13
Мамыр

13.05.2026

СӘИЖ жүйесін енгізудегі проблемалар мен бизнесті қорғау үшін жүйелі шешімдердің қажеттілігі туралы

Қаржы министрі

М.Т. Такиевке

 

«Ақ жол» фракциясы депутаттарының жаңа Салық кодексін түсіндіру бойынша Шымкент, Қарағанды және Семей қалаларына жасаған іссапарлары барысында кәсіпкерлер ең жиі көтерген мәселелердің бірі әлі де СӘИЖ жаңа салық кабинетінің жұмысы болып қалуда.

2026 жылдан бастап жаңа салық кабинетіне көшу міндетті болды — енді салық есептілігінің барлық нысандары тек осы кабинет арқылы қолжетімді, ал ескі сервистер кезең-кезеңімен өшірілуде. Алайда жүйенің өзі әлі күнге дейін тұрақсыз жұмыс істейді: есептілік тапсыру кезеңдерінде сервистердің жиі істен шығуы, тоқтап қалуы және қолжетімсіз болуы тіркелуде.

Кәсіпкерлер мен бухгалтерлер келесі нақты мәселелерді атап көрсетуде:

- 1С және басқа бухгалтерлік бағдарламалармен толыққанды интеграцияның болмауы;

- деректер мен файлдарды жаппай жүктеу мүмкіндігінің жоқтығы;

- мәліметтердің бір бөлігін қолмен енгізуге тура келеді;

- өткен кезеңдерге қатысты декларациялар мен салық есептіліктері жүйеге толық көлемде көшірілмеген;

- жеке шоттардағы қалдықтар да дұрыс әрі толықтай көрсетілмейді;

- ескі жүйеде салық төлеуші қателері бар есептілікті тапсыра алмайтын, өйткені жүйе қате деректерді автоматты түрде анықтап, қабылдамайтын болса, жаңа кабинетте мұндай тетіктер жоқ, соның салдарынан қателері бар есептілік жүйе тарапынан қабылдана береді, бұл өз кезегінде кейін санкциялар қолдануға негіз болуы мүмкін;

- сондай-ақ кәсіпкерлердің айтуынша, СӘИЖ кабинетінің техникалық қолдау қызметі де тұрақсыз жұмыс істейді — өтініштер мен қоңыраулар жауапсыз қалуда, кәсіпкерлер өтініштерін «E-otinish» жүйесі арқылы жолдауға мәжбүр, ал бұл жағдайда техникалық мәселелерді шешу мәселесі ұзаққа созылады;

- «Салық есептілігін кері қайтарып алу туралы өтініш» функциясы көшірілмеген, соның нәтижесінде кәсіпкерлер салық органдарына жеке жүгінуге мәжбүр.

Жүйенің өтініш беру күнін өздігінен өзгерткен жағдайлары да кездеседі — мысалы, 2026 жылдың 19 наурызында жіберілген құжат жүйеде 2026 жылдың 16 сәуірінде тапсырылған деп көрсетілген, бұл өз кезегінде есептілік тапсыру мерзімдерін бұзу қаупін туғызған.

Нәтижесінде бизнес жүйенің тұрақсыз жұмысына бейімделуге мәжбүр болып, көп жағдайда есептілікті сервистер біршама тұрақты жұмыс істейтін түнгі уақытта тапсырады.

Осы орайда, Мемлекет басшысы цифрландыру мен салықтық әкімшілендіру кәсіпкерлер үшін қосымша кедергілер мен әкімшілік жүктеме туғызбай, керісінше бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын жеңілдетуі тиіс екенін бірнеше рет атап өткенін еске саламыз.

Шын мәнінде, бүгінгі таңда СӘИЖ — бүкіл ел бойынша және миллиондаған ШОБ субъектілері арқылы сынақтан өткізіліп жатқан жүйе болып тұр.

Биылғы жылдың соңына дейін мұндай жағдайлар бойынша кәсіпкерлерге айыппұл салудан бас тартатынын мәлімдеген Мемлекеттік кірістер комитетінің басшылығының оң қадамын да атап өткен жөн. Дегенмен, бұл жағдай бір реттік емес, жүйелі шешімдерді қажет етеді деп санаймыз.

 

Осыған байланысты «Ақ жол» демпартиясы талап етеді:

1. СӘИЖ жүйесіне тәуелсіз техникалық және функционалдық аудит жүргізіп, оның нәтижелерін, жоба құнын және анықталған кемшіліктерді жария түрде ұсынуды;

2. Техникалық мәселелер толық жойылғанға дейін бұрынғы сервистерді пайдалануға рұқсат беруді немесе анағұрлым жеңіл өтпелі кезеңді қамтамасыз етуді;

3. СӘИЖ жүйесін бухгалтерлік бағдарламалармен толыққанды интеграциялауды, есептілік тапсыру үдерістерін автоматтандыруды, мұрағаттық деректер мен дербес шоттарды дұрыс көшіруді, сондай-ақ бизнеске түсетін жүктемені арттыратын қайталанатын талаптар мен деректерді қолмен енгізуді жоюды сұрайды.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

О.Нұралдинов

А.Перуашев

Д.Еспаева

Е.Барлыбаев

Қ.Иса

С.Ерубаев