23
Шілде

«Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық сайлауалды штабын ашты

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының Шымкент қалалық филиалы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау науқаны аясында қалалық сайлауалды штабын ресми түрде ашты.

Сайлауалды штабтың ашылуы — партияның саяси науқандағы маңызды кезеңдерінің бірі. Штабтың негізгі мақсаты — партияның сайлауалды бағдарламасын тұрғындарға кеңінен таныстыру, сайлаушылармен кері байланыс орнату және ашық диалог алаңын қалыптастыру.

Штаб жұмысы басталған бойда филиал өкілдері, қалалық кеңес мүшелері, партия белсенділері мен еріктілер белсенді үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес, қала аумағындағы арнайы белгіленген ақпараттық тақталар мен билбордтарда партияның үгіт материалдары орналастырылуда.

Алдағы уақытта Шымкент қаласының барлық аудандарында сайлаушылармен, еңбек ұжымдарымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен қатар азаматтық қоғам белсенділерімен кездесулер сериясы өтеді. Кездесулерде партияның сайлауалды платформасы түсіндіріліп, тұрғындардың ұсыныс-тілектері жиналады.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Құрылтайына сайлау 2026 жылғы 23 тамызда өтеді.