ҚР Премьер-Министрі
О. А. Бектеновке
Құрметті Олжас Абайұлы!
Мемлекет басшысы 2022
жылы Атырау облысы халқының алдында сөйлеген сөзінде өңірді мұнай мен газды
терең өңдеу орталығына айналдыру бойынша тапсырма берген болатын. Бұл
тапсырманы жүзеге асыруда мұнай-химия кластерін қалыптастырудың алғашқы басқышы
болып саналатын полипропилен өндірісін іске қосу ерекше рөл атқаруы керек еді.
Ппрезидент: «Көмірсутек
шикізатының қоры жөнінен әлемдегі алдыңғы қатардағы жиырма елдің қатарына
кіретін Қазақстан мұнай-химия өнімдеріне деген ішкі қажеттілігінің шамамен 95% импорт
есебінен өтеп отыр. Бұл – жол беруге болмайтын жағдай», - деп атап өткен
болатын.
KPI (Kazakhstan Petrochemical Industries) зауытын
іске қосу маңызды қадам болды. Жобалық қуаттылығы
жылына 500 мың тонна өнім өндіруге есептелген болса, 2022 жылдан бері төрт
жыл ішінде өндіріс көлемі 450 мың тоннаға жуық көрсеткішке жетті.
Алайда өндіріс пен
экспорт көлемінің өсуі аясында принципті сұрақ туындайды: Қазақстан
қандай экономикалық мәселені шешіп отыр – жай ғана шикізат
түйіршіктерін экспорттау ма, әлде мемлекет ішінде толыққанды қайта
өңдеу тізбегін қалыптастыру ма?
2026 жылдың бірінші
жартыжылдығында өндірілген 207 мың тонна полипропиленнің 20 мың тоннадан
сәл астамы ғана ішкі нарыққа бағытталса, қалған 187 мың тоннасы
экспортқа жөнелтілген.
Сонымен қатар
отандық қайта өңдеуші кәсіпорындар елеулі баға кедергілеріне тап болып отыр.
Бүгінгі күні полипропиленнің бағасы тоннасына 610-640 мың теңгені
құрайды. Бірінші жартыжылдықта оның бағасы әлемдік бағалардың 31% өсу жағдайында
шамамен 56% қымбаттаған.
Маусым айында
әлемдік бағалардың өсуіне байланысты KPI полипропиленнің бір тоннасының бағасын
120 мың теңгеге арттырды. Одан кейінгі 7-8% төмендеу
бұған дейін жүргізілген баға саясатының салдарын ішінара ғана өтей алды.
Шағын және орта
бизнес үшін бұл жағдай өндірісті тоқтату, жұмыс орындарынан айырылу
және импорттық өнімдермен бәсекелестік қабілетінің төмендеу қаупін туындатады.
Нәтижесінде
полипропилен Қазақстанда өндірілгенімен, қосымша құны жоғары
өнімдер елден тыс жерде өндірілуде. Бұл шикізаттық модельден терең қайта
өңдеуге көшу логикасына қайшы келеді.
2024 жылы «Ақ жол»
партиясы отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді бағадағы шикізатпен
қамтамасыз етуді ұсынған болатын. Бұл ұсыныстар Президенттің Үкіметке берген
тапсырмаларында көрініс тапты. Алайда аталған тетік тек металлургия саласына
ғана қолданылып, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңда бекітілді. Осы тетікті
мұнай-химия саласына да қолдану қажет деп санаймыз.
Бұл мәселені тек біздің партия ғана көтеріп отырған
жоқ. «Әділет» партиясының депутаттары да ұлттық ресурстар аса жоғары табыс
үшін экспортқа ғана шығарылмай, ең алдымен ішкі
нарықтың қажетіне жұмсалуы тиіс деп санайды.
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, мынаны сұраймыз:
1. KPI және салалық бірлестіктермен бірге отандық қайта
өңдеушілердің шикізат қажеттілігінің нақты жылдық теңгерімін
қалыптастыруды, сондай-ақ кепілді көлемдер мен
экономикалық тұрғыдан негізделген шикізат бағасы көрсетілген ұзақ мерзімді
келісімдер жасауды қарастыруды;
2. Импортты алмастыруға болатын полипропилен өнімдерінің тізімін анықтау және дайын
өнімді экспорттайтын отандық кәсіпорындар үшін шикізат құны бойынша жеңілдіктер беру мүмкіндігін
қарастыруды;
3. Полипропилен мен полиэтилен өндіруді және
оларды терең қайта өңдеуді біріктіретін мұнай-химия
кластерін мемлекеттік қолдау шараларын қамтитын, нақты мерзімдер мен жауапты
мемлекеттік органдар белгіленген жол картасын
әзірлеуді.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының
депутаттары
Е. Юсупов
Д. Еспаева
О. Нұралдинов
А. Қожахметов
М. Шынасилова
Д. Ахметжаев
Ю. Ли
Б. Бибаев
және «Әділет»
фракциясының депутаттары