туралы ұсынысына, Қаржы министрлігі бұл механизмді 2016-2017 жылдары енгізуді жоспарлап отырған жалпыға бірдей табысты декларациялауды енгізгеннен кейін, қарастыру мүмкін деп мәлімдеді.
Ол уақытқа (егер қабылданса) 3 қысты бастан өткізу керек. Алайда несие алып, кайтара алмай балаларымен далада қалған азаматтарымыздың 2016 жылға дейінгі жағдайы, басқа да қажеттілігі ескерілмейді.
 Елбасының жолдауындағы шағын және  орта кәсiпкерлiк субъектiлерін оңалту және банкроттық механизмін енгізу қажеттілігі айтылғанынан бастап, кәсіпкерлер ортасында бұл мәселе қайтадан көтерілуде. Сондықтан «Ақ жол» партиясы депутаттары фракция тарапынан дайындалған жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер ұсынысын «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына жаңа бөлім етіп енгізу үшін, Мәжіліске қайтару қажет деп санайды.
 Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, біз Елбасының соңғы тапсырмасына сәйкес, Сізден келесі сұрақтар бойынша Үкіметтің ұстанымын айтуды өтінеміз:
1. «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына Елбасының соңғы жолдауына сәйкес жеке тұлғалар мен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерін оңалту және банкроттық механизімін енгізу үшін Сенаттан қайтару туралы;
2. Немесе «Ақ жол» партиясы фракциясы дербес дайындаған «Жеке тұлғалар және жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы» заң жобасын Үкіметтің қолдауы туралы.
              

Құрметпен,
    

 «Ақ жол» ҚДП парламенттік
 фракциясының депутаттары       

А. Тұртаев

А. Перуашев

Е. Никитинская

А. Әбілдаев

Н. Жазылбеков

Т. Ерғалиев

М. Қазбекова

С. Қадралиева