ӨЗГЕРІСТЕР ҚАЖЕТ

«Ақ жол» Демократиялық партиясының саяси бағдарламасы

 

2026 жылғы Халықтық Конституция халқымыздың тарихи сабақтастық, мемлекеттілік, егемендік, әділеттілік және прогресс секілді негізгі құндылықтарына сүйене отырып Қазақстан дамуының жаңа дәуіріне жол ашады.

Еліміз бұл кезеңге мемлекеттік басқарудың түбегейлі жаңа үлгісімен және мүлде жаңа саяси институттармен қадам басып отыр.

Бұл реформаларды қолдай отырып, біз олардың жүзеге асырылуы инерция мен консерватизмді еңсеруді талап ететін күрделі әрі көпдеңгейлі үдеріс екенін жақсы түсінеміз.

Прагматиктер мен реалистер партиясы ретінде біз тек мемлекеттің өзі ғана емес, сонымен қатар базалық міндеттердің шешімі де жаңа деңгейге көтеріліп отырғанын көріп отырмыз:

– егемендік пен тәуелсіздікті нығайту, қоғамда, саясатта және экономикада ұлттық мүдделерді ілгерілету;

– сыбайлас жемқорлықпен және әділетсіздікпен күрес;

– жекеменшік кәсіпкерлікті жаппай дамыту және шағын әрі орта бизнесті өркендету арқылы ұлттық табысты қайта бөлу негізінде орта тапты қалыптастыру, байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік алшақтықты қысқарту;

– инвестиция үшін барынша қолайлы ахуал қалыптастыру, табиғи байлықтарды игерудің негізгі игілігін Қазақстан халқы, мемлекеті және кәсіпкерлер қауымдастығы көруі тиіс «ресурстық ұлтшылдық» тұжырымдамасын жүзеге асыру;

– экономиканы ырықтандыру, әртараптандыру, цифрландыру және технологияландыру, экономикалық құрылымның күрделілігін арттыру, өндірістік және сервистік модельдердің теңгерімі; квазимемлекеттік секторды қысқартып, оның есептілігін күшейту, адал бәсекенің нарықтық қағидаттарын толыққанды енгізу;

– адами капиталды дамыту, білікті әрі жоғары жалақы төленетін жаңа жұмыс орындарын құру;

– іскерлік бастамаларды ынталандыру және қолдау, әрбір азаматқа еңбегі арқылы ұлт прогресіндегі жетістігінің лайықты үлесін табуға мүмкіндік беру;

– инклюзивті экономиканы қалыптастыру: жұмыс орындары мен барлық әлеуметтік топтардың (жастар, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар) бастамаларын қолдау.

 

Осы қағидаттарды іске асыру үшін жаңа саяси модельдің жасампаз әлеуетін – Құрылтай мен Халық Кеңесінің құзыреттері мен өкілеттіктерін толық ашып, олардың Президент және Вице-президентпен тиімді өзара іс-қимылын, сондай-ақ Үкіметпен арадағы тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерін қамтамасыз ету қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы жалпымемлекеттік деңгейде ғана емес, әкімдердің (Президент өкілдері ретінде), мәслихаттардың және жергілікті атқарушы органдардың өзара қарым-қатынасына қатысты жергілікті деңгейде де жүзеге асырылуы тиіс деп есептейміз.

Осылайша, Президенттік жүйе аясында ұлттық нарықтық экономиканың прогресімен қатар, елордадан бастап әрбір өңірге дейін парламентаризмді дамыту және нығайту біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі болады.

Біз бұл міндеттерді шешу әрбір азаматтың, әрбір мемлекеттік органның және әрбір саяси күштің ерік-жігерін жұмылдыруды әрі шоғырландыруды талап ететінін түсінеміз.

Сондықтан «Ақ жол» демократиялық партиясы осы Саяси бағдарламасын жариялайды. Өзгерістер болады!

I. ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯЛАР

Тәуелсіздік пен ұлттық мүдде – кез келген мемлекеттің негізгі басым бағыты. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қамтамасыз ету және оның ұлттық мүддесін қорғау, өзін осы елдің азаматы санайтын әркімнің міндеті. Тәуелсіздік – бұл біздің халқымыз, жеріміз бен оның байлығы, бұл мемлекеттік тіліміз бен көпэтносты қоғам бірлігі. Тәуелсіздік деген – өз жолыңды, өз тағдырыңды таңдау мүмкіндігі, бұл – ұрпағымыздың болашағы үшін жауапкершілік.

● Тәуелсіздіктің маңызды жетістігі - ұлттық сезімге деген ұқыпты көзқарас, елімізде тұратын барлық этностардың тілдері мен мәдениетіне өзара сыйластық таныту.

● Ұлы Даланың мыңжылдық тарихымен, Алтын Орда дәстүрлерімен және «Мәңгілік Ел»  тұжырымдамасымен Республикамыздың тарихи сабақтастығына сүйене отырып, «Ақ жол» Демократиялық партиясы қазақ мемлекеттілігінің бастауын ежелден терең тарихи тамырларымыздан тарату керек деп санайды.

● «Ақ жол» демократиялық партиясы мемлекеттің зайырлы сипатын қолдайды әрі ел руханиятын экстремистік ағымдардан қорғауға ұмтылады.

● Біз ұлттық мүддені қорғауды ұлттың өрлеуі мен өркендеуінің идеясы ретінде қарастырып, оны мемлекеттік құрылыс, экономика және қоғамдық өмірде ілгерілетуді жалғастырамыз.

Ол үшін табиғи байлық пен егемендік қана емес, парламентаризм, адал бәсекелестік, ресурстық ұлтшылдық, жаңғыру, ашық және зайырлы мемлекет сияқты түпкілікті қағидаттарға сүйене отырып өзіміз өзгеру үшін өз отбасы мен отанының қамы үшін еңбек етуге ынта керек.

II. ДЕМОКРАТИЯ ЖӘНЕ ПАРЛАМЕНТАРИЗМ

«Ақ жол» демократиялық партиясы өз Бағдарламасының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформасымен үндестігін атап өтеді. Демократия, яғни мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен олардың қоғам алдындағы есептілігібюрократияға, сыбайлас жемқорлық пен монополизмге қарсы ең тиімді құрал болып табылады.

Демократия қоғамдық мүдделерді парламентаризмнің негізгі институттары болып саналатын өкілді органдар – Құрылтай, Халық Кеңесі және мәслихаттар арқылы ілгерілету қағидатына сүйенеді. Демократияның өзі – парламентаризм.

 

Соңғы онжылдықта жақын және алыс көршілерімізде орын алған оқиғаларды ескере отырып, бүгінгі таңда бірінші кезектегі міндет – Президент институтын қолдау арқылы қуатты мемлекетті қамтамасыз ету. Біздің ұланғайыр жеріміз бен қазіргі сын-қатерлер жағдайында тек күшті мемлекет қана егемендік пен тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және Республиканың зайырлы сипатын кепілдендіре алады.

Бұл жағдайларда парламентаризм қағидаттарын дамыту да ерекше маңызды: биліктің қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігі, жергілікті бюджеттер мен жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту, квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік қаржыға қоғамдық бақылауды күшейту.

 

● Бірінші: Қазақстанға ұлттық сенімге ие Үкімет қажет.

 

Халықтық Конституцияға сәйкес, Президент биліктің барлық тармақтарының өзара іс-қимылының кепілгері болып табылады. Бұл Президенттің тұлғасы Құрылтай мен Үкімет арасындағы пікірталастардан жоғары тұрып, олардың қызметін мемлекеттік мүддеге бағындыратынын білдіреді.

Осыған байланысты, «Ақ жол» демократиялық партиясы Үкімет құрамы Парламенттегі барлық партиялардың өкілдігін ескере отырып жасақталуы тиіс деп санайды. Сол кезде мұндай Құрылтай атқарушы билікпен пікір жарыстырып қана қоймай, Үкіметтің барлық жетістіктері мен сәтсіздіктері үшін де ортақ жауапкершілікті арқалайтын болады.

