16
Қыркүйек

16.09.2026

«Ақ жол» Демпартиясының депутаты жүргізуші куәлігін алуды ретке келтіруді талап етті

«Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалы

 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары -

Жасанды интеллект және

цифрлық даму министрі

Ж.Х. Мәдиевке 

ҚР Ішкі істер министрі

Е.С. Саденовке


 

«Digital Qazaqstan» жобасын іске асыру жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы «Адамдар емес, деректер жүгірсін» деп нақты айтқан болатын. Алайда, жүргізуші куәлігін алу кезінде бұл қағидаттың жүзеге аспай отырғанын мойындау қажет.

Азаматтар мен автомектептердің хабарлауынша, Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтиханды күту 6 айға дейін созылады. Бос орындар лезде таусылып, жазылу тетігі мөлдір емес: қай орынның кімге және қалай берілгені белгісіз. Тапшылық пен ашықтық жоқ жерде ақылы делдалдар пайда болмай қоймайды.

Мәселені тек мамандандырылған ХҚКО-лардың қолданыстағы мүмкіндіктері есебінен шешу жеткіліксіз. Емтихан өткізу жүйесінің өткізу қабілетін арттырумен қатар, цифрлық жазылу тетігін жетілдіру және мемлекеттік емес инфрақұрылымды заңнамада белгіленген талаптар негізінде пайдаланудың мүмкіндігін қарастыру қажет.

Теориялық емтихан бойынша кезекті азайту үшін мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын ұзарту және қосымша емтихан өткізу орындарын ұйымдастыру мәселесін қарастырған жөн. Бұл ретте Ұлттық тестілеу орталығы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелерінің материалдық-техникалық мүмкіндіктерін пайдалануға болады.

Практикалық емтихан бойынша жағдай бұдан да күрделі. Қазіргі таңда ол негізінен мамандандырылған ХҚКО-лардың автодромдарында өткізіледі. Мысалы, агломерацияны қоса алғанда халқы 2 миллионға жуық Астана қаласында бір ғана автодромның болуы, өткізу мүмкіндігінің шектеулі екенін көрсетеді.

Бұл ретте, жеке сектордың мүмкіндігін пайдалануға болады: көптеген алдыңғы қатарлы автомектептердің өз автодромдары бар. Сондықтан практикалық емтихан қабылдауға қойылатын бірыңғай техникалық, қауіпсіздік және ұйымдастырушылық талаптарды белгілеп, осы талаптарға сәйкес келетін жеке автодромдарды аккредиттеу арқылы емтихан қабылдауға тарту мүмкіндігін қарастыру қажет. Осы тәсілді теориялық емтиханға да қолдануға болады. Емтихан қабылдау тәртібі, бағалау критерийлері, бейнебақылау және нәтижелерді ақпараттық жүйеге енгізу талаптары барлық емтихан қабылдау орындары үшін бірдей болуы тиіс.

Сонымен қатар, емтиханға жазылу кезінде делдалдардың қызметін болдырмау қажет. Осыған байланысты емтиханға жазылуды тек «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы жүзеге асыруды және бос орындарды автоматты түрде бөлудің ашық әрі қорғалған тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл кезекті сатып алу, сатуға жол бермей, емтиханға жазылу мүмкіндігін барлық азаматтар үшін тең қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы Үкіметтен:

1. Мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын сағат 20:00-ге дейін ұзарту және теориялық емтихан өткізуге Ұлттық тестілеу орталығы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелерін қосымша алаң ретінде пайдалану мүмкіндігін қарастыруды;

2. Бірыңғай талаптарға сәйкес келетін жеке автодромдар мен басқа да ұйымдарды аккредиттеу арқылы теориялық және практикалық емтихандарды өткізуге тарту мүмкіндігін қарастыруды;

3. Емтиханға жазылуды eGov және eGov Mobile арқылы ғана жүргізіп, бос орындарды автоматты бөлудің ашық әрі қорғалған тетігін енгізу және делдалдардың қызметін болдырмау жөнінде нақты шаралар қабылдауды сұрайды.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

М. Шынасилова

Д. Еспаева

О. Нұралдинов

А. Қожахметов

Е. Юсупов

Д. Ахметжаев

Ю. Ли

Б. Бибаев