09
Шілде

«Ақ жол» демпартиясының төрағасы мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибе алмасу бойынша Қазақстан–Қытай семинарына қатысты

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева Қытай Коммунистік партиясының 105 жылдығына орай ұйымдастырылған мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибе алмасу бойынша Қазақстан-Қытай семинарына қатысты. Шараға саяси партиялардың, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, сараптамалық орталықтардың, бұқаралық ақпарат құралдары мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

Семинарға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Дания Еспаева қытайлық әріптестерін Қытай Коммунистік партиясының 105 жылдығымен құттықтап, алға қойған мақсаттарына қол жеткізе берулеріне сәттілік тіледі.

Ол «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Қытайдың саяси күштері арасындағы ынтымақтастық халықтық дипломатияның маңызды құралы екенін атап өтті. Оның айтуынша, партияаралық диалог мемлекеттік басқарудың үздік тәжірибелерімен алмасуға, заң шығару қызметін жетілдіруге және қазіргі жаһандық сын-қатерлерге бірлескен шешімдер іздеуге ықпал етеді.

Партия төрағасы сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларының маңыздылығына жеке тоқталды. Оның айтуынша, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығы тұжырымдамасы экономикалық, гуманитарлық және мемлекетаралық байланыстарды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашты.

Іс-шара барысында қатысушылар мемлекеттік басқарудың заманауи тәсілдерін, заң шығару қызметін жетілдіру мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан–Қытай ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Сөзін қорытындылай келе Дания Еспаева мұндай кездесулер Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара түсіністік пен достықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

«Бүгінгі семинар елдеріміз бен саяси партияларымыз арасындағы өзара түсіністікті кеңейтіп, достықты нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам болады деп сенемін. Достас Қытай халқына алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп, қарқынды даму мен өркендей беруді тілейміз», – деді Дания Еспаева.