28
Мамыр

«Ақ жол» демпартиясының делегациясы Қырғызстандағы сайлауға бақылаушы ретінде қатысты

28 мамыр 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі 

Биылғы жылдың 28 мамырында «Ақ жол» ҚДП делегациясы ҚР ОСК-ның шақыруымен №26 Лениндік бір мандатты сайлау округі бойынша Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутаттарының кезектен тыс сайлауына халықаралық байқаушылар ретінде қатысты. 

Делегация құрамына «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұхамед Қырықбаев, «Ақ жол» ҚДП Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абзалбек Сағымбекұлы, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мұхтар Шіміров, Шымкент қалалық мәслихатының VI шақырылым депутаты Нәзипа Мамықова және партия белсенділері кірді.


Сапар мақсаты Қырғыз Республикасының автоматтандырылған сайлау жүйесімен, дауыс беру кезінде дауыстарды автоматты түрде санау принциптерімен танысу болды. Сапар барысында «Ақ жол» ҚДП делегациясы Қырғыз Республикасы ОСК төрағасының орынбасары Н.Койчукеевпен және ОСК-ның басқа да мүшелерімен кездесті. Н.Койчукеев Қырғызстан Республикасының сайлау жүйесі мен дауыстарды автоматты түрде санау үшін қолданылатын технологиялар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. 

Атап айтқанда, биометриялық тіркеу негізінде сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру, биометриялық сәйкестендіру негізінде сайлауға қатысу, дауыс беру нәтижелерінің сенімділігі мен ашықтығы үшін дауыстарды автоматты түрде санау, деректерді жедел жөнелту және АСЖ нәтижелерін көрсету.

№26 Лениндік бір мандатты сайлау округі бойынша Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кезектен тыс сайлауда 29 үміткер бақ сынауда. ОСК мәліметінше, дауыс беру үшін 51 сайлау учаскесі ашылды. 124908 сайлаушының 17425-і немесе 13,95 пайызы дауыс берді. 

Қырғыз Республикасындағы сайлау пропорционалды сайлау жүйесі бойынша өткізіліп, әйелдер мен 35 жасқа толмаған адамдарға, әртүрлі ұлт өкілдеріне заң шығарушы органға сайлану құқығын жүзеге асыру үшін тең мүмкіндіктер беру принципі бекітілген. АОЖ деректері алдын ала болып саналады, кезектен тыс сайлаудың қорытындысы дауыстарды қолмен санау негізінде шығарылады. 


Сонымен қатар, делегация мүшелері Бішкек қаласында орналасқан бірнеше сайлау учаскелерінде болып, дауыс беру барысын бақылады. Қырғыз Республикасының сайлаушыларды тіркеудің бірыңғай жүйесі 2015 жылы енгізілген және Қырғыз Республикасы азаматтарының сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге, халықты биометриялық тіркеуді енгізу арқылы әділ және демократиялық сайлау өткізуге бағытталған.

Саусақ іздері мен бет геометриясына негізделген биометриялық сәйкестендірудің осындай электронды деректер базасын құру сайлаушылар тізімін тез арада қалыптастыруға мүмкіндік беріп, сайлауды бұрмалауға және қайталап дауыс беруге тосқауыл қояды. Қырғыз Республикасының азаматтарын биометриялық тіркеу жеке куәлік алу, азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну, шекарадан өту, әскери қызметке тіркелу, салық төлеу және т.б. процестерге байланған. 


Делегация мүшелері 5 құрамдас бөліктен тұратын сәйкестендіру жабдықтарының жиынтығымен танысты: ноутбук, ID-box, саусақ ізі сканері, веб-камера, термопринтер. Сондай-ақ олар дауыстарды автоматты түрде санауға арналған құрылғы – автоматты оқу жәшігі (АОЖ) жұмысын бақылады. Дауыс беру аяқталғаннан кейін дауыс беру нәтижелерінің алдын ала деректері АОЖ-дан ОСК орталық серверіне автоматты түрде жіберіліп, Ақпаратты сайлау жүйесі (АСЖ) сайтында бірден жарияланады. 

Мұндай сайлау жүйелері әлемнің көптеген елдерінде табысты жұмыс істеуде және сонымен бірге, бюджет қаражатын тиімді үнемдей алады. ТМД елдерінің ішінде мұндай жүйе тек Қырғыз Республикасында ғана енгізіліп, 8 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 

Бұл жүйені әзірлеуші және өндіруші Оңтүстік Корея болып табылады, жүйенің құны шамамен 50 миллион АҚШ долларын құрайды. Осы жылдар ішінде жүйеде ешқандай ақаулар мен бұзылулар болған жоқ, жыл сайын ол жетілдіріліп келеді және Қырғыз Республикасының ОСК қызметкерлері біліктілігін арттыру үшін Оңтүстік Кореяда оқудан өтуде.