21 қараша 2022 жыл, «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі
Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының отырысы өтті. Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың басқаруымен өткен жиынға «Ақ жол» партиясы парламенттік фракциясының депутаттары, Ұлттық кеңестің мүшелері, орталық аппараттың қызметкерлері мен бейне байланыс арқылы өңірлердегі партия филиалдарының жетекшілері мен мәслихат депутаттары қатысты.
«Ақ жолдықтар» фракция отырысында өткен президенттік сайлауға жоғары баға беріп, коалиция ұсынған ортақ кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңісімен құттықтады.
Жиын аясында «Ақ жол» лидері Азат Перуашев елімізде өткен президенттік сайлаудың әділ өткенін атап өтіп, бұл науқанға «Ақ жол» мүшелерінің үлкен еңбек сіңіргенін жеткізді.
- «Баршаңызды сайлау нәтижесімен құттықтаймын. Халықтық коалиция атынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы басым дауыспен айқын жеңіске жетті. Бұл нәтижеде әрқайсымыздың зор үлесіміз бар деп білемін. Еліміз қаншама лайықты азаматтарға бай болса да, бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлымен саластыратын альтернатива жоқ. Бұны қантар оқиғасында да, конституциялық реформа арқылы да, тіпті, Санкт-Петерборда өткен экономикалық форумда да Қ.Тоқаев арандатушыларға қайтарған жауаптарымен-ақ дәлелдеді. Сонымен қатар, оның экономикадағы монополиясыздандару, адал бәсікелістікке жол ашатын, әділ салық саясаты мен отандық өндірісшілердің мүддесін қолдауға арналған бастамалары Мемлекет басшысының сөз жүзінде ғана емес, нақты істерде де шын прогресшіл, ұлттық мүддемізді, нарықтық экономикамызды қолдайтындығын нық дәлелдеді. Осы науқанға ат салысқан баршаңызға көп рахмет айтқым келеді. Кешегі өткен сайлау - бұл үлкен жұмыстардың, түбегейлі өзгерістердің тек бастамасы ғана», - деді Азат Тұрлыбекұлы.
Сонымен бірге, Азат Перуашев Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынған жалпыхалықтық коалицияның барлық мүшелеріне, оның ішінде «AMANAT» және Қазақстан Халық саяси партиялардың жетекшілеріне алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев (https://t.me/dashimbayev/3278) халықтық коалиция атынан ел арасында да ең әсерлі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген үш саяси қайраткерді атаған болатын. Олар - Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев пен «Ақ жол» лидері Азат Перуашев.