29
Мамыр

29.05.2025

Самұрық бизнеске кедергі келтіруде

ҚР Премьер-министрі

О. А. Бектеновке

Жуырда бұқаралық ақпарат құралдарында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарушы директоры мен «Дорстройтрест» ЖШС басшысына қатысты қылмыстық тергеудің аяқталғаны туралы ақпарат тарады. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олар «Көк-Төбе» тұрғын үй кешенін салу жөніндегі келісімшарт аясында алдын ала аударылған 2,6 млрд теңгені құрайтын бюджет қаражатын жымқырды деген күдік бар.

Тергеу барысында аталған қаражат мақсатты түрде пайдаланылмағаны, оның орнына құрылысқа қатысы жоқ қарыздарды өтеуге және автокөліктер сатып алуға жұмсалғаны анықталды. Сонымен қатар, шамамен 650 млн теңге жалған шарттар арқылы үлескер ЖШС-тердің шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Құрылыс мерзімі созылып, көптеген заңбұзушылықтар орын алған.

Алайда, мұндағы басты мәселе – қаражаттың ұрлануында ғана емес. Ең маңызды сұрақ – квазимемлекеттік компания қандай негізде тұрғын үй құрылысы саласына араласты?

Бұл жағдай логикалық сұрақ тудырады: мемлекеттің қолдауынсыз, жеңілдіктер мен преференцияларсыз жұмыс істеп жатқан жекеменшік құрылыс компаниялары ұлттық холдингтердің тікелей немесе жанама бюджет қаржысын алып отырған еншілес ұйымдарымен қалайша бәсекелесе алады? Мұндай тәжірибе әділ бәсекелестік негіздерін аяққа таптап, нарықтық ортаны бұзып, жеке бизнесті ығыстырады.

Квазимемлекеттік компаниялар тек мемлекеттің қатысуынсыз стратегиялық маңызы бар міндеттерді жүзеге асыру мүмкін болмайтын салаларда ғана жұмыс істеуі тиіс: инфрақұрылым, қауіпсіздік, аса маңызды технологиялар. Қалған барлық салалар жеке бизнеске беріліп, ол өз кезегінде дамуға, инвестиция тартуға және салық түсімдерінің артуына ықпал етуі қажет.

Ал іс жүзінде, квазимемлекеттік сектор субъектілері бәсекелі салаларға белсенді араласуын жалғастыруда. ҚР Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы квазимемлекеттік секторды реформалау жөніндегі аналитикалық баяндама мен оны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, квазимемлекеттік сектор біріншіден, бөлшек электрондық байланыс қызметтері, өңдеу өнеркәсібі, тұрғын үй/қонақүй және қаржы қызметтері сияқты салаларда белсенді жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, нормативтік-құқықтық базадағы және оны қолданудағы олқылықтар салдарынан жеке сектормен тең емес шарттарда бәсекеге түсуде.

Мұнымен бірге, олардың қызметі көбіне тиімсіз және шығынды болып табылады, алайда мемлекеттік ресурстар есебінен қолдау табады.

«Ақ жол» демократиялық партиясы мемлекет экономикадағы өзінің нақты орнын айқындауы қажет деп есептейді. Қай жерде мемлекеттің қатысуы қажет, ал қай жерде оның араласпағаны жөн – осыны анықтап алмаса, бәсекеге қабілеттілікті арттыру немесе инвестиция тарту туралы сөз болуы мүмкін емес.

Осыған байланысты, әділ экономикалық саясатты қамтамасыз ету және ұлттық бизнестің мүддесін қорғау мақсатында «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттық фракциясы келесі шараларды қабылдауды талап етеді:

  1. Тұрғын үй құрылысы сияқты жеке кәсіпкерлік табысты жұмыс істеп отырған бәсекелі экономика салаларына квазимемлекеттік компаниялардың қатысуына тыйым салу;
  2. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің құрылыс, өңдеуші өнеркәсіп, қызмет көрсету саласы және т.б. бәсекелес салаларға қатысу жағдайларының бәріне толық түгендеу жүргізу;
  3. Квазимемлекеттік компанияларды бәсекелес ортадан шектеу және кезең-кезеңмен шығару жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеп, бекіту;
  4. Мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың нарықтық қызметке әділетсіз араласу жағдайларына байланысты монополияға қарсы бақылауды күшейту.

«Ақ жол» демократиялық партиясы тек бәсекелес ортаға әкімшілік тұрғыдан араласуды жүйелі түрде тоқтату ғана тиімді нарықтық орта қалыптастырып, жеке бизнестің дамуына және ұлттық экономиканың тұрақты өсуіне жол ашады деп сенеді.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары:

Е. Барлыбаев

А. Перуашев

Д. Еспаева

Қ. Иса

С. Ерубаев

Е. Бейсенбаев