«Ақ жол» демпартиясы
Атырау облысындағы сайлауалды кездесулер топтамасын өңірлік спорттың
қарашаңырағында жалғастырды. Өңірлік үгіт тобы Дене шынықтыру, спорт және
туризм басқармасына қарасты «Спортты дамыту дирекциясының» ұжымымен кездесті.
Бұл мекеме — Атыраудың спорттық беделін республикалық және халықаралық
аренада асқақтатып жүрген негізгі қарашаңырақ. Бүгінде мұнда 15 спорт түрі
бойынша 40-қа жуық аға жаттықтырушы еңбек етіп, 1500-ден астам спортшыны
үзіліссіз оқу-жаттығу процесімен қамтып отыр.
Партия өкілдері кездесуде тек экономика мен бизнесті қолдау мәселелерін
ғана емес, ел болашағы мен ұлт саулығына тікелей әсер ететін бұқаралық спорт
пен әлеуметтік саясаттағы бастамаларын ортаға салды.
Басқосу жай ғына таныстырылым емес, өткір әрі шынайы пікірталас алаңына
айналды. Жаттықтырушылар мен сала мамандары өздерін күнделікті толғандыратын
жүйелі түйткілдерді ашық айтты.
Әсіресе қолжетімді баспана мәселесі, спорт саласын қаржыландырудың ашықтығы мен тиімділігі, шағын және орта бизнесті қолдау
тетіктері қызу талқыланды.
Партия өкілдері қойылған әрбір сауалға нақты жауап беріп, спорт қауымдастығының көтерген бастамалары «Ақ жолдың» назарынан тыс қалмайтынын атап өтті.


