Күні кеше «Ақ жол» демократиялық партиясының өңірлік сайлау штабы шаһардағы
ең ірі сауда орталықтарының бірі – «Гранд базарда» халықпен кездесіп, «Өзгеріс
дұрыс таңдаудан басталады» атты ауқымды акция ұйымдастырды.
Іс-шараға партия филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова мен
Жастар қанатының жетекшісі Қадыржан Есенов бастаған белсенді еріктілер тобы
қатысты.
Сауда орталығына келушілермен еркін форматта тілдескен Сейсекүл
Дүйсебайқызы тұрғындарды алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын
сайлауға бейжай қарамауға және ел болашағы үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды.
Сондай-ақ, ол көпшілікке «Ақ жол» партиясының «Өзгеріс қажет» атты сайлауалды
бағдарламасының басым бағыттарын қарапайым әрі ұғынықты тілмен тарқатып айтып
берді.
Акция барысында саяси доданың көрігін қыздырған партияның ерікті жастары
мен ең жас жақтастары халық арасында ұйымның басты ұстанымдары жазылған
флаерлер мен үгіт-насихат материалдарын таратты. Жұртшылық жастардың бұл
бастамасына жылы шырай танытып, белсенділік байқатты.