 

● Екінші: Қоғам Президенттің саяси партия мүшесі болуына тыйым салуды Қазақстанның бүкіл халқына қызмет ету талабы; оны Мемлекет басшысының әрбір азаматтың, соның ішінде, өзіне қарсы дауыс берген азаматтардың да конституциялық құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттемесі ретінде қабылдады. Бұл – жаңа саяси мәдениет, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейі.

 

Президентке қойылған әділ әрі либералды талаптарды басқа да саяси лауазымдарға қолдана отырып, дәл осындай тәсілдерді (мемлекеттік міндеттерді атқару кезеңінде партия мүшелігінде болуға тыйым салу) әкімдерге қатысты да қолдану қажет деп есептейміз. Себебі, облыстар мен қалалар деңгейінде олардың қолында объективті түрде елеулі өкілеттіктер мен сайлау үдерістеріне ықпал ету мүмкіндіктері шоғырланған.

Әкімдер де, Мемлекет басшысы сияқты, атқарып отырған лауазымдарында партияластарына ғана емес, өздерінің өңір/қалаларының барлық азаматтарына қызмет етуі тиіс. Әкімдердің партиядан тыс болуы туралы ұсынысымыз конституциялық реформаға толық сай келеді деп санаймыз.

 

● Құрылтай мен мәслихаттардың бақылау функцияларын кеңейтуді орынды деп санаймыз. Ең алдымен, оларға адам өлімі немесе сыбайлас жемқорлық фактілері секілді қоғамда кең резонанс тудырған оқиғалар бойынша парламенттік тергеу жүргізу құқығын беру қажет.

Дамыған демократиялық жүйелерде парламенттік тергеу құқық қорғау органдарының қызметін алмастырмайды. Керісінше, ол Парламенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады. Алайда оның ерекшелігі – тергеліп жатқан фактілерге тек құқықтық қана емес, сонымен бірге ашық саяси баға берілуінде.

Құрылтайға парламенттік бақылаудың осындай тетігін беру мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді тек заң қабылдау барысында ғана емес, олардың іске асырылуын бақылау кезеңінде де қорғауға мүмкіндік берер еді.

 

● Үшіншіден, мемлекеттік бюджетті бақылаудағы Парламенттің өкілеттіктерін күшейту қажет. Мемлекеттің кез келген міндетті шешудегі мүмкіндіктері бюджетпен айқындалады. Алайда мемлекеттік қаражаттың едәуір бөлігі квазимемлекеттік сектор мен ұлттық компаниялар арқылы жария парламенттік рәсімдерден тыс жұмсалады. Сондықтан барлық мемлекеттік қаржыны қайтадан Құрылтайдың бақылауына қайтару – аса маңызды міндет.

Соңғы он бес жыл бойы Парламент Үкімет жұмысына негізінен бюджетті игеру көрсеткіштері арқылы ғана баға беріп келеді. Бірақ бюджет – бұл қаржылық құжат. Ал, қоғамға қаржылық құжатпен қатар, Үкімет күш-жігерін қандай мәселелерге бағыттап отырғанын (бюджет қаражатын игеруден бөлек), қандай нақты міндеттерді алдына қоятынын айқын көрсететін саяси құжат та қажет.

Үкіметтің әр жылға арналған әлеуметтік-экономикалық міндеттері Президенттің Жолдауларында айқындалады.

Осы орайда, Президенттің Жолдаулары жекелеген бір партияға емес, тұтас халық пен Парламентке арналатынын айта кету керек. Осыған байланысты, Президенттің кезекті Жолдауы жарияланар алдында Үкіметтің Құрылтай алдында алдыңғы Жолдаудың орындалуы туралы жария түрде есеп беру міндетін енгізу қажет деп санаймыз. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сәйкес, Үкіметтің Құрылтай алдындағы есептілігі қағидаты іске асырылатын болады.

 

● Мемлекеттік бюджеттен тыс жұмсалатын қаражатқа парламенттік бақылауға келсек. Мәселе тек мемлекеттік холдингтердің, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың бюджеттері туралы ғана емес. Мәселе тек мемлекеттік холдингтердің, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың бюджеттері туралы ғана емес. Азаматтар мен бизнестің барлық міндетті төлемдері, «жинақтаушы», «сақтандыру» немесе «мүшелік жарна» деген атқа ие болғанымен, шын мәнінде қосымша салықтарға айналды. Міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру қоры қаражатының дербестендірілмей пайдаланылуын, сондай-ақ БЖЗҚ-да ара-тұра туындайтын даулы жағдайларды ескерсек, бұл қорларды басқару, олардың шығыстары мен сыйақылары да Парламентте ашық талқылау мен бақылаудан өтуі тиіс.

 

● Мемлекеттік бюджет –  талапшылдық танытуда ұялуға болмайтын сала. Демократиялық елдерде бюджетті бақылау жөніндегі парламенттік комитеттерді дәстүрлі түрде оппозиция өкілдері басқарады. Мұның қисыны қарапайым: билік партиясы бюджетке иелік еткенмен, әріптестерінің талапшыл бақылауы бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етеді.

2020 жылы бюрократтардың сегіз жылдық қарсылығынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы арқасында «Ақ жол» демократиялық партиясы «Парламенттік оппозиция туралы» заңының қабылдануына қол жеткізді. Осылайша депутаттарымыздың микрофондарын өшіріп тастау, заң жобаларына енгізген түзетулерімізді Үкімет тарапынан «цензураға» ұшырату тәжірибесіне тоқтау салынды. Енді билік монополиясының орнына шынайы парламенттік көппартиялылықты қалыптастыру үшін әртүрлі партиялардан сайланған депутаттарға осындай өкілеттіктер беру керек.

 

● Президент Қ. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасымен қатар  мемлекет құрылымындағы басты новелласының бірі - билік пен қоғам арасындағы ашық диалогқа негізделген халық үніне құлақ асатын мемлекет формуласы болып табылады.

Билік тармақтарының бөлінуіне сәйкес, бұл функция ең алдымен өкілді органдарға тән. Алайда қоғамның талап-тілектерін толыққанды жүзеге асыру үшін олардың практикалық мүмкіндіктері де болуы қажет. Атап айтқанда, белгіленген лимит шегінде сайлаушылардың қажеттіліктеріне арналған белгілі бір қаражатты өз бетінше бөлу құқығы болуы тиіс.

Бюджет кодексінде Үкімет пен әкімдердің Құрылтай мен мәслихаттарда талқыланбай-ақ пайдаланылатын «республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу кезінде жоспарланбаған шығыстарды қаржыландыруға арналған» резервтері көзделген.

Бірақ, халықтың сенімі мен сайлаушылардың аманатын дәл Құрылтай иеленсе де, бюджет шығындарына байланысты депутаттардың бірде-бір бастамасы Үкіметтің келісімінсіз қаралмайды.

Осыған байланысты, парламентаризмді дамыту аясында «Ақ жол» демократиялық партиясы сайлаушылардың қоғамдық маңызы бар міндеттемелерін дербес шешу үшін Құрылтайға бюджеттен белгілі бір лимит бөлуді ұсынады. Бұл шешімдерді іске асыру міндеті атқарушы органдарға жүктелуі тиіс.

Кей жағдайда теміржол өткелі арқылы жаяу жүргіншілер көпірін салу немесе ауылға су құбырын тарту мемлекеттік компаниялар менеджерлеріне сыйақы төлеуден әлдеқайда маңызды.

Халық үніне құлақ асатын мемлекет ұстанымын жүзеге асыру аясында мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштеріне жедел назар аудару, басқару шешімдерін қабылдауда қоғам қатысуын кеңейту, мемлекеттік институттар қызметінің ашықтығы мен биліктің халық алдындағы есептілігін бекіту механизмдерін әзірлеуді ұсынамыз.

