ҚР Премьер-Министрі
О.Бектеновке
Мемлекет
азаматтардың қарыздық жүктемесін азайтуға күш салып жатқаны белгілі. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша,
жеке тұлғалардың қаржылық құқығын қорғау мақсатында екі заң қабылданып, басқа
да бірқатар бастама жүзеге асты.
Сонымен бірге,
шағын және орта бизнеске де осындай қолдау керек деп санаймыз.
2008-2010
жылдардағы дағдарыстан бастап банктер несиені өтеу мүмкіндігінен айырылған
мыңдаған шағын және орта бизнеске кепілге қойылған мүліктерін тартып алған. Ол
кездері мемлекет экономиканы жақсарту үшін жүздеген миллиардтарды бөлгенмен,
бұл қаржы шын мәнінде банк секторын қолдауға кетті, банктердің өзі болса
бизнесті қолдауға асығар емес.
Ол кезде
мемлекет экономиканы жақсарту деген желеумен жүздеген миллиардтарды бөлгенмен,
бұл қаржы шын мәнінде банк секторын қолдауға кетті.
Ал банктер болса
Ұлттық банктің немкеттілігі нәтижесінде бизнесті тонау әрекетін
жалғастырды. Мұны несиенің жоғары
пайыздық мөлшерлемесі мен кәсіпкерлерді қасақана банкротқа итермелеу
дәлелдейді.
Мұндай
қатынастың көрсеткіші ретінде банктердің кепіл саясаты саналады, яғни, мүлік
бірнеше есе төмен бағаға бағаланып, тіпті, соның өзінде 0,7-0,6 коэффициентімен
кепілге алынады.
Сонымен қатар,
Данияр Ақышевтың төрағалығы кезінде Ұлттық банк барлық халықаралық банк
стандарттарына қайшы келсе де, банктерге үлестес ОУСА арқылы кәсіпкерлік
қызметпен айналысуға және кепілге алынған активтерді басқаруға мүмкіндік
беретін өзгерістерді өткізіп жіберген, осылайша бизнесті рейдерлік басып алу
тәуекелдері арта түсті.
Ал, мұндай
«басқарудың» сапасын биыл желтоқсан айында "Алматы-Хостелде" болған
қайғылы оқиға, сондай-ақ, қолданыссыз жатқан жүздеген гектар жер телімдері,
өндірістік кешендер, тоқтап тұрған және тот басқан жабдықтар, қаңырап қалған
ғимараттар мен құрылыстар айқын көрсетті.
Ал кейбір мәліметтерге
қарағанда, БРК борышкерлердің «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-на берілген
кепіл мүлкін, оның ішінде қаптамасы ашылмаған жаңа жабдықтарды өндіріске
енгізудің орнына, металл сынықтары деген желеумен шетелге сатып жіберген.
Мемлекет
басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында банктердің жалпы сомасы 2
триллион 300 миллиард теңгені құрайтын «қатырылған активтерін» экономикалық
айналымға қайтару шарасын қабылдауды талап етуі кездейсоқ емес.
Бизнестің қарыз
жүктемесі мен несиеге белшеден жатуының себебі ақылға қонымсыз пайыздық
мөлшерлемелерде.
Кәсіпорындарға
есептелген қарыз негізінен берілген нақты ақшадан емес, олар бойынша есептелген
пайыздардан тұрады. Шын мәнінде, бұл экономикаға ешқашан түспеген пайыздық
көпіршік.
Дағдарыс кезінде
«Ақ жол» фракциясы Ұлттық банктен нақты берілген қаржы мен олар бойынша
есептелген пайыздың арақатынасы туралы сұраған еді - бірақ Ұлттық банк бұл
сұраққа жауап бере алмады, өйткені несиелерді қайта қаржыландыру кезінде барлық
есептелген пайыздар да «несие денесіне», яғни, негізгі сомаға айналып кеткен.
Соның салдарынан
отандық экономиканың банктерге қарызы кәсіпорындардың осы жылдарда көрген тірі
ақшаларынан бірнеше есе көп.
Бұл көпіршікті
дер кезінде жармаса, барған сайын ұлғайып мемлекетке салмақ түсіре береді.
Мемлекет жеке
тұлғаларға қатысты бұл заңсыздықты тоқтату үшін Президент Қ.Тоқаевтың
тұлғасынан саяси ерік тапты. Атап
айтқанда, төлем кешіккен жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдарына одан әрі
сыйақы есептеуге тыйым салынды. Несие беру шартын жақсартуда
борышкерлердің мұқтаждығын ескеру
міндеттелді.
«Ақ жол»
демпартиясы шағын және орта бизнеске қарыздық жүктемені жеңілдету бойынша
осындай шара кешенін әзірлейтін уақыт жетті деп есептейді.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясының ұсынатыны:
1) Кәсіпорындардың кепілге алынған мүлкін экономикалық айналымға қайтару жөніндегі ұйымдастыру шарасын жеделдету.
2) Шағын және орта бизнеске түсетін қаржылық ауыртпалықты азайтудың кешенді шарасын әзірлеу, соның ішінде, кәсіпорындардың жақсаруына дейін есептеуді тоқтату, кепілді шынайы бағалау, несиелер бойынша мөлшерлемелерді төмендету және т.б.
Құрметпен,
«Ақ жол»
фракциясының депутаттары
Е.Барлыбаев
А.Перуашев
Д.Еспаева
Қ.Иса
А.Садықов
Е.Бейсенбаев