Үкімет пен ЖАП-тың 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы кешегі есебін
тыңдау барысында "Ақ жол" фракциясы бірқатар қатаң сындарын айтты.
Атап айтқанда, біз есептік кезең үшін бюджет бекітілгеннен кейін, ол сол
жылдың ішінде-ақ 12 рет нақтылану мен қайта қарауға ұшырайтынына назар
аудардық. Яғни, қажетті көрсеткіштерге лайықталған. Соның өзінде, негізгі
критерийлер бойынша бюджет еш сын көтермейді.
Мәселен, 01.11.2023 жылы 2024-2026 жылдарға арналған бюджет жобасын бекіту
кезінде Үкімет 2024 жылдан бастап Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы
трансферттерді қысқарту, ал 2025 жылдан бастап олардан мүлдем бас тарту
жоспарын жариялаған болатын. Ол кезде Мәжіліс Ұлттық қор қаржысын үнемдеуге
бағытталған бұл тәсілді қолдаған болатын.
Бұл шешім 2024 жылдың күзінде қайта қаралғанымен, Ұлттық қордың бюджеттегі
рөлі кем дегенде төмендейді деген үміт сақталған еді.
Алайда, шын мәнінде жағдай керісінше болып шықты: егер 2023 жылы мұнай
табыстары бюджет шығыстарының 53,8%-ын қамтамасыз етсе (яғни, қалған 46,2%-ы
Ұлттық қор есебінен жабылған), 2024 жылы мұнай түсімдерінің үлесі бірден 8%-ға,
45,9%-ға дейін азайып, Ұлттық қордан трансферттердің үлесі тиісінше 54,1%-ға
дейін өсті.
Басқаша айтқанда, президенттің экономиканың өндірістік негізін құру талаптары
мен өңдеу өнеркәсібінің үдемелі өсуі туралы үкіметтің есептеріне қарамастан,
Ұлттық қорға тәуелділік (және оны тауысу) күрт артты.
«Ақ жол» фракциясы әрбір бюджетті талқылауда сыртқы қарыздың өсуіне
алаңдаушылық танытып, үкіметтен осы әдетті азайтуды талап етіп келеді: бөтеннің
ақшасын алсаң, өз ақшаңнан қайтаруың керек.
Мемлекеттік органдар бұған құлақ асуға жатырмыз деп те сендіреді.
Бірақ бұл «құлақ асудың» шын мәніндегі көрінісі мынандай: 2023 жылы
Қазақстан сыртқы серіктестерден 251,9 млрд теңге, ал 2024 жылы – одан 6 есе көп
– 1 триллион 400 млрд теңге қарыз алды!
Бұл ретте, ЖАП-тың хабарлауынша, аталған қарыздардың негізгі шарттары –
белгіленген бектілген мөлшерлемелер (пайыздар) мен мерзімдер – ЖАП аудитімен
расталмай отыр. Яғни, оларды бекіту кезінде парламент пен басқа да бақылау
органдары бұл несиелердің еліміз бен оның бюджеті үшін түпкілікті құнына әсер
ететін негізгі шарттарға қатысты жаңылыстырылған болып отыр.
«Ақ жол» фракциясы бұл мәселені бұрын да, «Жолаушылар тасымалы» АҚ мемлекет
кепілдігімен теңгемен-мыс, бірақ кейін белгілі болғандай, еуро бағамына
байлаулы шетелдік несие алғаны анықталған кезде
көтерген болатын.
Көріп отырғанымыздай, бұл тәжірибе тоқтаудың орнына, парламенттік
талаптарды айналып өтудің өзіндік «ноу-хауы» ретінде кеңінен тарады.
Мен ЖАП-тан әрбір осындай несиені дайындауға жауапты лауазымды тұлғаларды
көрсете отырып, нақты осы тектес несиелер туралы ақпарат беруін сұрадым.
«Ақ жол» фракциясының Мәжілістегі жұмысының барлық жылдарында үнемі көтеріп
жүрген келесі мәселесі – бюджет кірісін қалыптастыруға квазимемлекеттік
сектордың қатысуы. 2024-26 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылау кезінде
біздің фракцияның баяндамасын қайта қаузадым, онда соңғы 5 жылда
квазимемлекеттік кәсіпорындар, соның ішінде «Самұрық-Қазына» қоры, ұлттық
компаниялар, олардың еншілес компаниялары және т.б. бюджетке табысының 10
пайызын ғана аударғанын айтқан едік. Олар мемлекетке тиесілі болғанымен,
табысының 90 пайызын парламент бақылауынан тыс, өз қалауы бойынша жұмсайды.
Осыған байланысты былтыр күзде «Ақ жол» фракциясы Бюджет кодексіне барлық
ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың кірісінің 100%-ын міндетті
түрде мемлекет бюджетіне аудару туралы талаптарды енгізген болатын. Бірақ бұл
ұсыныс қабылданбай, бюджетке әлі күнге дейін квазимемлекеттік сектордың тапқан
пайдасының 50%-ы да түспей отыр.
Оның орнына Бюджет кодексіне осы табыстың пайдаланылуы туралы парламентті
«хабарлау» туралы норма енгізілді.
Бірақ бұл талаптың өзі де орындалмай отыр. Осылайша, ЖАП «Самұрық-Қазына»
қорының пайдасына 11 еншілес ұйымнан түскен табыс, сондай-ақ, қаржылық
басқарудан, дивидендтер мен пайыздар және басқа көздерден түскен кірістер
кірмейтінін анықтады.
Оның үстіне, Қордың 2018-2025 жылдарға арналған даму жоспары бекітілгеннен
бері оның орындалуы туралы бірде-бір есеп қаралған жоқ! Осы жылдар бойы Ұлттық
әл-ауқат қоры нақты стратегиясыз, жоспарсыз өмір сүріп, соқыр әрекет етіп
келеді. Немесе толықтай мемлекетке тиесілі екендігіне әрі мемлекет алдындағы
жауапкершілігіне қарамастан еш есеп бермейтін болып тұр.
Үкіметтің 2024 жылға арналған бюджеттің атқарылуы туралы есебінде
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры тобындағы кәсіпорындардың шикізаттық емес
экспорты туралы да ақпарат жоқ. Яғни, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін
дамыту және өндірілген шикізатты қайта өңдеуді тереңдету жөніндегі барлық
талаптарына қарамастан, біздің экономикалық және өнеркәсіптік алпауытымыз
(әртүрлі деректер бойынша ұлттық экономиканың 40 пайызын құрайды) мұнай мен
кенді өндіріп алып, шетелге сатып ғана отыр?
Мемлекеттік органдардың жауаптары көңіл көншітпейді.
Мен көтерілген барлық мәселелер бойынша толыққанды ақпарат беруді сұрадым,
оның ішінде өнеркәсіп пен құрылыстан бастап, білім мен урбанистикаға дейін
барлық салалар бар.
Бұл есептер бойынша фракцияның ұстанымын алдағы талқылау нәтижелері бойынша
анықтайтын боламыз. Әзірге алған әсеріміз көңілсіз.
Назарларыңызға
рахмет!