 

II.2. Кез келген елдегі демократияның басты өлшемі әрі айнасы – әділ сайлау болып табылады. Қазақстанның сайлау жүйесі азаматтардың құқықтарын кепілдендіруді және сайлау нәтижелерін бұрмалаудан қорғауды қажет етеді.

Сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі барлық рәсімдерге бейнемониторинг енгізу ұсынылады (бюллетеньдерді беруден бастап, оларды жәшікке салу, сайлау жәшіктерін ашу және дауыстарды санауға дейін).

Мұндай шешім сайлау заңнамасының айқын бұзушылықтарын, саяси бәсекелестік шиеленіскен сайын сөзсіз туындайтын заңсыз әрекеттер мен жанжалды жағдайларды тіркеуге мүмкіндік береді.

Бейнебақылау камераларын бет әлпетін автоматты тану жүйесімен жабдықтау, әртүрлі сайлау учаскелерінде бірнеше рет дауыс беретін сол адамдарды яғни «карусельді» анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, сайлау туралы Заңға сәйкес, дауыстарды санау кезінде бақылаушыларға әр бюллетень сайлаушының белгісін нақты ажыратуға мүмкіндік беретін қашықтықтан көрсетілуі керек. Бейнемониторинг жағдайында әрбір саналатын бюллетеньнің бейнебақылау камерасына ұқсас демонстрация, анық көрінетін дауыс беру белгісімен, қажет болған жағдайда, дауыстарды қайта санауға мүмкіндік береді. Бұл шара қоғамның сайлау жүйесіне деген сенімі үшін өте маңызды, өйткені бюллетеньдердің өзі кейіннен жойылып, бейнебақылау жазбалары ОСК бірыңғай серверінде сақталуы мүмкін.

Бейнемониторингті енгізу бақылаушылардың мәртебесі мен аккредитациясы туралы барлық пікірталастарды жояды, өйткені бүкіл ел бақылаушыларға айналады. Қазірдің өзінде мұндай мүмкіндік сайлауға деген сенімді күрт арттырады және көптеген, бұрын пассивті азаматтарды дауыс беруге тартуға жақсы ынталандыру болады.

Отандық цифрландыру деңгейімен Қазақстан үшін бұл жаңалық проблема тудырмайды.

 

● Сайлау процесіне цифрландыруды енгізу шеңберінде, келесілер ұсынылады:

а) Сайлау учаскелерін электрондық үкімет порталына қосылған сайлаушылардың жеке куәліктерінің штрих-кодтарын оқу үшін сканерлермен жабдықтау. Бұл шара сайлаушыны анықтап қана қоймай, e-gov жүйесі арқылы қайта дауыс беру мүмкіндігін жоққа шығаруға мүмкіндік береді.

б) Заңда көзделген сайлаушылардың қолдарын жинау қажет болған кезде (кандидаттардың өзін-өзі ұсынуы кезінде және т.б.) ЭЦҚ-мен куәландыра отырып, аумақтық сайлау комиссияларының интернет-платформаларында жазбаша да, электрондық түрде де қол жинауға рұқсат етілсін.

в) Электрондық дауыс беруді енгізу туралы мәселені қарау. Халықтың белсенді бөлігінің (жастар, кәсіпкерлер және т.б.) жоғары ұтқырлығына байланысты көптеген сайлаушылар дауыс беру күні кезекте тұрғысы келмейді және таңдау құқығын іске асырмайды.

Смартфон арқылы немесе дербес компьютерден дауыс беру мүмкіндігі халықтың осы топтарының сайлау белсенділігін едәуір арттырар еді. Сонымен қатар, мұндай арналарды жеке сәйкестендіру және қорғау мәселелері бар, бұл маңызды техникалық шешімдерді қажет етеді.

 

II.3. Тәуелсіз әрі әділетті сот құру – демократиялық процесс пен билік салаларын бөлудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Судьяның адалдығы мен беделіне кепілдік берілуі керек, қылмыс «серкелермен», қылмыстық немесе сыбайлас жемқорлыққа қатысты сотталған адаммен кез-келген байланысы болған судья немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері дереу лауазымынан босатылуы керек.

«Ақ жол» демпартиясы сот жүйесін түбегейлі реформалауды, адвокаттардың мәртебесі мен өкілеттіктерін (жаңа Конституцияға сәйкес) күшейтуді, сот процесіндегі шынайы бәсекелестік қағидатын енгізуді, сондай-ақ азаматтардың кінәсіздік презумпциясы қағидатын сөз жүзінде емес, іс жүзінде толық жүзеге асыруды қажет деп санайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды әрі прогрессивті реформаларының бірі ретінде мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалардың құқықтары мен мүмкіндіктерін теңестірген Әкімшілік соттың енгізілуін атап өтсек болады.

 

● Біздің таңдауымыз, «Ақ жол» демократиялық партиясының таңдауы – бұл еуропалық даму жолы, мемлекет пен қоғам қатынастарындағы еуропалық тәсілдер, еуропалық өмір сапасының стандарттары.



III. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖӘНЕ ДЕ-ОФШОРИЗАЦИЯ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және офшорға шығарылған миллиардттарды елге қайтару – «Ақ жол» демократиялық партиясының приоритетінің бірі.

Тек депутаттық сауалдар деңгейінде бұл мәселені біз оннан астам рет көтердік. «Ақ жол» ҚДП фракциясы сауалдарында Қазақстан капиталының Кипрден (2013 жылы), Швейцариядан (2015 жылы) қайтарылуының нақты мәселелерін, «Панама тізімі» (2016 жылы) және «Жұмақ досьеге» (2017 ж.) қатысты жағдайларды жүйелі түрде көтерді.

 «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттары еліміздің мемлекеттік органдармен ғана емес, сондай-ақ Брюссель, Цюрих, Пекин, Рига, Лондон, Сингапур және тағы басқа Еуропарламенті елдерінің мүшелерімен және өзге де елдердегі әріптестермен өткен кездесулерде ел игілігін  оффшордан қайтару тақырыбын талқылады.

 Олигархтар мен адал емес шенеуніктер, сондай-ақ олардың жақындары шығу тегі түсініксіз байлықтарын жұрт алдында ашық көрсетіп, даңғой әрі көзге ұратын өмір салтын мақтаныш етуде. Ал осы уақытта кейбір азаматтар жұмыс таба алмай жүр. Себебі, бұл қаражаттар айналымнан шығарылып, нақты мақсаттарға инвестиция ретінде пайдаланылмай отыр.

 

Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң күрес жүргізіп келеді. Оның ішінде қоғам мүшелері мен біздің партияның талаптарын да жоққа шығаруға болмайды. ҚР Заңнамаларына қажетті өзгерістер енгізіліп, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету және заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі Федералдық Қаржы мониторингі қызметінің (FATF) қағидаттары енгізілуде. Олар жыл сайын ірі компаниялардың мемлекеттік сатып алулар кезінде бопсалаушыларды тұзаққа түсіріп, жоғары лауазымды шенеуніктерді қамауда. Қашып кеткен жемқорлар мен олардың ұрлаған қаражатын қайтару жөніндегі жұмыстарды жүргізуде. Алайда бұл күрес Заң және Тәртіп қағидаты әрбір азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналмайынша, ешқашан толыққанды тиімді бола алмайды.

Біз қоғамда заңды құрметтеу, жауапкершілік пен әділеттілік, кез-келген құқық бұзушылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыра отырып, Заң мен Құқық қағидасын дәйекті түрде нығайта береміз. Заңды сақтау әрбір азамат үшін жалғыз мінез-құлық нормасына айналуы керек. Сыбайлас жемқорлықты алдын алу мен жоюға, заң бұзушылықтар үшін бұлтармас жауапкершіліктің болуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады.

