«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева Құрылтай депутаттығына кандидаттармен бірге Жамбыл облысына барды. Партия өкілдерінің өңірдегі сайлауалды үгіт-насихат науқаны Меркі ауданынан бастау алды.
Алғашқы жүздесу жетпіс жылдық шежіресі бар «Меркі» емдеу-сауықтыру шипажайында өтті. Еркін форматтағы басқосуға өңір кәсіпкерлері, аудан тұрғындары, жергілікті мәслихат депутаттары мен партияның облыстық филиалының өкілдері жиналды.
Дания Еспаева жиналған қауымға партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, елді дамытудың алты басты бағытына кеңінен тоқталды. Ең алдымен, отандық өндіріс пен бизнесті қолдау, қазақстандық тауар өндірушілерге барынша қолайлы жағдай жасау мәселесі сөз болды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің қолын байлап отырған кедергілерді жойып, салық саясатын әділ жүргізу қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың табысын арттыру, өнеркәсіпті жандандыру және қоғамда әлеуметтік әділдікті орнату партияның басты назарында екені жеткізілді.
«Экономиканың нақты секторын көтеріп, өз өндірушілерімізді қорғау және әлеуметтік әділдікті орнату – біздің бағдарламамыздың өзегі. Мемлекет, бизнес және еңбек ұжымдары тығыз байланыста жұмыс істегенде ғана ел экономикасы тұрақты дамиды», – деп атап өтті Дания Еспаева.
Жиын соңында тұрғындар көкейде жүрген
сауалдарын қойып, әлеуметтік түйткілдер мен ұлттық ғылыми стартаптарды дамыту
төңірегінде пікір алмасты. Өз кезегінде меркіліктер ашық диалог үшін
ризашылықтарын білдіріп, партия өкілдерінің бастамаларына сәттілік тіледі.



.jpeg)


.jpeg)
