03
Тамыз

Дания Еспаева бастаған «Ақ жол» Демпартиясының өкілдері «Меркі қант зауытының» ұжымымен кездесті

 «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева бастаған республикалық және аймақтық сайлау штабының мүшелері Меркі ауданына жұмыс сапары аясында «Меркі қант зауытына» барып, кәсіпорын жұмысшыларымен жүздесті.

Еңбек ұжымы партия төрағасын гүл шоғымен қарсы алды.

Тарихы терең, 92 жылдық шежіресі бар Ойтал ауылындағы кәсіпорын – өңір экономикасының күретамыры. Зауыт күзгі жиын-терім науқанында шаруа қожалықтарынан тәулігіне 4 мың тоннадан астам қант қызылшасын қабылдап, өңдейді.

Бүгінде 600-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны 2024 жылы халықаралық байқауда «Еуразиялық экономикалық одақтың үздік қант зауыты» атанып, жоғары жетістікке жеткен.

Еркін форматта өткен кездесу барысында Дания Еспаева жиналғандарды «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Партия жетекшісі отандық өнеркәсіпті өркендету, өндіріс орындарын мемлекеттік қолдау және халықтың әлеуметтік түйткілдерін шешу мәселелеріне кеңінен тоқталды.

«Әлеуметтік әділеттілік ең алдымен қаржы нарығындағы теңдіктен басталады», – деп атап өтті Д. Еспаева. Осы орайда ол екінші деңгейлі банктер жүйесін реттеу және несиелендіру шарттарын жеңілдету бағытында партияның атқарған нақты жұмыстары мен нәтижелерін ортаға салды. Сондай-ақ, несие мөлшерлемесі мен салық жүйесіндегі кез келген оң өзгеріс әрбір отбасының, аудан мен тұтас аймақтың әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал ететінін жеткізді.

Жиын барысында сөз алған Бауыржан Найзақұлов отандық өнеркәсіптің бүгінгі жай-күйін сараптап, саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарына назар аударды.

Басқосу соңында зауыт жұмысшылары партия өкілдеріне ашық диалог құрып, ел экономикасы мен отандық бизнесті одан әрі өркендетуге бағытталған мазмұнды пікіралмасуы үшін алғысын білдірді.