Сыбайлас жемқорлық пен заңсыздыққа қарсы басты тосқауыл – азаматтардың құқықтық мәдениеті, құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік пен шенеуніктердің қоғам алдындағы ашықтығы.

 

● Сонымен қатар, біз тіпті жазасын өтегеннен кейін де сыбайлас жемқорлардың емін-еркін жүруі, шетелге шығуы мен меншікті басқару құқықтарын шектеуді ұсынамыз. Атап айтқанда, 10 жылға шетелге шығуға тыйым салу. Бұл шара олардың жасырған ақшасына қашып кетпей, капиталды Қазақстанға қайтару үшін қажет. Ондай жемқорлар өз еліне инвестиция салып, отаны үшін лайықты қызмет етсін.

● Сотталған жемқорларға республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында тұруға тыйым салатын жазаның түрін енгізу керек. Шағын қалаларға, аудан орталықтарына, ауылдарға және барып, онда халыққа лайықты үйлер салсын, жергілікті бизнеске қаражат құйсын және өмір сүру сапасын жақсартуға атсалыссын. Олардын жинаған қорларымен қаражат басқару тәжірбиесі де бар. Сол капиталдар мен  білімдерін өңірлердің дамуына жұмсасын.

● Ашық емес шарттарда шетелде тауарлар мен жабдықтарды сатып алу түрінде мемлекеттік қаражатты ұрлау мен шығарудың жолын кесу, мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алулары бойынша келісімшарттарды орындаушыларға шетелдік оффшорлық юрисдикцияларда тіркелген кәсіпорындармен мәмілелер жасауға тыйым салынсын.

● Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды құралы биліктің ашықтығы мен оның қоғам және БАҚ алдында есептілігі болып табылады. «Ақ жол» демократиялық партиясы квазимемлекеттік құрылымдардың мемлекет қаражатын пайдалануына қатысты жоспарлары мен есептерін бекітудің парламенттік тәртібін қажет деп санайды.

 ● Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тағы бір басымды бағыты – халықтан алынған миллиардттаған қаражатты ел игілігіне қайтару болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы осыған қатысты тиісті заң қабылданып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.

Бұл бағыттағы құқық қорғау органдарының күш-жігерін партиялық дипломатия арқылы толықтыру қажет деп есептейміз, себебі ұқсас заңдар бұған дейін Ұлыбританияда, Еуропарламентте және басқа да елдерде қабылданған. Бірқатар жағдайлардың тәжірибесі көрсеткендей, құқықтық сұраулар кейде парламенттік қолдауды қажет етеді.

«Ақ жол» демпартиясы бұл мәселені Еуропарламент, Швейцария, Ұлыбритания, Латвия және басқа да елдердің депутаттарымен талқылаудағы өз тәжірибесіне сүйене отырып, бұл жұмыстарға жәрдем көрсетуге дайын екенін білдіреді.

Осы және өзге де мәселелер «Ақ жол» демпартиясының тұрақты назарында болып қала береді.

IV. ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК

 

Қазіргі қоғамның басты мәселелерінің бірі – бай мен кедей арасындағы әлеуметтік алшақтықтың ұлғаюы. Сонымен бірге, біздің басты байлығымыз мұнай және металл ғана емес, бүгінгі таңда әділетсіздік салдарынан қорлық көріп отырған дарынды және еңбекқор халқымыз деп санаймыз. Бұл мұқтаж жандарға, кәсіпкерлерге, тіпті көптеген мемлекеттік қызметшілерге де қатысты.

Әлеуметтік әділеттілік және ел азаматтарының қадір-қасиетіне деген көзқарасы білім беру және медицина сапасымен, қолжетімді тұрғын үй мен лайықты жұмыспен айқындалады. Осы салалардың әрқайсысы қаржыландырудың жетіспеушілігі мен жемқор шенеуніктердің ұрлығынан зардап шегуде.

Қазақстанда кедейлер мүлдем болмауы керек. Біздің елімізде әрбір адамда лайықты баспана, лайықты жұмыс болуы үшін, оны азаматтар да, мемлекет те құрметтеуі үшін қажеттінің бәрі — табиғи қорлар мен таланттар жетеді.

Қазақстан сияқты бай елде, үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдар ата-аналар балаларын емдеу үшін ақша жинап, ал аналары түнде жұмыс істеуге және балаларын қараусыз қалдыруға мәжбүр ететін жағдайларға жол бермеуі тиіс.

 

Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін:

Халықтың аз қамтылған топтарын қолдау үшін «Әлеуметтік әмиянды» толыққанды іске қосу.

● Халық жинақтарын ұқыпты ұстау үшін БЖЗҚ мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету керек. Бұл қорлардың  қаражаттары, олардың  қызметкерлерінің  жалақылары мен  шығындары  ашық талқыланып, Парламентте мақұлданғаны жөн.

Міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорының қызметі нақты жарна төлеушілерге тікелей байланыстырылуы тиіс.

Әрбір азамат өзінің төлемдері есепке алынатын ӘМСҚ-те өзінің жеке шотын бекітуі керек және тек салымшының келісімімен оның немесе туыстарының емделуіне сол шоттан ақша аударылады. Осы арқылы кез-келген адам өзіне емхана мен дәрігер таңдап, сапасыз емдеу жағдайында мұндай қызметтерді төлеуден бас тарта алады.

Сонда қызметкерлер өз міндеттеріне ұқыптылықпен қарайды, ал жұмысына адал медицина қызметкерлері ауыр еңбегі үшін лайықты жалақы алады. Нарықтық сақтандыру медицинасы деген осы.

            ● Білім және Денсаулық сақтау министрліктерінің, МӘМС қоры мен өзге де мемлекеттік құрылымдардың қызметінде мемлекеттік қана емес, сондай-ақ жекеменшік және меншіктің өзге де (кооперативтік, ұжымдық, коммерциялық емес және т.б.) нысанындағы медициналық, білім беру және басқа да әлеуметтік мекемелердің тең құқықтары мен оларға қатысты тең реттеу қағидаты жаңа халықтық Конституцияда көзделгендей қатаң сақталуға тиіс.

● Ауыл жастарының қалаға көшуін қолдау үшін әкімдіктер шағын өндірістерге, оқу орындарына және әлеуметтік инфрақұрылымға арналған үй-жайлары бар ықшам әлеуметтік тұрғын үйлерді жаппай салуы керек.

Жастардың қалаға бейімделуіне, білім алуына және жұмыс істеуіне, аяққа тұруына және өздеріне қолайлы жағдай жасауына ынталы болуы үшін мұндай баспана қарапайым әрі арзан болуы керек.

● Жас отбасыларды ынталандыру үшін 2013 жылдан бастап «Ақ жол» демократиялық партиясы жас отбасылар үшін ипотекалық несие бойынша субсидияланған пайыздық мөлшерлемелерді әр бала туылған кезде 25 пайыз мөлшерінде енгізуді табанды түрде ұсынып келеді. Одан кейін екінші бала туғанда мемлекет ипотеканың 50 пайызын субсидиялайды, ал 4-ші бала туылған кезде, мұндай отбасы ипотеканың барлық сомасына субсидия алуы керек.

Бүгінде үкіметтік бағдарламалар көпбалалы отбасыларға арналған. Бірақ ешқандай отбасы бірден көпбалалы отбасы болмайды. Жастарды әрбір кезекті баланың дүниеге келуіне кезең-кезеңмен ынталандыру керек.

● Әлеуметтік қорғау – ең төменгі зейнетақыны, ең төменгі жалақыны және әлеуметтік төлемдерді АЕК-пен емес, ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептеу керек, қажетті шығындарды қамтитын тұтыну себетінің нақты құнымен анықталып, онда азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметтер және қоғамдық көліктер шығындары ескерілуі керек. Еуропа елдерінде тұтыну себеті мәдени ойын-сауық шығындарын да қамтиды, өйткені ол тұрмыс сапасына ықпал етеді.

