ҚР
Премьер-Министрінің
бірінші
орынбасары
Н.Нәлібаевке
Қазіргі уақытта энергетика жүйесін жаңғыртудың негізгі құралдарының бірі
ретінде қарастырылып отырған «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы жүзеге
асырылуда.
Осыған ұқсас бағдарлама 2009–2015 жылдары да іске асырылғанын және сол
кезеңде монополистердің инвестициялық міндеттемелерін орындамай, тариф арқылы
алынған қаражатты мақсатсыз пайдалану фактілері орын алғанын еске салуды жөн
санаймыз.
Атап айтқанда, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының депутаттық
сауалдары мен уәкілетті органдардың жауаптары аясында 2012 жылы төмендегідей
жайттар анықталған болатын:
«Екібастұз ГРЭС-2» АҚ шамамен 1,5 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық
міндеттемелерін орындамаған;
«Өскемен АЭС ГЭС» ЖШС инвестициялық тарифтің 2,2 млрд теңгесін дивиденд
төлеуге жұмсаған;
«Шүлбі АЭС ГЭС-і» ЖШС де дәл осылай жаңғыртуға инвестиция салудың орнына
акционерлерге шамамен 2,7 млрд теңге төлеген және тағы басқа.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы қазіргі жағдайда өткен жылдардың
тәжірибесінен қорытынды шығарып, бағдарламаның тиісті деңгейде орындалуына және
алынған қаражаттың энергетиканы жаңғыртуға ашық түрде бағытталуына нәтижелі
бақылауды қамтамасыз ету қажет деп санайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 5 қаңтардағы сұхбатында
тарифтерді жасанды түрде төмендету экономикалық әрі әлеуметтік тұрғыдан
негізсіз екенін атап өткен болатын. Шынында да, ешбір тауар немесе қызмет
өзіндік құнынан төмен бағамен ұсыныла алмайды.
Сондықтан салада қолға алынып жатқан шаралардың нарықтық сипатта болып,
нақты инвестициялар мен жүйені жаңғыртуға алып келуі аса маңызды.
Үкімет пен Энергетика министрлігі тарапынан саладағы тәртіпті жолға қою
және тұрақты жұмысты қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып
жатқанын мойындау қажет. Мұны бірқатар ірі энергетикалық нысандарда жүргізіліп
жатқан жаңғырту жұмыстары мен өткен жылыту маусымында төтенше жағдайлардың
қайталанбауы айғақтайды.
Дегенмен, кейбір мәселелер бойынша қабылданып жатқан шаралар әзірге тиісті
нәтиже берген жоқ. Атап айтқанда, Бірыңғай сатып алушы және электр энергиясының
теңгерімдеуші нарығы моделін енгізу тариф қалыптастырудың ашықтығын төмендетті.
Кей жағдайларда жаңғырту жүргізудің орнына тартылған қаражат ескі жабдықтардың
жұмыс қабілетін сақтауға жұмсалуда.
Электр энергиясы нарығындағы делдалдар, яғни теңгерімдеуші нарықтағы
провайдерлер де алаңдаушылық туғызады. Олар іс жүзінде ештеңе өндірмей-ақ табыс
табуда. Бұл саланың ішінде айтарлықтай резервтердің бар екенін, тиісті басқару
болған жағдайда, мұндай ресурстар тарифтерді қосымша көтермей-ақ жаңғыртуға
бағыттала алатынын көрсетеді.
Тіпті жаңғырту жұмыстары табысты жүргізіліп жатқан мысалдардың өзінде, ірі
компанияларға тиесілі нысандардың кей жағдайда неге бюджет қаражаты есебінен
жаңғыртылатыны және бұл шығындардың қандай бөлігін өз инвестициялық тарифтері
арқылы алынған қаражатпен өтелетіні жөніндегі сұрақтар әлі де ашық күйінде
қалып отыр.
Сондай-ақ бақылаудың ашықтығы күшейтілмесе, өткен жылдардағы келеңсіз
тәжірибенің қайталану қаупі сақталатынын ерекше атап өтеміз. Бұл жерде 2023–24
жылдары станцияны қалпына келтіру барысында ірі көлемдегі жымқыру бойынша
кәсіпорын басшылығы мен қала әкімі жауапкершілікке тартылған Риддер ЖЭО-дағы
жағдайды еске салуға болады.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы «Инвестиция орнына тариф»
бағдарламасының іске асырылу барысына, соның ішінде тариф қалыптастырудың
ашықтығына тиісті бақылауды қамтамасыз етуді ұсынады және төмендегі ақпаратты
жолдауды сұрайды:
1.
Қазіргі
уақытта энергетика саласын жаңғырту жұмыстары қалай жүргізілуде, негізгі
нысандардағы жабдықтарды жаңарту мен қуаттарды кеңейту бойынша қандай
нәтижелерге қол жеткізілді?
2.
Аталған
мақсаттарға қазіргі бағдарлама басталғалы бері қанша қаражат жұмсалды, оның
қандай бөлігі мемлекеттік бюджеттен бөлініп, қандай бөлігі компания иелерінің
инвестициялары есебінен қаржыландырылды?
3.
Қазіргі
«Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында энергетика саласындағы
монополистер инвестициялық тариф желісі бойынша қанша қосымша қаражат алды?
4.
Саланы
жаңғыртуды аяқтау үшін тағы қандай көлемде қаражат қажет, бұл шығындарда
аталған бағдарламаның үлесі қандай болмақ, оның қандай бөлігі бюджет есебінен
қаржыландырылмақ?
5.
Монополистер
өздеріне тиесілі нысандарды жаңғыртуға бюджеттен бөлінген қаражатты өтеуді
жоспарлап отыр ма, қандай түрде және
қандай мерзімдерде?
Құрметпен,
«Ақ
жол» фракциясының депутаттары
Е.Барлыбаев
А.Перуашев
Д.Еспаева
Қ.Иса
С.Ерубаев
О.Нұралдинов