● Осыған орай, әркім өзінің пәтер кезегінің алға жылжуын қадағалау үшін әлеуметтік тұрғын үйді бөлу кезегінің ашық мониторингін жүргізуді ұсынып отырмыз. Егер бұл тұрғын үй басқа тұлғаларға қайта сатылған немесе жалға берілген болса, мұндай пәтерлер алынып, мүгедектерге, жетім балаларға және кезекте тұрған көп балалы отбасыларға қайта бөлінуі керек.

● 2022 жылы «Ақ жол» демократиялық партиясының он жылға жуық талабынан кейін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды. Бірақ мемлекеттік органдар ондағы біздің басты талабымыз – банктер мен коллекторлардың халықтың жалғыз баспанасын тартып алуына тыйым салудан тағы да жалтарды. Жаңа Конституцияда сот шешімінсіз тұрғын үйден шығаруға тыйым салу енгізілді. Біз бұл ұстанымды қолдаймыз және оны қисынды қорытындысына дейін жеткізу қажет деп санаймыз. Ол үшін азаматтарды жалғыз баспанасынан шығаруға толық тыйым салуды енгізу керек.

● Ел болашағы үшін дәрігерлер мен педагогтер еңбегінің айрықша маңызын ескере отырып, олардың жалақысының тұрақты түрде өсіп отыруына кепілдік беру, сондай-ақ артық есептілік пен қажетсіз бюрократиялық рәсімдерден босату қажет.

● Қаржыландыру және бақылау мәселелерінде Үкіметтің мемлекеттікпен қатар, жеке меншік медициналық және білім беру ұйымдарына да тең дәрежеде қарауын қамтамасыз ету керек.

Ақылды, білімді азаматтарымыздың сыртқа кетуіне жол бермеу мақсатында әлемнің үздік университеттерінде білім алып, жетекші технологиялық компанияларда тәжірибе жинақтаған дарынды жастарды елге қайтаруға бағытталған арнайы бағдарлама қажет.

Қазақстанда тұру және жұмыс істеу, өз елінде өсу перспективаларын алу кез келген басқа шет елдерге қарағанда әлдеқайда тартымды болуы керек.

● Барлығының «Заң және тәртіп» қағидаты алдындағы теңдігі саясаты аясында әлеуметтік дискриминацияның кез келген түріне қарсы заңдар қабылдауды және гендерлік теңдікті белсенді түрде ілгерілетуді жөн деп санаймыз.

● Кедейлік пен әлеуметтік жіктелуді азайту үшін жаһандық теңсіздікпен күресуге бағытталған халықаралық бағдарламаларды іске асырудағы әлемдік тәжірибе мен ынтымақтастыққа кеңінен сүйену қажет.

● «Ақ жол» демократиялық партиясы азаматтарды заңсыз несие берушілерден, жалған МҚО-лардан, коллекторлардың бассыздығы мен құқық аясынан тыс өсімқорлықпен әрі қарыз өндірумен айналысатын өзге де тұлғалардан жүйелі қорғауды қамтамасыз ету қажет деп санайды.

Заңсыз несие беру, жасырын комиссиялар, қарыз шарттарының ауырлығы, қосымша қызметтерді мәжбүрлеп ұсыну, берешекті өндіріп алу кезінде агрессивті әрекеттерге жол беру, қарыз алушылар мен олардың жақындарына қысым көрсету, бопсалау, кей жағдайда ашық ақша талап етуге дейін баратын заңсыз әрекеттер, сондай-ақ жеке және биометриялық деректерді заңсыз жинау азаматтардың қаржы жүйесіне деген сенімін әлсіретіп, қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті күшейтеді және адал нарық қатысушыларына зиян келтіреді.

Партия заңсыз өсімқорлықтың, рұқсатсыз несие беру қызметінің және заң талаптарын бұзатын коллекторлық қызметтің алдын алуға бағытталған тиімді тетіктерді қалыптастыруды, сондай-ақ мұндай қызметтердің жарнамасын дер кезінде бұғаттауды және осындай интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеуді қолдайды. Осыған байланысты Ұлттық банк пен Қаржы мониторингі агенттігіне азаматтарға елеулі залал келтірмей тұрып қызметінің жолын кесу үшін қаржылық пирамидалар мен өзге де алаяқтық әрекеттерді дер кезінде анықтайтын цифрлық жүйе құру қажет.

«Ақ жол» азаматтардың борыштық жүктемесін азайтуды, ең осал тұтынушылардың өзі әділетсіз пайыздық мөлшерлемелер мен алаяқтардан сенімді қорғалатын адал әрі ашық несие нарығын қалыптастыруды жақтайды.

V. НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ

«Ақ жол» демократиялық партиясы либералды нарықтық экономиканың берік жақтаушысы, адал бәсекелестік пен жеке кәсіпкерлікті шектейтін монополияландыру мен мемлекеттің шамадан тыс араласуының оппоненті болып табылады. Осыған байланысты біз Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығының толыққанды орындалуын табанды түрде талап етуді жалғастырамыз.

Қазіргі уақытта нарық еркіндігін шектеуге және мемлекеттік органдардың бақылау функцияларын күшейтуге бағытталған әрекеттер байқалуда. Мұндай үрдістер кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жағдай жасайды. Сондықтан біз Президент Қ.Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тексеруші органдардың барлық талаптарын Міндетті талаптар тізіліміне енгізіп, олардың Кәсіпкерлік кодексіне сәйкестігіне ревизия жүргізу қажеттілігі жөніндегі тапсырмаларын сенімді түрде қолдаймыз.

Мемлекеттік органдардың бақылау өкілеттіктері инвесторлар мен бизнестің прокуратура тарапынан қорғалуға және анықталған кемшіліктерді жазалаушы санкцияларсыз өз бетінше түзетуге деген құқығымен теңгерілуі тиіс деп санаймыз. Президент атап өткендей, «Мемлекеттік органдардың бизнесті ескерту шараларының орнына әлі де барынша қатаң әкімшілік шешімдер арқылы жазалайтыны туралы сигналдар келіп түсуде. Бұл жол беруге болмайтын жағдай» (2025 жылдың 8 қыркүйегіндегі Жолдау).

 

Барлық қазақстандықтарды мұнайшы немесе банкир ету мүмкін емес. Бірақ әр азаматқа шағын және орта бизнес арқылы ұлттық табыстан өз үлесін табуға мүмкіндік беруге болады.

Осыны ескере отырып, «Ақ жол» демпартиясы Үкіметке жекелеген субъектілерге бәсекеден тыс артықшылықтар беріліп, ал өзгелері күн көру үшін күресуге мәжбүр болатын «қолмен басқару» тәсілдерінен бас тартуды ұсынады. Бұл жүйеде негізгі рөл түрлі жеңілдіктер мен артықшылықтарды бөлетін шенеуніктерге тиесілі.

Алайда шынайы нарықтық экономикада шенеунік бизнеске «басшы» емес, кәсіпкерлердің көмекшісі әрі серіктесі болуы тиіс. Нарықтық негіздерге қайта оралу үшін ұлттық экономиканы ырықтандыру, мемлекет иелігінен шығару және монополиясыздандыру жұмыстарын жалғастыру қажет деп санаймыз.

Экономиканы ырықтандыру байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік алшақтықты толыққанды орта тап қалыптастыру арқылы қысқартуға бағытталуы тиіс. Либералды экономика – шынайы нарықтық тарифтер мен бағалар. Сондықтан халықты әлеуметтік қорғау бизнеске қысым жасау арқылы емес, шын мәнінде мұқтаж азаматтарға атаулы көмек көрсету, жұмыспен қамтуды кеңейту және халық табысын арттыру арқылы қамтамасыз етілуі қажет.

● Либералды экономика инфляцияны Ұлттық банктің жоғары мөлшерлемелері арқылы емес, ең алдымен негізгі азық-түлік тауарларының отандық өндірісін дамыту арқылы  ғана тежей алады.

● Ырықтандыру тек бизнеске әкімшілік қысымды азайтуды ғана емес, сондай-ақ бақылаумен айналысатын шенеуніктер санын қысқартуды да көздеуі тиіс. Әйтпесе олар бұрынғы міндеттерінің орнына өздеріне жаңа функциялар ойлап табады.

 

Кәсіпкерлікті қолдау экономикалық әлеуетті арттыру құралы ретінде ғана емес, ең алдымен кедейлік пен жұмыссыздыққа қарсы күрестің басты тетігі, орта тапты қалыптастырудың және қазақстандықтарды ұлттық табысты бөлудің толыққанды қатысушысына айналдырудың маңызды факторы болып табылады.

 

Біз орын алған саяси реформалардың жалғасы әрі материалдық көрінісі ретінде экономикалық реформалар қажет болатын межеге келдік.

Бұл өзгерістердің шынайы қозғаушы күші экономика мен қоғамда адал бәсекелестікті ілгерілететін кәсіпкерлердің жаппай тобы бола алады.

Жаңа заңдарды әзірлеу барысында шағын және орта бизнестің мүдделерін қорғап, бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайлар мен инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал ететін бастамаларды тұрақты түрде ұсынып жүрген «Ақ жол» демократиялық партиясының қызметі дәл осындай кәсіпкерлер табын дамытуға бағытталған.

 

Шағын және орта бизнес экономикамен және нақты аймақтардағы, қалалар мен ауылдардағы азаматтардың жергілікті жерлердегі сатып алу қабілетімен тығыз байланысты.

Сондықтан, «Ақ жол» демпартиясы жұмысының негізгі құрамдас бөлігі - өңірлерді дамыту мен партияның жергілікті мәслихаттардағы, әсіресе облыс пен қала деңгейлеріндегі депутаттық фракцияларын нығайту болып табылады.

Экономиканың шынайы секторын, озық салалар мен отандық өндірушілерді қолдауға қатысты дәстүрлі акценттерден бөлек, біз дің жастар, әйелдер кәсіпкерлігі мен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аударамыз.

 

V.1. Мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке араласуын шектеу

● Либералды экономиканың басты шарты – мемлекеттік органдардың нарықтық қатынастарға араласуын қысқарту, экономикалық саясаттың басымдықтарын бақылаудан үйлестіруге көшіру және атаулы әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету. Мемлекет бизнес жүргізуге рұқсаттарды әкімшілендірудің орнына азық-түлік пен тарифтер бойынша мақсатты субсидиялар арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуі тиіс. Қалған қоғам мүшелері нарықтық жағдайларда өмір сүруі қажет. Осы мақсатта мынадай шараларды ұсынамыз:

 

● Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізімін (ӘМТТ) бағалық реттеуден бас тартып, мұқтаж жандарды қолдау шараларын Әлеуметтік әмиян арқылы алмастыру.

● Бақылаушы органдар алғаш рет анықталған бұзушылық бойынша кәсіпкерге қандай да бір санкция қолданбай, кемшіліктерді өз бетінше жоюға мүмкіндік беруге міндеттелетін құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған сервистік модельді енгізу.

● Міндетті есептіліктер санын қысқарту.

●Экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыру. Мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік экономикалық әдістермен, ең алдымен айыппұлдар арқылы жүзеге асырылуы қажет.

● Кәсіпкерлерге қатысты Қамауға алуға, бопсалауға және бизнестің күйреуіне алып келетін қылмыстық қудалауды тоқтату. Қамауға алу шарасы ақшалай кепілмен алмастырылуы тиіс. 2025 жылы бірнеше жылға созылған талқылаулардан кейін «Ақ жол» демпартиясы Қылмыстық кодекске ресми түрде жұмыс істейтін кәсіпорындардағы лауазымдық міндеттердің бөлінуіне ғана сүйеніп, бизнесті ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыптауға жол бермеу туралы түзетудің енгізілуіне қол жеткізді. Кейіннен бұл ұстанымды Конституциялық Сот та растады.

Алайда соттар мен құқық қорғау органдары мұндай негізсіз айыптау тәжірибесін әлі де жалғастырып келеді.

 

V.2. Индустриялық саясат және өнеркәсіпті модернизациялау

Ұлттық экономиканың өнеркәсіптік негізін қалыптастыру үшін мыналар қажет:

● 2024 жылы «Ақ жол» фракциясы Жер қойнауы туралы кодекске ірі жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық өндірушілерден тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алу арқылы ел ішіндегі құндылықты дамыту бағдарламаларын қабылдау жөніндегі талапты енгізуге қол жеткізді. Алайда бұл талаптың іске асырылуы қарқын алмай отыр. Сондықтан оның толық орындалуын қамтамасыз ету үшін келесі кезеңде ірі жер қойнауын пайдаланушылардың ел ішіндегі құндылықты дамыту бағдарламаларын орындамағаны үшін жауапкершілігін енгізу қажет.

 

● Мұнай-газ машина жасаудың халықаралық орталығының (ТШО, NCOC және «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» құрған) қызметі аясында отандық зауыттардың тапсырыс берушілер талаптарына сай жабдық өндіруді игеруі үшін қажетті лицензиялар мен техникалық құжаттаманың құны өте жоғары екені анықталды. Осыған байланысты бизнестің тиісті өндірісті жолға қою және жабдықты нарыққа шығару жөніндегі қарсы міндеттемелері негізінде заманауи жабдық өндірісіне арналған халықаралық лицензиялар мен техникалық құжаттаманы сатып алу шығындарын субсидиялау мәселесін қарастыру қажет.

 

● Қолданыстағы кәсіпорындардың созылмалы түрде толық жүктелмеуіне байланысты ішкі нарықты ұқсас өнім шығаратын шетелдік өндірушілерден қорғау жөнінде шаралар қабылдау қажет (соның ішінде ЕАЭО ұлттық режимінен уақытша шығару тетіктерін пайдалану арқылы).

Сонымен қатар технологиялық тұрғыдан артта қалған өндірістердің қызметін қайта бейімдеуге және олардың өндірістік инфрақұрылымын заманауи міндеттер үшін пайдалануға бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет.

 

● Отандық өндірушілерді қолдау және олардың монополистер көрсететін қызметтерге жұмсайтын шығындарын азайту мақсатында кәсіпкерлердің өз таңдауы бойынша электр энергиясын тұтынуға арналған түнгі тарифті қолдану тәжірибесін қайта енгізу қажет. Қазіргі уақытта түнгі тарифтен бас тарту аталған шығындарды 25 пайызға дейін арттырды.

 

● Өнеркәсіптің өңдеуші салаларын және дайын өнім өндірісін дамыту мақсатында қосылған құн салығынан (есепке жатқызу әдісі арқылы) босату тетігі қолданылуда. Осы норманы одан әрі дамыту үшін отандық тауар өндірушілер пайдаланатын және елімізде өндірілмейтін шикізатқа, материалдарға, жабдықтарға және қосалқы бөлшектерге салынатын импорттық кедендік баждарды барынша төмендету ұсынылады.

 

● «Ақ жол» демпартиясы тау-кен металлургиясы саласындағы стратегиялық активтердің ұлттық инвесторлардың бақылауына қайтарылуын қолдайды. Саладағы қазақстандық бизнес рөлінің күшеюі Жаңа Конституциядағы жер мен жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі деген қағидатқа толық сәйкес келеді, демек, экономикамызда ұлттық мүдделер әрдайым бірінші орында тұруы тиіс.

Бағалы және сирек жер металдарының заңсыз сыртқа шығарылу қаупін болдырмау үшін экспортталатын кендер мен концентраттарға қатаң мемлекеттік бақылау жүргізетін заманауи химиялық зертхананың жедел құрылуын талап етуді жалғастырамыз.

 

● «Ақ жол» демпартиясының талабымен Жер қойнауы кодексі мен «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңда ел ішіндегі қосылған құнды және жергілікті қамтуды дамытуға бағытталған нормалар қарастырылған. Бұл талаптар ірі жер қойнауын пайдаланушыларды қазақстандық өндірушілермен және мердігерлермен жұмыс істеуге міндеттейді.

 

Мұндай бағдарламалар тек міндеттеуге ғана емес, ынталандыруға да негізделуі қажет. Отандық өндірушілерді дамытуға, жабдықтар, жұмыстар мен қызметтерге арналған тапсырыстарды жергілікті бизнеске, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікке беруге қомақты инвестиция салатын компанияларға жеңілдіктер ұсынылуы тиіс: кәсіпорындардың экономикалық саясатында қатаңдық ғана емес, ынталандыру да болуы қажет.

 

Экономиканың жаңа моделі аясында климаттық күн тәртібі де қарастырылуы тиіс. Бүгінде климаттық саясат экология мәселесі ғана емес, өнеркәсіптік, инвестициялық және сауда саясатының маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Қазіргі таңда әлемдік сауданың жаңа қағидалары дәл осы бағыт арқылы қалыптасып жатыр.

Климаттық өзгерістер енді болжам ғана емес, өңірлерде кәсіпкерлеріміз бетпе-бет келіп отырған шындық - әлемде мұздықтар аумағы 30 пайыздан астамға қысқарды, құрғақшылық, алапат су тасқындары, аптап ыстық пен табиғи өрттер жиіледі. Мұндай әрбір оқиғаның артында адами трагедиялар ғана емес, түптеп келгенде мемлекеттердің экономикалары көтеретін миллиардтаған теңге көлеміндегі шығындар тұр. Отандық бизнестің мұндай өзгерістерге бейімделуі экономиканың тұрақтылық, азық-түлік қауіпсіздігі мен Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етеді.

 

Климаттық саясат кәсіпорындарымызға экологиялық таза әрі органикалық өнімдер өндіріп, экспортқа шығуына көмектесуі керек. Сонымен қатар бұл экономиканың жаңа салалары мен жаңа өсім көздерін құрып, климаттық қаржыландыру тетіктері арқылы инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

 

Бастысы, бұл – энергетикалық қауіпсіздік. Бизнес пен инвестициялар үшін энергиямен жабдықтаудың сенімділігі мен болжамдылығы аса маңызды. Сондықтан энергетиканы жаңғырту, жаңа генерация көздерін (соның ішінде таза көмір энергетикасын) және энергия жинақтаушыларын дамыту – бұл экология ғана емес, экономикалық қауіпсіздік пен орнықты дамудың мәселелері.

 

V.3. Жаңа Салық кодексінің әділетті әлеуетін дамыту

● «Ақ жол» фракциясының көпжылдық талаптарының нәтижесінде жаңа Салық кодексінде экономиканың басым секторлары үшін сараланған төмендетілген салық мөлшерлемелерін қолдану қағидаты енгізілді.

Алайда алғашқы кезеңде біздің талаптарымызға қарамастан, төмендетілген мөлшерлемелер тұтыну нарығының негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ететін азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп салаларына, энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, сондай-ақ ұлттық экономиканың технологиялық күрделілігі мен даму деңгейін айқындайтын машина жасау және ақпараттық технологиялар салаларына қолданылған жоқ.

Салықтарды саралау тек басым салаларды қолдауға ғана емес, сондай-ақ банктер мен ірі шикізат компанияларының аса жоғары пайдасына салынатын салықтарды арттыру арқылы бюджет кірістерін ұлғайтуға да мүмкіндік береді.

 

● Осыған байланысты, салық реформасының жаңа кезеңінде «Ақ жол» демпартиясының азық-түлік пен жеңіл өнеркәсіп, энергетика мен ТКШ; сондай-ақ, машина жасау мен ІТ-техологиялар салаларына ҚҚС-тың сараланған мөлшерлемелерін қолдану жөніндегі ұсыныстарына қайта оралған жөндеп санаймыз.

Атап айтқанда, жаңа Конституцияда бекітілген жедел дамитын қалалар жобаларын іске асыру аясында бұл тәсілді осындай қалалардың аумағында жүзеге асырылатын барлық инновациялық және инвестициялық бастамаларға, оның ішінде цифрлық экономика мен криптонарықты дамыту жобаларына қолдану қажет.

Осындай қалалардың табысты халықаралық тәжірибесін ескере отырып, бәлкім, олардың технологиялық жобаларын жеке табыс салығынан басқа барлық салық түрлерінен толық босату мәселесін қарастыру керек шығар. Олардың экономикамызға қосатын үлесі – жаңа технологиялар, жаңа жұмыс орындары және білікті кадрлар даярлау.

 

● Сондай-ақ шағын және орта бизнесті салықтық әкімшілендіру шараларын талқылауды жалғастырған пайдалы болар еді. Атап айтқанда, АСР үшін ЭҚЖК қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту және (ірі бизнестің жасанды бөлшектенуін жойғаннан кейін) В2В мәмілелеріне қатысты шектеулерді қысқарту немесе алып тастау мәселелерін қарастыру қажет.

Бұл адамдарға мемлекетке масыл болмай, өз еңбегімен күн көріп қана қоймай, өзгелерге де жұмыс беріп отырғаны үшін алғыс айту керек.

 

V.4. Қаржы-инвестициялық саясат

«Ақ жол» демократиялық партиясы инвестициялар үшін шын мәнінде тартымды ынталандырулар мен құралдарды енгізуді аса маңызды деп санайды.

● Екінші деңгейлі банктердің бизнеске инвестициялық несие беруіне (негізгі құралдарды, ғимараттар мен жабдықтарды сатып алуға) бағытталған қаражатқа қатысты пруденциялық нормаларды төмендету мәселесін пысықтау қажет.

Соның ішінде, мұндай несиелер бойынша екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінен төмен икемді пайыздық мөлшерлемелер белгілеуін ынталандыру мүмкіндігін зерделеу керек.

 

● Қор нарығында шетелдік портфельдік инвестициялардың жеткіліксіздігі және қазақстандық алаңдардың халықаралық бағалы қағаздар нарығына әлсіз кірігуі байқалады.

«Ақ жол» фракциясының пікірінше, бұл кемшіліктерді дәстүрлі бағалы қағаздар нарығымен салыстырғанда бірқатар технологиялық артықшылықтарға ие криптонарықты жедел дамыту арқылы еңсеруге болады.

 

● Криптоиндустрия құралдарын, соның ішінде кәсіпорындардың меншікті токендерін дамыту арқылы қор нарығына шетелдік портфельдік инвесторларды тарту бағытындағы жұмысты перспективалы деп санаймыз.

Осы мақсатта қазақстандық криптонарықтың жаһандық криптожүйеге кірігуіне жәрдемдесу, ал оның қалыптасу кезеңінде эмитенттер мен инвесторларға салықтық жеңілдіктер беру ұсынылады.

 

● Инновациялық кәсіпорындар іске қосылып, нақты экономика секторында (кемінде 3–5 жыл) тұрақты жұмыс істегеннен кейін, егер олардың қызметі Қазақстанда бұрын өндірілмеген өнімдерді игерумен байланысты болса, салынған инвестициялардың 50 пайызына дейінгі көлемін салықтарды есепке жатқызу әдісі арқылы қайтару.

 

● Президент тапсырмаларына сәйкес, Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб инвесторлардың қарсы міндеттемелері негізінде кез келген преференциялар түрін талқылауға ашық болуы тиіс.

Мұндай тәсілдің болмауы өңірлердегі арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) төмен тиімділігінің бір себебі болып табылады. Біздің АЭА-лар қажетті нәтижеге қол жеткізе алмай отыр, өйткені ұсынылатын жеңілдіктер толыққанды жұмыс істемейді және көптеген елдердегі ұқсас шаралардан артта қалып қойған.

Инвесторларға қандай да бір қиялдар емес, бизнестің өзіне шын мәнінде қажет қолдау шаралары ұсынылуы тиіс. Сонымен қатар инвесторларға көзделген преференцияларды беруден негізсіз бас тартқаны үшін жауапкершілікті бекіту қажет. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар орын алып жатады.

 

● Халықаралық тәжірибеде инвестициялық ынталандырудың маңызды құралдарының бірі (өндірісті кеңейтуге немесе жаңғыртуға) қайта инвестицияланған пайдаға корпоративтік табыс салығын (КТС) салудан босату болып табылады.

Негізгі құралдарға (ғимараттарға, құрылыстарға және жабдықтарға) қайта инвестицияланатын пайданы КТС-тен босату нормасын шағын және орта бизнесті қоса алғанда, бүкіл өндірістік бизнеске қолдану қажет.

 

V.5. Квазимемлекеттік секторды қысқарту және ашық нарықтардағы бәсекелестікті қалпына келтіру

Президенттің экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығының идеологиясына сәйкес, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара қатынастарды қайта бағалау қажеттілігі туындап отыр.

Даму институттары банктік несиелеудің орнын баспай, тұтас экономиканың технологиялық деңгейі мен құрылымына ықпал ететін ірі өндірістік жобаларды іске асыру үшін ғана пайдаланылуы қажет.

Осыған байланысты «Бәйтерек» ҰИХ мандатын нақтылау қажет.

Даму институттарында масылдық көңіл-күйдің қалыптасуына жол бермеу үшін бизнесті қолдауға бөлінген, бірақ игерілмеген қаражат бюджетке қайтарылуы тиіс немесе кем дегенде олардың депозиттерінен алынатын бүкіл инвестициялық табыс бюджетке алынуы қажет.

 

● Ұлттық компанияларға, олардың шамадан тыс көбейіп кеткен еншілес және тәуелді ұйымдарына (бес деңгейге дейін!), сондай-ақ министрліктер мен әкімдіктердің қарамағындағы кәсіпорындарға келсек. «Ақ жол» демпартиясы тек табиғи монополиялармен және мемлекеттің айрықша мүдделерімен байланысты құрылымдарды ғана сақтап қалу қажет деп есептейді. Соның ішінде, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мандатына сәйкес. Қалған барлық құрылымдар жекешелендіру жоспарларына енгізіліп, бәсекелі ортаға берілуі қажет.

Сондай-ақ Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ұлттық компаниялардағы басқарушы қызметкерлердің (топ-менеджерлердің) саны мен өндірістік қызметкерлер санының арақатынасын белгілеу және «сол жағалаудағы» артық бірліктерді қысқарту орынды деп санаймыз.

 

● Өңірлердегі бизнестің адал бәсекелестігіне елеулі кедергі келтіретін факторлардың бірі – тіпті азық-түлік нарығындағы тұрақтандыру қорларының міндеттерін де толыққанды атқара алмай отырған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметі.

Олардың қызметі, әсіресе жеңілдетілген несиелер беру саласы заңнамамен тиісті деңгейде реттелмеген. Бұл тиімсіз басқаруға және мұндай ресурстарға қол жеткізе алмайтын жеке бизнеске қатысты әділетсіз бәсекелестікке жағдай жасайды.

Сондықтан олардың өңірлік экономикадағы рөлін нақты айқындап, қажет болған жағдайда қайта ұйымдастырып, қызметін тұрақтандыру қорларының жұмысына шоғырландыру қажет деп санаймыз.

 

● Экономиканы ырықтандыру туралы Жарлықтың маңызды талаптарының бірі – мемлекеттің бәсекелі нарықтардағы қатысуын шектеу.

Осы талапты іске асыру мақсатында «Ақ жол» фракциясы 2025 жылы заңнамаға жеке кәсіпорындар қатысатын реттелетін сатып алуларға квазимемлекеттік компаниялардың қатысуына тыйым салатын норманы енгізді. Алайда кейіннен Қаржы министрлігінің бұйрығы арқылы бұл норма бейтараптандырылды.

«Ақ жол» демпартиясы аталған талаптың мүлтіксіз орындалуын және осы бұйрықтың күшін жоюды талап етеді. Егер ұлттық компаниялардың құрылымдары мұндай сатып алуларға қатыспай жұмыс істей алмаса, олар жекешелендіріліп, бәсекелі нарықта дербес қызмет жүргізуі тиіс.

 

V.6. Ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен қатынастар

Ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар пайдаланатын мұнай-газ және тау-кен жабдықтары мен қосалқы бөлшектерін отандық кәсіпорындардың өндіруін игеруі үшін, түпнұсқа өндірушілермен ынтымақтастық аясында шығарылатын мұндай өнімдерді ішкі нарықта қосылған құн салығынан босату қажет. Әйтпесе шетелдік жабдықты елге кіргізу қазақстандық өнімді сатып алудан әлдеқайда арзан болып қала береді.

● Жер қойнауы туралы кодекстің ірі жер қойнауын пайдаланушылардың ел ішіндегі құндылықты дамыту бағдарламаларын бекіту жөніндегі талабын орындау мақсатында қабылданған міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапкершілік енгізу қажет.

● Сонымен бірге импортты алмастыру қандай да бір бәсекеге қабілетсіз бизнесті қолдаудың мақсатына айналмауы тиіс. Отандық өнім Қазақстан нарығында да, халықаралық нарықтарда да ең жоғары талаптарға сай болуы қажет. Осы мақсатта елдегі техникалық реттеу саясатын түбегейлі қайта қарау қажет.

● Мемлекет басшысының тапсырмасына және жер мен жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі деген конституциялық қағидаға сүйене отырып, келісімшарттарды (оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдерді) ұзарту жөніндегі келіссөздер барысында Үкімет ұлттық мүдделерді қорғауға және қазақстандық тарап үшін шарттарды жақсартуға ұмтылуы тиіс.

2022 жылғы конституциялық референдумнан кейінгі алғашқы күндерден бастап осы мәселені көтеріп келе жатқан «Ақ жол» демпартиясы келіссөздер аяқталғаннан кейін қоғамға қол жеткізілген нәтижелер мен келісімшарт талаптарының нақты қалай жақсарғаны туралы толық ақпараттың берілуін қажет деп санайды.

 

VI. САЛИҚАЛЫ СЫРТҚЫ САЯСАТ

«Ақ жол» Демпартиясы Республиканың сыртқы саясаты, оның ішінде интеграциялық одақтарға қатысу, ең алдымен, еліміздің ұлттық мүдделеріне, сондай-ақ халықаралық сахнадағы басты субъектілермен қарым-қатынаста салиқалы саясат керек деп санайды.

Сонымен қатар, ешбір бірлестік Қазақстанның тәуелсіздігі мен жер тұтастығы сияқты құндылықтарға қауіп төндірмеуі керек. Интеграцияға қатысу бір ғана мақсаты бар – өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты, адамзаттың озық жетістіктеріне қол жеткізу; және Республиканың саяси Тәуелсіз егемендігін шектеуге жол бермеу керек.

 Мемлекеттер арасындағы дауларда, халықаралық құқық нормаларын, бейбіт өмір сүру және гуманизм қағидаттарын қатаң сақтап, адамдарды өлім мен апатқа әкелетін қарулы күштерді қолданбау қажет деп санаймыз.

 

Ұлттық қауіпсіздік пен Республиканың жер тұтастығына төнетін кез-келген қатерлерге тойтарыс беру үшін қорғаныс күштерін ең заманауи техникалық жабдықтармен және «гибридті» қарсы тұру құралдарымен қамту қажет.

 

Сол бағытта, парламенттік партия ретінде, біз барлық басқа да саяси күштермен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.